Француз әнұраны шырқалған соң Олимпиадаға қатысқан командалардың туын көтерушілер алаңға шықты. Қазақстан Туын таэквондошы Батырхан Төлеуғали мен гимнаст Елжана Тәниева алып шықты.
Байрақты бәсекенің барлық медалі сарапқа салынып, АҚШ 40 алтын, 44 күміс, 42 қоламен командалық есепте топ жарды. Ал екінші орын Қытай құрамасына бұйырды. Үздік үштікті Жапония түйіндеді. Қазақстан 43-орынға тұрақтады. Соңғы жарыс жолына жерлестерімізден Әлішер Ерғали мен Жанна Мамажанова шыққан еді. Еркін күрес шебері жұбаныш белдесуінде ирандық спортшыға 1:6 есебімен есе жіберді. Ал марафоншы аруымыз 2 сағат 30 минут 51 секунд көрсеткішімен 33-орынға тұрақтады. Осылайша, Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасын 43-орынмен аяқтады. Ел қоржынында бір алтын, үш күміс және үш қола. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі Токио ойындарында ел спортшылары тек 8 қоламен шектелген болатын. Ал Қазақстан үшін ең жақсы көрсеткіш Атланта және Лондон олимпиадаларында тіркелген еді.
Қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарында спорттың 25 түрінен сынға түсті. Еліміздің атынан 80 спортшы 92 жолдама жеңіп алған болатын. Қазақстандық спортшылар бокс, дзюдо, спорттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату, теннистен сынға түсті. Сондай-ақ олар велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі, құзға шығу және брейкингтен жарыс жолына шықты.
Алтын жүлдені Олимпиаданың алғашқы күні ел қоржынына дзюдодан Елдос Сметов (60 келі) салды. Қазақстандық балуан осылайша ел құрамасынан Олимпиадада үш мәрте медаль алған спортшы болды. Ол 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміске қол жеткізсе, 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола алды.
Ал күміс жүлдені спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен Демеу Жадыраев (77 келі) және бокстан Нұрбек Оралбай (80 келі) қоржынға салды. Сондай-ақ нысана көздеуден командалық жарыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле (тапаншамен 10 метрден ату), дзюдодан Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) және әйелдер боксынан Назым Қызайбай (51 келі) қола медаль жеңіп алды.
Кеше Париж Олимпиадасында бокстан күміс жүлдеге ие болған Нұрбек Оралбайды Астана халықаралық әуежайында қарсы алуға жанкүйерлері, туысқандары және БАҚ өкілдері жиналды.
«Өкінішке қарай, екінші орын болып қалды. Сіздер үшін алтын алғым келіп, қазақ елін қуантып, Әнұранды шырқатқым келген еді. Осы жолы бұйырмапты. Келесі Олимпиада ойындарында барымды салып, Алла қаласа, елге абыроймен оралып, қазақ елін қуантам деп ойлаймын», – деді боксшы әуежайда күтіп алған қазақстандықтардың алдында.
80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрбек үшін Париж рингі финалға шығып, күмісті қанжығасына байлаған алғашқы Олимпиада болды.
Сонымен қатар сол күні әйелдер боксынан 50 келі салмақта жұдырықтасып, қола жүлдегер атанған Назым Қызайбай да елге оралды. Боксшы қызды туыстары мен жанкүйерлері Алматы әуежайында салтанатты түрде күтіп алды. Спортшы әуежайға келіп, домбырамен ән салып, шашу шашып қарсы алған жақындары мен жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
– Жеңіске жеткенімді енді ғана сезініп жатырмын, халық өзі күтіп алуда. Барша жанкүйеріме мың алғыс. Барлық жағынан қолдаулары сезілді. Бүкіл қазақ елі сенімін білдірді. Бауырларым, ата-анам, әкемнің ауылдастары да маған үлкен сенім артты. Сондай-ақ италиялық жанкүйерлер де қолдау көрсетті, – деді боксшы Н. Қызайбай.
Айта кету керек, биыл Олимпиада рейтингінде үздік ондық жаңарды.
Париж Олимпиадасында қоржынға жүлде салмаса да, кей отандық спортшыларымыз үздік ондыққа енді. Спорттық құзға өрмелеу шебері Әмір Маймұратов жылдамдық бойынша сынға түсіп, рекорд өзгерткен алғашқы спортшы болды. Бірақ артынша бұл көрсеткіш те жаңарды. Ол Олимпиаданың ширек финалына жетіп, жазғы ойындардан бесінші орын алды. Шпагамен семсерлесуден Қазақстан командасы Олимпиадада алғашқы алтылыққа енді. Ширек финалда біздің спортшылар Венгрияға жол беріп, кейін Египетті жеңді. Ал бесінші орынға таласта Италия құрамасынан жеңіліп, Париж ойындарын алтыншы орынмен тәмамдады. Командалық сында Қазақстан намысын Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Эльмир Алимжанов пен Вадим Шарлаимов қорғады. Біздің нояндар алғаш рет командалық сын бойынша Олимпиадаға қатысып отыр. Сонымен қатар шпагамен семсерлесуден жекелей сында қазақстандық Руслан Курбанов алтыншы орын алды. Бұл да отандық семсерлесу тарихындағы үздік нәтиже. Сондай-ақ бокстан Қазақстан командасының мүшелері де алғашқы ондыққа кірді. Нұрбек Оралбай күміс медаль алса, Сәкен Бибосынов (51 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) бесінші орын иеленді. Махмұд Сабырхан (57 келі) мен Қамшыбек Қоңқабаев (92 келі) тоғызыншы орында. Грек-рим күресінің шеберлері Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) пен Әлімхан Сыздықов (130 келі) тиісінше жетінші және сегізінші орын алды. Еркін күрес шебері Әлішер Ерғали (97 келі) да жетінші орында.
Айта кетейік, келесі жазғы Олимпия ойындары 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ