Қарқаралы ауданының прокуратурасы тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша экологиялық заңнаманың сақталуына тексеру жүргізді. Нәтижесінде, «Алтай Полиметаллы» ЖШС сарқынды суларды ашық жерге ағызатыны анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Осыған байланысты тексеру өткізу үшін аудан прокуроры облыстық Экология департаментіне шағым жолдаған.
– Нәтиже кәсіпорынның Экологиялық кодекс нормаларын бұза отырып, мемлекеттік экологиялық сараптамасыз және қалдықтарды қоршаған ортаға шығаруға рұқсатсыз жұмыс істегенін көрсетті.Қарқаралы аудандық соты компанияны кінәлі деп танып, оған ҚР ӘҚБтК-нің 332-бабы 1-бөлігі және 328-бабы 1-бөлігі бойынша 313,9 млн теңге айыппұл салды, – делінген облыстық прокуратура мәліметінде.
Сонымен қатар сот орындаушысы Серіктестіктің ағынды суларды биологиялық тазарту кешенінің жұмысын бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтатты.