Өнер иесі қоғам қайраткерімен биліктен кеткен кезінде жақсы араласқан екен. Бұл туралы әнші Бибігүл Төлегенова Динара Сәтжанға берген сұхбатында айтып берген.
Оның айтуынша, саясаткер екеуі шай үстінде көп сырласқан. Тіпті, Дінмұхамед Қонаевтың өзіне ағалық қамқорлық танытып, ақыл-кеңесін бергенін айтты.
"Қонаев биліктен кетіп қалған кезде де араластым. Әйелі қайтыс болғанда жалғыз қалды. Үйінде жалғыз өзі тұратын. Басынан ауыр кезең өтіп жатқанын көріп, жүрегіміз ауырды. Ол кісінің күзеті болды. Оған сегізге дейін ғана кездесуге рұқсат берілген. Сағат сегіз болғанда күзет келіп, кездесу уақыты аяқталғанын айтатын.
Бір рет өзі маған қоңырау шалды. Әбден іші пысқан болу керек. "Бибігүл, қызым сен бойдақтардың шайын ішкің келмейді ме?" деді. Сол сәтте концерттен енді келгенмін. "Уақытың болса, үйге кел" деп шақырды. Қызметте болғанда киімі бәрі үтіктелген сондай беделді кісі еді. Ал үйінде қарапайым адам. Бірге отырып шай ішіп, көп әңгімелесетін едік. Ол кісі маған "ешқашан ешкімді жамандама, ешкім туралы жаман сөз айтпа. Айтсаң жақсы жағын айт. Болмаса үндеме" дейтін. Маған олай неге айтқанын ақыры білмей кеттім", – деді Төлегенова.