Қазақстан оңтүстігінің көптеген тұрғындары, әсіресе алматылықтар Ыстықкөлде демалғанды ұнатады. Алматы көлден небәрі 80 шақырым қашықтықта орналасқан, бірақ аралығында Іле Алатауы тау жотасы орналасқан. Сондықтан саяхаттайтын туристер тауларды айналып өтіп, Бішкек арқылы межелеген жерге жетуге мәжбүр. Бұл шамамен 460 шақырым маршрутты құрап, кем дегенде 6 сағат жолды алады. Бірнеше жылдан бері Қазақстан мен Қырғызстан арасында қысқа жол салу туралы келіссөздер жүргізіліп келеді. Бұл жағдайда сапар әлдеқайда уақыт үнемдейтін еді.
Қазір тараптар жаңа жолдың бірнеше ықтимал жобаларын қарастыруда. Олардың екеуі ерекшеленеді. Біріншісі – батыстағы тауларды айналып өтіп, ұзындығы шамамен 90 шақырым жол салу. Бұл жағдайда жалпы маршруттың ұзындығы шамамен 260 шақырымды құрайды, ал екінші жоба – Алматыдан оңтүстікке қарай тау үстімен жол салу. Осы екі жобаның да қай кезеңде екенін және неге Қырғызстанда бірінші нұсқаны таңдағанын Taspanews білді, - деп хабарлайды Aykin.kz.
Батыс арқылы өтетін жол
Азия даму банкінің өкілі, АБЭД (Алматы–Бішкек экономикалық дәлізі) ұлттық үйлестірушісі Кылычбек Джакыпов Ыстықкөлде өткен өңірлік инвестициялық кеңестің бірінші отырысында бірінші нұсқа іске асырылса, Қазақстан мен Қырғызстан бұдан қандай пайда көретінін айтты.
2020 жылы дайындалған есептің деректеріне сілтеме жасап, Джакыпов жоба Қазақстанның ЖІӨ-на жылына қосымша $31-91 млн әкелетінін мәлімдеді. Қырғызстанға бұл идеяны жүзеге асыру одан да көп пайда әкеледі – елдің ЖІӨ-на жылына $53-194 млн түседі.
"Баламалы жолмен қамтамасыз етілетін экономикалық өсудің маңызды аспектісі халықты жұмыспен қамту болады. Қонақүй бизнесінде Қырғызстанда қосымша жұмыс орындарының жартысына жуығы және Қазақстанда 25-35%-ы пайда болады", – деді ол.
Джакыпов бұл сомалардың 60%-ы "тікелей пайдадан" түсетінін және жол екі елден де туристерді көбірек тартатынын, демек, бұл туристік салаға қосымша инвестицияларды қажет ететінін атап өтті.
Ол табыстың 40%-ын "жанама пайда" деп атады. Туристер санының өсуіне байланысты олар тұтынатын тауарлардың саны да артады. Нәтижесінде, екі ел жеткізілімдерді дамыта алады, соның ішінде ауылшаруашылық саласында да.
Тікелей жол
Тікелей тау үстімен өтетін жолға келетін болсақ, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі "қазіргі уақытта Алматы-Ыстықкөл жолын салу жобасы қаралу сатысында тұрғанын" айтты.
"Осы жобаның экономикалық жағынан орындылығы мен өтелуі тексеріледі. Талдаудың барлық қажетті кезеңдері аяқталғаннан кейін осы мәселе бойынша шешім қабылданады", – деді ведомствода "қазіргі уақытта жоба талқылау сатысында тұр" деп түсіндіріп.
Министрлік бұл жобаны іске асырудағы маңызды мәселе – "Қазақстан мен Қырғызстан арасында жобаны бөле қаржыландыру " екенін нақтылады.
"Жобаның қаржылық құрылымы екі ел мен басқа да мүдделі тараптар арасындағы экономикалық жағдайдың қолайлылығы мен келіссөздерге егжей-тегжейлі талдау жүргізілгеннен кейін айқындалатын болады. Жобаның экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету шеңберінде оның өтелуіне мұқият бағалау жүргізіледі. Сарапшылар ықтимал пайда мен тәуекелдерді талдайды, сонымен қатар шығындарды оңтайландыру және инвесторларды тарту шараларын әзірлейді. Жоба бойынша шешім қабылданғаннан кейін оның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін нақты стратегиялар әзірленетін болады", – деп қосты ведомство өкілдері.
Министрліктің баспасөз қызметі "жол салу туралы оң шешім қабылданса" ғана техникалық мәселелермен айналыса бастайтынын атап өтті. Содан кейін "маршрут, туннель құрылысы және өзге де құрамбөліктер" ойластырылатын болады.
"Егер жоба мақұлданса, біз қоршаған ортаны қорғау және құрылыс бағытындағы экологиялық жағдайды сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз. Біз ықтимал тәуекелдерді мұқият талдаймыз және табиғатқа кері әсерді азайту және жобаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи технологиялар мен тәжірибелерді енгіземіз", – деп уәде етілді.
Сонымен қатар "қоршаған ортаға әсерді азайту үшін заманауи құрылыс технологияларын қолдану және экологиялық жағдайды бақылауды қоса алғанда, арнайы шаралар әзірленуде". Министрлік "аймақтың табиғи ландшафты мен биоәртүрлілігін сақтау бойынша шаралар қабылданады" деп қорытындылады.