Тарихын жоғалтқан семейліктер: мемлекет қорғауындағы ғимараттар құрылыс астында қалмақ

Семейдегі өлкетану қоғамы "сақтап қалуымыз тиіс" деген бұрыннан қалған, ескі ғимараттардың тізімін жасап шыққан.

«Бір ел өзінің тарихын жоғалтса, артынша өзі де жоғалуы мүмкін» деген Семейдің өлкетанушылары қала ішіндегі көне ғимараттарды сақтап қалуға күресіп жатыр. Олардың айтуынша, халықтың қызығушылығын оятатын тарихқа толы, көне де көрікті ғимараттардың тізілімі ұсынылған. Соның арасында шаһардың қақ ортасында орналасқан тарихқа тұнған қаншама ғимарат жекеменшікке өтіп, сатылып кеткен. Көбісі қараусыз, қажетсіз қалса, кейбірінің құжаты ұшты-күйлі жоғалған. Енді бірі сол ғимараттарды көпқабатты тұрғын үй салу мақсатында құлатып, жермен жексен етілуде. Бұл мәселе бұған дейін де айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ Семей қаласы Абай облысының орталығына айналғалы құрылыс нысандары үдей түсті. Осы мәселені «Прииртышье» өлкетану қоғамының төрағасы Марат  Сасанов айтып берді.

– Семейдегі ескі ғимараттың көбісін бұзып, орнына көпқабатты үйлер салынып жатыр деген рас па? Оның арасында бұзылмауы тиіс ғимараттар да бар ма?

Шынымен, бұл – өте күрделі мәселе. Әсіресе, қала аймағында толассыз құрылыс жүріп жатқаны анық. Соның ішінде құрылыс компаниялары өздерінің көпқабатты үйлерін қаланың орталығынан салуға тырысып бағуда. Біріншіден, орталықта инфрақұрылым жақсы дамығандықтан, құрылыс жұмысы тез бітеді. Екіншіден, пәтерді қымбат бағаға сата алады. Сондықтан ескі үйлерді сатып алып жатқандар өте көп. Салдарынан біртұтас кварталдарды жермен жексен етіп, құлатып жатыр.

Ондай кезде ғимараттың елге берері бар ма, жоқ па қызық емес. Оның тарихына да ешкім үңілмейді. Тіпті, қаланың көркін бұзып тұр ма, әлде өң беріп тұр ма, бұған да қарамайды. Бар көздегені – құрылыстан пайда табу. Бұрынғы кездің өзінде екі көшенің қиылысында, бұрышта орналасқан ғимараттар қаланың көркін, сәнін береді деп саналатын. Және соларды сақтап қалуға тырысатын. Ал бүгінде олар құлату керек деген тізімнің басында тұр. Себебі бұл жер құрылыс компаниялары үшін табысын ұлғайтуына үлкен мүмкіндік.

– Сіздер жасаған тізілімде қанша ғимарат бар?

Өлкетану қоғамы ретінде қолымыздан келгенін аянбадық. Реестр жасап, 50-ден астам ескі ғимарат жинақталды. Мұнда тек тарихи ескерткіш емес, біз үшін өте көрікті деп табылатын ғимараттар да таңдалды. Арасында тарихымызға құнды деп саналатын нысандарға ескерткіш мәртебесін әперуге тырысып жатырмыз. Жекеменшіктің қолына өтіп кеткендердің иесімен сөйлесіп, ғимаратының баға жетпес дүние екенін түсіндіру жұмысын жүргізіп, жойылуынан сақтауға тырысып бақтық. Кез келген көнекөз ғимарат өлкетанушының қызығушылығын оятатыны анық. Біріншіден, архитектуралық тұрғыда әдемі көрінсе, екіншіден, қаладағы туризмнің көзіне айналуы мүмкін. Десе де, бұл үйлерде белгілі бір тұлғалардың тұрғанын дәлелдеп, көрсетсек те, көпшілік тарихи оқиғаның куәсі ретінде сақтап қалуға тырыспайтыны бізді қынжылтады.

– Тарихи-мәдени мұра мәртебесі қандай нысандарға берілмеді? Ең әуелі қайсысына берілуі тиіс?

Біздің құрған тізілімнің ішінен қай-қайсысы да соған тұрарлық дүние. Дегенмен тарихи ескерткіш мәртебесін беру керек деп 5-7 ғимаратты атай аламыз. Олар дәл құрылыс жүріп жатқан жерлерде орналасқан. Әзірден қолға алмасақ, қас-қағым сәтте құрылыстың астында қалады. Әуелі құрылыс жүріп жатқан маңдағы үйлерді сақтап қалуға тырысып жатырмыз.

– Семей ескі қаланың бірі ғой, ол жақта бұрыннан қалған көмескілеу ғимарат өте көп. Соның арасында ең көнекөз нысанға қанша жыл, беріде қалған үйдің өзіне неше жыл?

Қаладағы ескі ғимараттың көптігі сонша, нақты санына әлі жетпедік. Оның ең көнесін де анықтау қиын. Семейдің өзі екі жерге табан тіреген. Алғашқыда қала мүлдем басқа жерде орналасқан, кейін VIII ғасырда Семейдің қазіргі тұрған орнына көшіріліп, дами бастаған. Сол себепті бекіністің қоршауына жақын орналасқан ғимараттарды қарау керек. Нысанның ең ескісі – солар. Бірақ ол жайында архивтерде ақпарат жоқтың қасы. Табылса да  көп материал Алматыдағы қалалық архивте болуы мүмкін. Салдарынан қазір қандай да бір ғимарат жайында ақпарат ала алмай, қолымыз байлаулы. Бір ғана «Татар свободасы» деп аталатын татар аумағының өзінде 100-ден аса үй бар. Арасында ағаштан, тастан соғылған ғимараттар қаншама?! Ағаштан соғылған кішкентай ғана мешіт өзгешелігімен көзге түседі. Үйлерінің өзі қалпын жоғалтпаған. Ескі үйдің көптігі сонша бәрін бірдей қарап та үлгермейміз. Оның тарихы ғана емес, архитектура жағынан ең көрікті әрі әдемісін таңдап, сақтап қалуға тырысамыз. Тапқанның өзінде тарихи-мәдени мұраның мәртебесін әперу оңай емес.

– Оларды сақтап қалу үшін не істеуіміз қажет?

Ең қиыны – осы. Ғимаратты сақтап қалу үшін не істеу керек, қалай істеген дұрыс деген нақты қалыптасқан жүйе жоқ. Алдымен, үйдің иесімен немесе билікпен сөйлесіп, мән-жайын анықтаймыз. Кейбір ғимараттың иесі оны ұстап тұрудың өзін ауырсынып, қаржының жетіспеушілігін сылтау етеді. Енді бірі сатып жіберуі мүмкін. Тағы бірінің құжаты болмай шығады. Көзге көріне бермейтін, ұсақ-түйек жұмысы көп.

– «Сақтап қалуымыз тиіс» деген ғимараттар қайсысы?

Қандай дейсіз бе, әуелі қирап, құлағалы тұрғанды сақтап қалуымыз керек.  Бар күшімізді соған салдық. Ал әлі қалпын жоғалтпаған нысандарды әзірге шетке ысырдық. Мысалы, Найманбаев, 187 мекенжайы бойынша орналасқан қаладағы саудагердің үйі бар. Өз ішімізде бұл ғимарат «бақытсыз сарай» деп аталып кеткен. Шет-шеті құлап, бұзылып жатыр. Тіпті, жартысы жойылып бітті. Бұл ғимаратты 2021 жылы құртып жібермек болған, шырылдап жүріп, 2023 жылы аман алып қалдық. Енді ғимараттың иесі эксперттік комиссияны шақырып, жөндеуге келмейді деген шешім шығартып, оны біржола көзін жоймақ. Әрине, қабырғаның шет-шеті үгітіліп, құлап жатқанын тоқтата алмаймыз. Үйдің иесімен де, әкімдікпен де байланысып, сақтап қалудың жолын іздеп жатырмыз. Екіншісі – завединституттың ғимараты. Оның бір жақ қабырғасына топырақты үйіп тастаған, салдарынан екінші жақ беті құлап, түсіп жатыр. Соны не істерімізді білмейміз. Ғимарат бұзылса, оны қалыпқа келтіру шығыны да көбейеді. Ең қызығы, осы екі ғимарат тарихи-мәдени мұра ретінде мемлекеттің қорғауында.

Тарихи ескерткішті дұрыс күтпеуінен қирап, бүлінсе, заң жүзінде жауапқа тартылады. Қылмыстық іс бойынша қаралуы да ықтимал. Үкімет осы мәселені қолға ала ма, жоқ па? Енді оларға не істемек? Осыны білгіміз келеді. Мемлекет қорғауындағы ғимараттар осындай күйге түсіп жатқанда, жай үйлер тарихына қарамастан, қадірі қалмады. Ғимараттың иесі оны жаңалай ма, құлатып, бұзса да, сатса да өзі біледі. Сондықтан осындай нысанды сақтап қалатындай әлі де болса елімізде жүйелілік жоқ.

«Прииртышье» өлкетану қоғамының жұмыс істеп жатқанына 20 жылдан асты. Осы аралықта қандай жұмыстар істелді?

– Дұрыс айтасыз, «Прииртышье» өлкетану қоғамы осыдан 20 жыл бұрын құрылған. Семейліктердің бастамашыл тобына маңыздысы – қаланың әдемілігі ғана емес, оның тарихын сақтап қалу. Қазір қатарымыз толысып, барлығы 45 адам жұмыс істейді. Оған қоса әр уақытта көмек қолын созып, атсалысып жүрген жанашыр достарымыз бар. Қауымдастықтың жұмысын жүргізіп, тағы 25 шақты адам дамуына үлес қосуда. Негізгі жұмысымыз экспедициялық сапардан тұрады. Толыққанды ақпаратын жинастырып, ғылыми мақала жазу үшін бас-аяғы зерттеледі.  

Екіншіден, артефактілерді мұражайға тапсырамыз не болмаса өзіміздің мұражайда қалдырамыз. Табылған құнды мәліметтерден материал әзірлеп, газет-журналдарға жариялап, жинақталған кітап та шығарылады. Оқушылармен кездесу өткізіп, түрлі лекциялар оқып, көрмелер ұйымдастырылып отырады. Білім ордаларында қандай да бір тақырып талқыланып, талданады. Абай атындағы облыстық кітапханада әр үшінші аптаның жексенбісінде, айына бір рет «Өлкетану қонағы» атты жобамыз өтеді. Оған кез келген жан қатыса алады. Алдын ала қандай тақырып қозғап, нені талқылайтынын хабарлап отырамыз.

Әңгімеңізге рақмет!