TikTok-та құмар ойын ұйымдастырғандар сотталды

Кінәлілер құмар ойын арқылы 34 млн теңгеден астам табыс тапқан.

 TikTok  әлеуметтік желісінде құмар ойындарын ұйымдастырғаны және өткізгені үшін кінәлілер сотталды,  деп хабарлайды Aikyn.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап. 

Сот үкімімен 2 астаналық азамат Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс жерлерде құмар ойындарды ұйымдастырғаны және өткізгені үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды. 

– Кінәлі тұлғалар  TikTok әлеуметтік желісінде құмар ойын ұйымдастырып, жалпы сомасы 34 млн теңгеден астам табыс тапқан.

Ойынның шартына сәйкес, тікелей эфирге қосылған азаматтар 500-ден 4 000 теңгеге дейінгі мөлшердегі белгіленген соманы ұйымдастырушының есепшотына есімін және ұтыс алу үшін жеке телефон нөмірін көрсете отырып жолдайды. Бір ойын тек екі қарсыластың арасында өтеді.

Бәс жеңімпазы 3 ойын текшесін айналдыру арқылы анықталады. Ең көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз атанады, – делінген прокуратура хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енді.