Қызылорда облысында сыныптастары жезөкшелікке салған қыздың адвокаты Гүлайхан Тұрсыманова баспасөз конференциясында істің мән-жайын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
«Бізге жәбірленуші қызды қорғауға ұсыныс келіп түсті. Қызылордаға барып, қыздың анасымен, қыздың өзімен сөйлестік. Қыздың жағдайы нашар, байланысқа әрең шығады. Дегенмен, біз онымен сөйлестік. Қылмыстық іс 134-бап бойынша қозғалды. Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікке бір топ адамның мәжбүрлеуі бойынша қаралады. Біз де өз тарапымыздан мәселенің мән-жайын қарастырып жатырмыз. Бүгін сотқа күдіктілерді үйқамақта ұстауға қатысты апеляциялық шағымды қарастырамыз. Қалған ақпаратты қылмыстық іс аясында жария ете алмаймыз», – дейді Гүлайхан Тұрсыманова.
Еске салсақ, Қызылорда облысында жас қызды сыныптастары жарты жыл құлдықта ұстап, жезөкшелікке салғаны қазір елде резонанс тудырған жағдайға айналды. Бұл туралы алғашқы ақпаратты НеМолчи қоры жазған. Қордың дерегінше, қатарластары оқушы қызды секс-құлдықта ұстап, айына кемі 3-4 млн теңге пайда тауып отырған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.