Елдік пен патриотизмге толы шараның басты мақсаты – «Халық қаһарманы», қазақтың аты аңызға айналған тұңғыш әрі жалғыз ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың ерлігін ұлықтау мен оған арналған әннің тұсаукесері болды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісованың «Ер есімі – ел есінде» атты авторлық әндер кешіне жиналған көрерменнің қарасы қалың болды. Олардың басым бөлігі – кезінде түрлі жағдаймен Ресейге қоныс аударған, тағдыр талайымен сол жақта қалған қазақтар. Мәскеуде білім алып жүрген қазақстандық жастар да осы кештің басы-қасынан табылды. Көрші елде тұрып жатқан қырғыз, өзбек, татар, қарақалпақ секілді өзге ұлт өкілі де аталған концертті тапжылмай, ұйып тыңдады.
Сахна шымылдығын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Бейбіт күн тілегі» әнімен ашқан Сәуле Стаханшылқызы осынау кештің маңызы ерекше екеніне тоқталды:
– Біз бейбіт күнді мәңгілікке қанымен, жанымен сыйлап кеткен, жеңіс күнін жақындатқан, қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Мәскеу төріндегі бүгінгі кеш – сол батыр бабаларымызға арналған тағзым кеші болмақ, – деді әнші, композитор.
Бұдан соң экраннан көрермендерге «Халық қаһарманы» Хиуаз Доспанова туралы шағын бейнефильм көрсетіліп, даңқты ұшқыштың құрметіне арналған Сәуле Жанпейісованың «Хиуаз» әнінің тұсауы кесілді. Осы әннің сөзін жазған Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері, ақын Нұрсұлтан Мықтыбай кешке арнайы қатысып қана қоймай, аталған кештің тізгінін ұстады. Әнді Хиуаз Қайырқызының жерлесі әрі композитордың шәкірті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4-курс студенті, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының солисі Шыңғыс Нұрғалиұлы орындады.
– Қан майданда жаумен алысып, талай мәрте өлім аузынан аман қалған Хиуаз апамызға арналған ән осыдан екі жыл бұрын 100 жылдық мерейтойына орай шыққан болатын. Бірақ халыққа ұсынудың сәті бүгін түсіп отыр, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Жезтаңдай әнші аталған кеште халық әндері, Абай, Мұхит, Ғарифолла шығармаларынан бөлек, Пушкин мен Есениннің «Татьянаның хаты», «Онегиннің өлердегі сөзі», «Қара шәлі» секілді өзі әнін жазған атақты туындыларды орындап, орыс, қырғыз, ноғай тілдерінде ән шырқады. Мәскеулік көрермендер «Жан әке», «Фариза – жыр биік», «Көк нөсер», «Тұғыр» секілді авторлық әндерін жылы қабылдап, қошемет танытты. Сондай-ақ Ресейде тұратын Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Татьяна Полтавская, сазгердің шәкірті Шыңғыс Нұрғалиұлы, көрші мемлекетте тұратын және білім алып жатқан Гүлнар Құспақова, Гүлбану Мұратова, Динара Сейтешева, Гүлсәуле Үділбекова, Ақбермет Айнақұлова, Гүлжанар Бимұғамбетова, Еркін Саяжан, Асхат Оралбеков, Абзал Тастанбек, Айжамал Асқарова өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты.
Мәскеуде басталған шара артынша «Халық қаһарманының» кіндік қаны тамған туған жерінде жалғасты. Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Хиуаз ауылының мәдениет үйінде қазақтың қанатты қызына арналған Нұрсұлтан Мықтыбайдың сөзіне жазылған Сәуле Жанпейісованың «Хиуаз» әні орындалған сәтте зал толы көрермен орындарынан тік тұрып, ыстық ықыластарын білдірді. Осылайша, бұл жаңа туынды Мәскеуден кейін батыр анамыздың туған жерінде орындалды.
Айдын ӘБДІХАЛЫҚ