Бүгінде еліміздегі барлық деңгейдегі әкімдер Президенттің 2022 жылдың 3 наурызында жарияланған «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» № 826 Жарлығына сәйкес бекітілген кестеге сай халықпен жиі кездесулер өткізіп, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап жүр. Бұл қағида сонымен бірге елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында да іске асуда. Мемлекет басшысының аталған Жарлығы негізінде барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесу өткізіп, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етеді. Проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіреді.
Түркістан облысының әкімі соңғы айларда бекітілген кестеге сай өңірдің барлық ауыл-аймағында ашық диалог алаңында халықпен кездесу ұйымдастырып, жұрттың жанайқайына құлақ түрді, тұрғындардың өтінішіне назар аударды.
Жұмыспен қамту бағытындағы шаралар жалғасады
Облыс басшысының Отырар ауданына жасаған сапары барысында өңір мәселелері тұрғындармен бірге көтеріліп, шешу жолдары қарастырылады.
Алдымен халықпен кезекті кездесу өткізіп, облысты дамыту бағытында атқарылған жұмыстар баяндалып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді. Мәселелер ашық айтылып, өткір сұрақтар қойылды.
– Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Оның бастысы – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Отырар ауданында былтыр 10 елді мекенде 15 жобаны іске асыруға 1,1 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, аудандағы Арыс, Шойманов, Көкмардан, Шытты елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Ақтөбе, Шойманов елді мекендерінде мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталып, биыл пайдалануға тапсырылады. Сонымен қатар 8 елді мекендегі 19,3 шақырымды құрайтын 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 8 елді мекенде 9 жоба іске асырылады. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 770 млн теңгеге 139 жоба қаржыландырылды. Мұның көбі – бюджет есебінен жүргізіліп жатқан жұмыстар. Ауданның өзіндік кірісін көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында істі ширатқан жөн. Биыл алты айда ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту бойынша индикаторлар төмен деңгейде орындалуда. Жұмысты күшейту керек. Ауыл инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар тоқтамайды, – деген Дархан Амангелдіұлы ауданға инвестиция тарту бағытындағы өзекті сұрақтарға да жауап берді. Су үнемдеу технологиясын енгізу, мақта кластерін дамыту маңызды екенін, бірнеше мың тұрғын жұмыспен қамтылатынын атап өтті.
Жиында Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды.
Ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 60 пайызға өсіп, 2023 жылы 80 млрд теңгеге жетті. 2023 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 34 млрд теңгеден асып, жоспар 5,7 млрд теңгеге артығымен орындалды. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі былтыр 41 млрд теңгені құрап, жоспар 1,7 млрд теңгеге артығымен орындалды.
Кездесуде тұрғындар көкейдегі сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Инфрақұрылым, жер, жайылым, газдандыру, ағын су және өзге де мәселе көтерілді. Әрбір көтерілген мәселе хаттамаға енгізіліп, заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Кездесуден кейін Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, жерді заңдастыру, білім саласы, денсаулық сақтау және басқа да түйткілдер тарқатылды. Қозғалған мәселелер бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүретін болады.
Жаңа өндіріс орындарын ашу керек
Өңір басшысы одан кейін халықпен кезекті кездесуін Бәйдібек ауданында жалғастырды. Бәйдібек ауданындағы пайдалы қазбаларды зерттеп, анықтап, соған сай жаңа өндіріс орындарын ашу керек. Бұл ретте ауданның әлеуеті жоғары. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамыту маңызды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Бәйдібек тұрғындарымен кездесуінде осындай ойлар, ұсыныстар айтылды. Тұрғындар тарапынан мәселелер көтеріліп, тиісті жауаптар берілді.
– Біз мемлекеттік бюджет есебінен инфрақұрылымды жақсартамыз. Бірақ әр ауданның өзіндік табысы, кірісі молаюы керек. Ол үшін өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту аса маңызды. Ауданның әлеуеті өте жоғары. Ізденіс, талпыныс, ниет қажет. Мемлекет басшысы өндірісті дамыту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізуді тапсырды. Осыған орай өңірімізде су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар ашылып жатыр. Бұл жұмыстар Бәйдібекте де жандануы тиіс. Аудан инфрақұрылымын жақсарту мақсатында былтыр «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 1,7 млрд теңге бөлініп, 10 елді мекенде 24 жоба іске асты. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1,3 млрд теңгеге 199 жоба қаржыландырылды. Бұл жұмыстар жалғасады, – деген Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен басқарма басшыларына барлық бағытта индикаторларды орындау бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Кейбір салалардағы кемшіліктерге тоқталып, тиісті шешім қабылдауды міндеттеді.
Жиында Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмахановтың есебі тыңдалды. Жалпы, өңірлік өнім көлемі соңғы 3 жылда 29 пайызға өсіп, былтыр 61 млрд теңгені құрады. Биыл 5 айда 15 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда 14,7 пайызға өскен. Биыл 5 айда өзіндік кірістер 1.2 млрд теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 49 пайызға артқан. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2022 жылы 21 млрд теңге болса, былтыр 27 млрд теңгені құраған. 2024-2025 жылдары шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жалпы құны 24,9 млрд теңгені құрайтын 12 жобаны іске асыру арқылы 254 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Ауданда түсті металл мен құрылыс материалдарының қоры анықталған. Осыларды игеру үшін тиісті ұсыныстар берілуде.
Кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, спорт кешенін салу, электр қуатының сапасы және өзге де мәселелер бойынша өтініштерін айтты. Жеке қабылдауда да өзекті түйткілдер тарқатылып, барлық өтініш пен ұсыныс бақылауға алынды.
Тарихи мекенде пәтуәлі ойлар айтылды
Дархан Амангелдіұлы жұмыс кестесіне сәйкес өңірдегі барлық аудан, қаланы аралап шығып, халықпен кездесті. Биылғы қорытынды кездесу Ордабасы ауданында өтті. Үш жүздің басы қосылған тарихи мекенде бәтуәлі ойлар айтылды. Өңір басшысы өндірісті дамыту, кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу негізгі бағыттар екенін тағы да айтты. Аудан әкімі мен басқарма басшыларына осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Ауданның мәселесін талқылау үшін кездесуге арнайы келгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Атқарылған жұмыстар ғана емес, кемшіліктер алдағы жоспарлар да айтылады. Біз өңіріміздің инфрақұрылымын жақсарту, елдің әл-ауқатын көтеру бағытында жұмыс жүргізудеміз. Оның ішінде Ордабасы ауданына да тиісті назар аударылған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Ордабасы ауданында 2023 жылы 19 елді мекенде 24 жобаны іске асыруға 2,8 млрд теңге бөлінді. Сол арқылы Темірлан, Қажымұқан, Бадам елді мекендерінде спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 681 млн теңгеге 13 елді мекендегі 27 көше орташа жөндеуден өтті. Төреарық, Ықылас Темір, Дербес елді мекендеріндегі фельдшерлік акушерлік пунктің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға тапсырылды. Мектептер күрделі жөндеу жұмысымен қамтылды. Биыл 14 елді мекенде 18 жобаны іске асыру үшін 3,3 млрд теңге қаралды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,7 млрд теңгеге 259 жоба қаржыландырылды. Ордабасы ауданында 30 мектептің интернет жүйесі жақсарды. Жалпы, өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 27 пайызға өсіп, 2023 жылы 145 млрд теңгеге жетті. Біз осындай кездесулерде кемшіліктерді де жасырмай айтып, мәселелерді шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Мегаполиске жақын әрі күре жолдың бойында орналасқан ауданның әлеуеті жоғары. Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту және индикаторлар орын-далмаған салалар бойынша жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде аудан әкімі Азат Оралбаевтың былтырғы жылғы және биылғы 6 айдағы көрсеткіштер бойынша есебі тыңдалды. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 32 пайызға өсіп, 15 мыңға жуықтады. Олардың өндірген өнім көлемі 161 млрд теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 61 млрд теңгеге немесе 60 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 33 млрд теңгеден асып, жоспар 1,4 млрд теңгеге артығымен орындалған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 39 млрд теңгеден асып, жоспар 2,3 млрд теңгеге артығымен орындалған.
Ордабасы төріндегі жиында аудан тұрғындары мектеп ғимаратын жөндеу, жер дауы, инфрақұрылым, ағын су, баспанамен қамту және өзге де мәселелерді қозғады. Тиісті жауаптар берілді.
Одан кейін Дархан Сатыбалды жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, тиісті жұмыс жүреді.
Жер қатынастары бойынша сұрақ қоятындар көп
Айта кетейік, Түркістан облысы әкімі аппараты өтініштердің қаралуын бақылау бөлімінің жетекшісі Айдана Әмірбек облыс әкімінің азаматтарды жеке қабылдаулары бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, жеке қабылдауларда берілген тапсырмаларға байланысты түзілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысына тұрақты талдау жүргізіліп тұрады. Жыл басынан бергі 7 айда облыс әкімі жалпы 25 жеке қабылдау өткізіп, 253 азамат қабылдаған. Қабылдау кезінде тұрғындар тарапынан 338 өтініш пен ұсыныс-пікірлер айтылған. Олардың қатарында жер қатынастары саласы бойынша – 52, инфрақұрылым бойынша – 35, ауыл шаруашылығы саласынан – 38, білімге қатысты – 32 мәселе көтерілген. Сонымен бірге тұрғын үй, мәдениет денсаулық, спорт, экология, интернеттің нашарлығы, кәсіпкерлік, ауызсу, жол, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету сынды өзге де мәселелермен жүгінетіндер көп.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы тарапынан жалпы 26 жеке қабылдау өткізіліп, 285 азаматты қабылдаған. Олардың тарапынан 284 өтініш пен ұсыныс-пікір айтылған.
Бүгінде халық өздерін толғандырып жүрген мәселелерін жергілікті билік өкілдеріне тікелей жеткізе алатын әлеуетке ие. Облыс басшысының тұрғындармен еркін, ашық диалог алаңында кездесулері жиі ұйымдастырылады, кездесу барысында әркім өзін толғандырған мәселені көтере алады. Жоғарыда атап өткендей, тұрғындар көтерген әрбір мәселе хаттамаға түзіліп, оның орындалуы жіті назарда ұсталады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы