Бұл күннің мақсаты да айқын. Ол – жастардың әлеуетін арттыру, түрлі бастаманы қолдау және жастардың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына бағытталған бастамаларды жүзеге асыру. Биыл айтулы күн елорда жастарын да қуантып, айрықша әсерге бөледі.
Есіл өзенінің жағасында ашық аспан астында өткен «Жастармен бірге» OPEN AIR музыкалық фестивальді тамашалауға жастар да, ересектер де жиылды. Бұған дейін елімізде жастар күні қарсаңында «Жастармен бірге» ұлттық онкүндігі өткен болатын. Іс-шараның басында сөз алған Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев осы онкүндіктің және өткізілген қорытынды іс-шараның маңызына тоқталды.
«Жастар күнін мерекелеу құрметіне орай «Жастармен бірге» ұлттық онкүндігі бекітілді, ол 3-12 тамыз аралығында жалғасты. Онкүндік аясында экологиялық мәдениетті дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, еңбекқорлықты ілгерілету және басқа да бағыттар бойынша бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Бүгін жаңа студенттік үйдің ашылуы, «Бос орындар» жәрмеңкесі өтті. Біз Халықаралық жастар күнін ашық аспан астындағы концертпен аяқтағымыз келеді. Біз жастарға мерекелік көңіл-күй сыйлай алдық деп сенеміз», – деді С.Ибраев.
Онкүндік аясында челленджер мен Абай шығармаларын оқу бойынша байқау өткен болатын. Байқау шарты бойынша қатысушы Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, әлеуметтік желіге жүктеу керек болған. Ерке Есіл жағасында осы байқау жеңімпазы марапатталды. Көптен озық шығып, бағалы сыйлыққа ие болған 21 жастағы Бекзат Құлшар бұл жеңісі ұзақ жылдық еңбегінің арқасында келгенін айтты.
– Поэзия жан рахаты ғой. Бастауыш сыныптан бері осындай мәнерлеп оқу сайыстарына қатысып келем. Студенттік шақта өлеңмен жолдастығым тіпті беки түсті. Бүгінгі жеңіс – сол талай жылғы еңбек пен тәжірибенің жемісі дер едім. Одан бөлек, бұл инста байқау болғандықтан, жақындарымның қолдауы үлкен рөл атқарды. Енді бұйырса өлең оқып жеңіп алған айфонды өлеңге арнаймын деп отырмын (күлді). Яғни, алдағы уақытта поэзия оқып, әлеуметтік желідегі парақшамда сапалы контенттерді бөлісіп отырамын, – деді ол.
Кеш қонақтары отандық эстрада жұлдыздары Дастан Оразбеков, Ізбасар Кеңесов, Жеңіс Гарифулла, Нурик Бармақов көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, зор қошеметке ие болды. Сондай-ақ эмоцияға толы кеш қонақтарға викториналық сұрақтар қойып, 50-ге жуық адамға power bank, құлаққап, музыкалық динамиктер сияқты бірқатар сыйлық ұсынды. Сұрақтың біріне дұрыс жауап беріп, сыйлық ұтқан елорда тұрғыны Назгүл Айтбай іс-шарада жастарға берілген мүмкіндіктің көп екенін біліп, қуанышын жеткізді.
«Бүгін концерт өте қызық өтті. Жастардың ғана емес, үлкен аға-әпкелеріміздің, тіпті ақ жаулықты аналарымыздың жүзінде қуаныш оты лаулап тұр. Әншілермен қосылып ән айттық, биледік. Бұл шараның ерекшелігі өте көп болды. Біріншіден, қонақтарға жарқын көңіл-күй сыйлау мақсатында сыйлықтар беру ұйымдастырылған. Екіншіден, жастар арасында танымал әншілер келіп отыр. Үшіншіден, қазір жұмыссыз жүрген жастар өздеріне керек мәліметтің бәрін ала алды деп ойлаймын. Маған құлаққап бұйырды, өте қуаныштымын, – деді тұрғын.
Бүгінде елдегі жастар 14 жас пен 35 жас аралығын қамтиды. Осы жастағы қазақстандықтар халық санының 30 пайызын құрайды. Оның ішінде оқу орнын енді бітіріп, әлі жұмысын таба алмай жүрген жастар қатары көп. Жұмыссыз жүрген жастарға қолдау білдіріп, олар үшін жасалған мүмкіндіктер туралы Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Олжас Омар кеңінен тарқатып айтып берді.
«Еліміздің жастары, сіздерді Халықаралық жастар күнімен құттықтаймын! Біздің Астана қаласының Еңбек мобильділігі орталығы және мансап орталығының басты мақсаты – жұмыс іздеген жастарды қалауындағы жұмыспен қамту. Орталығымызда оқу орнын бітірген түлектерге, жастарға мемлекеттік қолдау бар. Ол – жастар практикасы. Егер сіздерге жұмыс табу қиындық тудырып отырса, онда біз сіздердің алғашқы жұмыс тәжірибелеріңізді бастауға бірінші қадам жасау үшін көмектесе аламыз. Мемлекет тарапынан жалақы болады. Бүгінгі күні Астана қаласы бойынша 4 мыңға жуық жастарды қамтитын 700 жұмыс беруші сіздерді күтуде. Бүгінгі шараға ақпарат беруші мамандарымыз келіп отыр. Қызық болса қазірдің өзінде керекті мәліметтеріңізді, қызықтырған сауалдарыңызға жауап ала аласыздар», – деді Олжас Омар.
Айта кетейік, Халықаралық жастар күніне орай өткізілген музыкалық кеште Есіл өзені жағасындағы Атырау көпірі жанында Darkhan Juzz-ге арналған арт-нысан ашылды. Оған жоба бастамашысы, продюсер Азат Әбікен және әншінің жанкүйерлері қатысты. Орындықтың дизайнын танымал көше суретшілері Ғалымжан Балсары мен Батыржан Сәдуақасов әзірлеген. Орындықта музыканттың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат алуға болатын QR коды бар тақта қойылған.
«Ерекше мереке ерекше өтіп жатыр. Бір жағынан талантты қазақстандық музыкант, Darkhan Juzz сахналық атымен танымал болған әншімізге арнап арт-нысан ашып отырмыз. Дархан біздің жақын досымыз еді. Бүгін ашылған өнер нысаны жас музыканттардың қызығатын жаңа орнына және жаңа әуендер, кездесулер мен шабыт алаңына айналады деп сенеміз. Арамызда Дарханның әндері үнемі айтылады, ұмытылмайды. Ал қазір біз оған символизм бердік. Елордада әдемі орын ашылды. Қазіргі уақытта музыканттың шығармашылығы туралы деректі фильм түсіру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ Дарханның екінші альбомын шығаруда дайындық жұмыстары жүріп жатыр», – деді Азат Әбікен.
Айта кету керек, іс-шараны Green Case Group компаниясы New Level компаниясының, Сарыарқа ауданы әкімдігінің, Астана қаласының Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырды. Соңғы жылдардағы жастардың белсенділігі қай салада болса да артып келеді. Ал мұндай шаралар көзқарасы әртүрлі, талғамы бөлек жастардың тағы бір жаңа мүмкіндік алуына жол ашатыны анық.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ