Жүгерісі мол Жетісу және Алматы облыстарын, оның ішінде «дала аруының» отаны болып саналатын Жаркент аймағы диқандарына сан соқтырған мәселенің мәнісін табу үшін берісі облыстан, арысы Астанадан ат арылтып лауазымды, жауапты тұлғалар бірнеше рет іссапармен келгенімен, күрделі жағдайдың түйіні толық тарқатылмаған еді. Ақыры шаруалар мен фермерлер: «Құдай салды, біз көндік» деп қолын бір сілтеген.
Былтыр жүгерішілер қиналғанда тәтті түбір өсіретіндердің асығы алшысынан түскендей көрінгені де есте. Қызылша өсірушілер мен қайта өңдеушілер арасындағы жылдарға созылған түсінбестіктің түйіні тарқатылғандай болған. Қант зауыттары қызылшаның әр тоннасын 15 мың теңгеден сатып алып, оған қоса мемлекеттен 25 мың теңгеден субсидия төленіп, әр тоннаны 40 мың теңгеге өткізгендер, шылқа байып кетпесе де жыртығын жамайтындай жағдайға қол жеткізген. Соның нәтижесінде кейінгі жылдары құрып кетуге айналған қант қызылшасы өндірісі өркендеп кетпесе де, сәл-пәл серпіліп қалғандай еді. Жүгеріден аузы күйіп, пияздан ойдағыдай пайда таппаған шаруалардың дені биыл тәтті түбірге ат басын бұрып, облыс қызылша алқабының аумағын 12 мың гектардан асырған. Бір кездегілермен салыстырғанда, бұл да мақтанарлық көрсеткіш емес. Дегенмен өткен жылдарға қарағанда да біршама артық. Заманында 12 мың гектар деген бір аудандағы бірер шаруашылықтың өсіретін көлемі болатын.
Біз былтыр жүгері дауына қатысты бірнеше мақала жазып, жарияладық. Сонда айтқанымыздай, дәл қазір өндіріс пен жоспарлау, болжау және зерттеу орындары арасында нақты байланыс, іскерлік қарым-қатынас жоқ. Соның салдарынан әрі-сәрі болатын шаруа адамдары табыс әкелген дақылға жаппай бет бұрып, кейде жинаған өнімдері сұраныстан артып, кәдеге аспай қалады. Егер тиісті салалар арасында тығыз байланыс орнап, болжау, жоспарлауға нақты көңіл бөлінсе, бәрі ретімен жүзеге асары сөзсіз. Өкінішке қарай, қазіргі кезде шаруалар тек долбарға сеніп, көктемде үміттеніп, күзде күдіктеніп жатады. «Былтыр мынадай дақылға осынша сұраныс болды, биыл жағдай оған керісінше болуы мүмкін. Сондықтан оны қоя тұрып, мына дақылға басымдық берейік, ауа райы да соған ыңғайлы және сұраныс та болады» деп алдын ала зерттеу жүргізіп, ауыл шаруашылығы саласындағыларға ақыл-кеңес беретіндер жоқ. Соған сай әркім өз қотырын, өзі қасуда.
Шындығын айту керек, алға жылжыған жылдармен бірге қымбатшылық қысып, ақырындап өскен баға бой бермейтін дәрежеге жетті. Былайғы кезде де өсіру үшін өлшеусіз еңбек пен шамадан тыс шығынды қажет ететін қант қызылшасының әр гектарына ерте көктемнен бастап қара суық күзге дейінгі кезеңде былтырлары 1 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты және бұл баға да тұрақты емес. Жыл сайын шамалы болса да қымбаттай береді. Бүгінде алдағы айдан бастап электр қуаты 10-12 пайызға қымбаттайды деп жатыр. Егер бұл әңгіме шындыққа айналса, электр қуатымен бірге барлығының бағасы сол шамада өсіп шыға келері сөзсіз. Онсыз да биыл қызылшаның әр гектарына жұмсалатын шығын былтырғыдан біразға артып кеткеніне алаңдап отырған жетісулық шаруалар жаз бойғы еңбегіміз еш кете ме деп қатты алаңдаулы. Өйткені қайта өңдеушілер тәтті түбір қабылдауға қатысты былтырғы бағаны сол бойында қалдыратынын мәлімдеген. Сол баяғы 15 мың теңге. Кәсіпорынды жөндеу, қайта жарақтандыру керек кезде қазынадан қаржы дәметіп, жамау-жыртықтарын мемлекеттен қарастырылған қаражатқа бүтіндеп алатын алпауыттар шаруа адамдарынан өнім қабылдауда тас болып қатып, бұрынғы бағаны өзгертуге барынша қарсылық танытады. Биыл әр гектар қант қызылшасын өсіріп-баптап, жинап, өткізгенге дейінгі жұмыстарға жұмсалатын қаржы былтырғыдан біршама артық екенін есептеген диқандар қант қызылшасының тоннасын бұрынғы бағамен өткізуге қазірдің өзінде қарсылық білдіруде. Бір кездері мемлекеттің ақшасына салынған, жылдар бойы ел игілігіне қызмет етіп, жекшелендіруден соң қолдан-қолға өтіп, жекелеген тұлғалардың майшелпегіне айналған кәсіпорындардың меншік құқын қайта қарау қажеттігі де қозғала бастады. Соған қарағанда, алдағы күзде Жеісуды былтырғыдай жүгері жыры емес, қант қызылшасының қиындығы күтіп тұрғандай. Шаруалар жағдай дәл былтырғыдай болса, еңбегіміз еш, тұзымыз сор болады дейді.
– Қант зауыты қожайындарының қызылшаны сатып алатын бағасымен келіспейміз. Іс жүзінде ала жаздай алқапта арпалысып жүріп өсірген өнімімізді тіпті жарты бағасына да алмай отыр. Нақтырақ айтқанда, кәсіпорын бізге қызылша құнының 30 пайызын ғана береді. Бұдан біз ешқандай пайда көріп отырған жоқпыз. Замана көшінен қалмайық деп жаңа технологиялар енгіздік. Ал қайта өңдеу кәсіпорны сол баяғыша жұмыс істейді. Заманында ақ қантымен аты шыққан өңірде бұрындары бірнеше қант зауыты болса, қазір соның біреуі ғана қант қызылшасын қайта өңдейді. Бәсеке жоқ болғандықтан, ондағылар бірінші кезекте өз пайдасын ғана ойлайды, – дейді ақсулық шаруа қожалығының басшысы Александр Квитко.
Жалпы, фермерлердің зауыт жұмысына көңілі толмайтыны – жыл сайын көрініс беретін келеңсіздік. Бірінші кезекте өнімді әлі ескі технологиямен өңдеп, аз қант шығарып отырғанын көлденең тартады. Кәсіпорын қажет кезде мемлекет қаржысы есебінен жөнделгенмен, түсетін пайданың 70 пайызын кәсіпкер көреді. Шаруалардың айтуынша, зауыт қожайындары қант қызылшасын өсірушілерден шикізатты қант құнымен есептегенде келісін 180 теңгеден алып, дайын өнімді халыққа 500 теңгеден сатып, пайдаға кенеліп отыр.
– Біз зауытты біріктіріп, акционерлік қоғам жасау керек екені жөнінде бірнеше рет ұсыныс жасадық. Бұрын ондай акционерлік қоғам жұмыс істеген, 51 пайызы шаруа қожалықтарына тиесілі болса, 49 пайызы зауытқа қарайтын. 2016 жылдан бері бәрін өзгертіп тастады да, бір адамның зауыт жекеменшігіне қарап кетті, – дейді фермерлер қауымдастығының Жетісу облысы бойынша төрағасы Асқар Шәріпов.
Зауыт басшылығының жоғарыдағы тұжырымдарға қарсы келтірер өз уәжі бар. Ондағылардың айтуынша, кәсіпорындағылар аста-төк пайдаға кенеліп отырған жоқ. Кәсіпорын қантты диллерлерге 160-165 теңгеден сатады, ал нарықтағы бағасына жауап бермейді дейді. Зауыт былтыр қызылшадан 11 мың тонна ақ қант алыпты. Биыл бұл көлем біразға көбейетіні сөзсіз. Өйткені қант қызылшасы алқаптарының аумағы айтарлықтай артқан. Жиналған өнімді дер кезінде қабылдап, өңдеу үшін кәсіпорында жаңарту жұмыстарын жүргізу керек. Өңдеу ісіне керекті өзіндік ерекшелігі бар қатты отын, сирек кездесетін химикаттар бар. Бәрі шетелдерден жеткізіледі. Олардың барлығы қымбаттап кеткен. Сондықтан кәсіпорынның жұмыс ырғағын сақтап қалуды қамтамасыз ету үшін қыруар қаржы қажет дейді.
Қалай болғанда да, Жетісуды алдағы күзде тағы бір дау-дамай күтіп тұрғандай. Биыл жүгерінің жолы болып, қызылша қиындыққа тірелсе, шаруалар келер жылы қай дақылға бетбұрыс жасайды деген сұрақ туындайды. Былтыр орылмағаны, жиналып, қырман мен қоймада жатып шірігені бар, тонналаған жүгерінің есесін алдағы күзде тәтті түбірмен қайтарамыз деп ойлаған шаруалардың үміті тасқа шағылмаса болғаны...
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы