Бас прокуратураның хабарлауынша, Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің құзырлы органдары бір келісімге келген жағдайда Қытайда сотты болған Ақжарқын Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтеуі мүмкін. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов: «Бізде Қытай Халық Республикасымен құқықтық көмек көрсету, қылмыскерді ұстап беру және экстрадициялау бойынша келісім бар. Қазіргі таңда тарап (Ақжарқын Тұрлыбай) сот үкіміне шағым (яғни апелляция) беріп отыр. Егер сот үкімі шығып күшіне енсе, онда Ақжарқын Тұрлыбай осыдан кейін Қазақстанға өтініш бере алады. Бұл жағдайда ҚР мен ҚХР елдерінің Бас прокуратуралары Ақжарқынның жазасын Қазақстанда өтей алатындай бағытта жұмыс жүргіземіз», – деді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында сотталғандарды өзара тапсыру тәжірибесі болған. «ҚХР сотының түпкілікті шешімі шыққаннан кейін үкім заңды күшіне енуі тиіс. Осыдан соң біз ҚХР-мен өзара келісімге сәйкес қарым-қатынастар аясында жұмыс жүргіземіз. Жалпы халықаралық шарттарда бас тарту негіздері көрсетілген. Егер ол босқын немесе саяси себеп болса, онда одан бас тартуға болады. Ал егер санатқа жатпаса онда екі жақтың шешімімен елге қайтаруға толық мүмкіндік бар», – деді ол.