Қазақстанның киелі орындарын сақтау мақсатында «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы еліміздің барлық өңірінде жалғасуда

Бұл акция Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жаздың басында басталған болатын.

Акция аясында су қоймаларын, ауылдар мен қалалардың аумақтарын тазарту, қоқысты жинау және сұрыптау жұмыстары ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның  мәдени, табиғи және тарихи ескерткіштерінің жағдайына қоғам назарын аудару да көзделіп отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілік – «Адал азамат» тұлғасының ең маңызды қасиеттерінің бірі. Сондықтан тарихи ескерткіштерді сақтау мәселелеріне қоғам назарын аудару және жалпы тарихымызға, мәдениетімізге және табиғатымызға жауапты көзқарас қалыптастыру мақсатында «AMANAT» партиясының мүшелері мен «Жастар рухы» Жастар қанатының өкілдері ұлттық мұра объектілерін ластанудан және қоқыстан тазартуға кірісті.

Мәселен, Ақтөбе облысында партия мүшелері XIX ғасырдың 30-жылдарындағы халық көтерілісінің көшбасшысы, ұлт батыры Исатай Тайманұлы кесенесінің айналасын тазарту жұмыстарын ұйымдастырды.

«Исатай Тайманұлы – бұл біздің тарихымыздағы маңызды тұлғалардың бірі, қарапайым халықтың мүддесін қорғаушы, бостандық пен тәуелсіздік күрескері. Оның тағдыры – өз халқына қызмет етудің, жанқиярлықтың және Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі. Өскелең буынның да оның кесенесіне тағзым етуі үшін біз, яғни Қазақстан жастары, оның ұрпағы ретінде сол тарихи кезеңнің оқиғаларын жадымыздан шығармауымыз керек», – дейді волонтер Айдар Қуанышбекұлы.

Жамбыл облысында партия белсенділері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген бірегей ескерткіш – Ақыртас қалашығын ретке келтірді. Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Талап Әбдібеков атап өткендей, Ақыртас – бұл біздің еліміздің ғана емес, шетелден келетін туристердің де зиярат ететін орны.

«Жұмысты бастамас бұрын біздің волонтерлер музей-қорық қызметкерлерінен қажетті нұсқаулықтан өтті. Біз аумақты жинап, археологиялық кешеннің қызметкерлеріне көмек көрсетеміз. Сонымен қатар бұл біздің жас белсенділеріміз үшін туған өлке тарихын оқулықтан оқып қана қоймай, сол жерде ежелгі рухты сезіну арқылы тереңірек білуге мүмкіндік. Мен бұл жағымды акцияның қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретініне сенімдімін», – деді ол.

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында «AMANAT» партиясының мүшелері «Тақсай ханшайымы» кесенесінің аумағында тазалау жұмыстарын жүргізді. Белсенділер арам шөпті шауып, шамамен 2 тонна қоқыс жинады. Мұнда 2012 жылы археологиялық жұмыстар кезінде «Тақсай қорғандар кешені» деп аталған төрт қорғаннан тұратын кешен табылған болатын. Бұл сармат дәуіріндегі ақсүйек әйелдің бейіті – «Алтын ханшайым».

«Бұл ескерткіш Батыс Қазақстан тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл республика үшін маңызды. Мұнда шамамен 1 мыңға жуық құнды тарихи артефактілер табылған. Бұл жерге туристердің келуінен бөлек, мектеп оқушылары мен студенттерге ашық аспан астында экскурсиялар мен тарих сабақтары өткізіледі», – деді партияның Теректі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев.

Қарағанды облысында партия мүшелері Шахтинск қаласының жанындағы Долинка кентінде орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінде болды. Түрлі деректерге сүйенсек, 1921-1954 жылдар аралығында тек Қазақстанның өзінде саяси баптар бойынша шамамен 100 мыңға жуық адам жазықсыз сотталып, оның 25 мыңға жуығы атылған. «AMANAT» партиясының Шахтинск қалалық филиалының төрағасы Ғалымтай Қаржасов атап өткендей, біз бұл сабақтарды сақтап қалып, Әділетті Қазақстан құру үшін оларды болашақ ұрпаққа аманат етуіміз керек. Партия мүшелері, «Жастар рухы» белсенділері және жергілікті тұрғындардан құрылған топ музей аумағындағы ескерткіштерді жуып, қоршауларды ұсақ жөндеуден өткізді.

Айта кету керек, «Таза бейсенбі» акциясына басқа аймақтар да қатысты. Атап айтқанда, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласының партия мүшелері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштерді тазалауға атсалысты. Қызылорда облысы Байқоңыр қаласында белсенділер «Ғылым және ғарыш» монументі айналасын ретке келтірді, ал Алматы қаласында «Медеу» саябағында қоқыс жиналды. Сондай-ақ басқа да елді мекендерде осындай іс-шаралар өтті.

«Таза бейсенбі» акциясы басталғалы, яғни 6 маусымнан бері табиғатқа және экологияға бейжай қарамайтын 45 мыңға жуық партия мүшелері мен волонтерлер іс-шараға қатысып, еліміз бойынша шамамен 6 мың тонна қоқыс жиналды. «AMANAT» партиясының мүшелері еліміздің түкпір-түкпірінде 1 000-ға жуық учаскені ретке келтірді, бұл орман алқаптары, өндірістік аймақтар, жол бойындағы аумақтар, тұрғын аудандар және т.б. Сондай-ақ 100-ден астам өзен, көл, су қоймасы мен су айдындарының арналары қоқыстан тазартылды.

Партия мүшелері мұндай тазарту жұмыстарын әр бейсенбі сайын жүргізеді. Бұл ретте тек қоқыс жинау ғана емес, әр учаскеге мәслихат депутаттары, белсенділер және бастауыш партия ұйымдарының басшылары бекітілген. Олар сол аумақтарда тәртіп пен тазалықты сақтауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату, аумақтарды көгалдандыру, жолдарды жөндеу және т.б. сияқты инфрақұрылымды жақсарту және дамыту мәселелерін шешеді.