ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарының жаңа 2024-2025 оқу жылына дайындығын жүйелі тексеру жұмыстарын аяқтады. Мамыр айында басталған мониторинг жаңа мектептер құрылысын, су тасқынынан кейін объектілерді қалпына келтіру жұмыстарын, кабинеттермен жарақтандыруды, ауылдық мектептерді жаңғыртуды, оқулықтармен қамтамасыз етуді және қауіпсіздік мәселелерін қамтыды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, мониторинг барысында еліміздің барлық мектебінде ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, күрделі жөндеу жұмыстары 280 оқу орнында жалғасады. Сондай-ақ робототехника, химия, биология, физика және STEAM-бағыттарға арналған 1383 пәндік кабинет сатып алу бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Бүгінде білім беру ұйымдарының оқулықтармен қамтамасыз етілуі 90%-ды құрайды. Білім басқармаларының басшыларына мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету бойынша жұмысты жеделдету және оқулықтарды оқушыларға таратуды 25 тамызға дейін ұйымдастыру ұсынылды.
«Біз мектептердің жағдайын және жаңа оқу жылына дайындығын мұқият талдадық. Біздің мақсатымыз – 3,9 миллион оқушыға қауіпсіз және жайлы жағдай жасау. Жаңа оқу жылын табысты бастау үшін жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуді жалғастырамыз», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауенов.
Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің 7,9 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала білім алатын болады. Осыған байланысты министрлік өңірлердің әкімдіктеріне мектептерді іске қосу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды ұсынды.