Мемлекет басшысының іссапары Қосшы қаласындағы 1500 орындық мектеп-гимназияны аралап көруден басталды.
Білімді бала – ел болашағы
Қосшы қаласының жаңа ауданында орналасқан мектеп «Болат Өтемұратов қорының» жеке инвестициясы есебінен салынып, жергілікті білім бөлімінің басқаруына берілген.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының стандарттарына сай бой көтерген білім ошағында қазіргі кезде екі ауысыммен 2700 бала оқиды. Мектепте 280 орындық акт залы, 360 орындық асхана, 2 спорт залы, информатика, химия, физика, биология, технология және музыка кабинеттері бар.
Мектеп директоры Дидар Асқарованың айтуынша, оқушылар тек білім алып қана қоймай, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында спорт секцияларына және шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, би, хор, фортепиано, домбыра секілді үйірмелерге тегін қатыса алады.
Мемлекет басшысы роботты техника, мобилография, автомобиль жүргізуді виртуалды үйрену, шет тілі кабинеттерін, мектеп кітапханасын аралап көріп, ұстаздармен және оқушылармен әңгімелесті.
– Қазақстанның озық мемлекетке айналғанын қаласақ, осындай роботты техника сияқты бағыттарды үйрену керек. Бұл өте қажет. Балаларымыз әрқашан білімді болсын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ұжымға сәттілік тілеп, мектепке өзінің «Әке туралы ой-толғау» кітабын және Қазақстанда шығарылған автобус сыйға тартты.
Қала инфрақұрылымын дамытуды тапсырды
Бұдан соң Президент елордаға іргелес орналасқан Қосшы қаласының инфрақұрылымдық даму жоспарымен танысты. Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасеновтің айтуынша, елді мекенге 2021 жылы облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін тұрғындар саны 110 мың адамға жеткен.
Жалпы, қаланың бас жоспары аясында 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй мен 45 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған.
Соңғы екі жылда қалада үш мектеп пайдалануға берілді. Тағы бір мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш білім ошағын, сондай-ақ екі балабақша салу көзделген.
Денсаулық сақтау саласында бір мемлекеттік емхана, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде екі емхана жұмыс істейді.
Қала әкімі қазір жекеменшік инвестиция есебінен жанында 1000 келушіні қабылдайтын емханасы бар 300 орындық көпбейінді аймақтық аурухана салынып жатқанын жеткізді. Жаңа ауруханада терапия, онкология, неврология және перзентахана бөлімшелері болады. Медициналық мекеме тек Қосшы халқына ғана емес, жақын маңдағы аудандардың тұрғындарына да қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр.
Биыл мамыр айында Alan денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Кешенде балаларға және ересектерге арналған бассейн, жаттығу және спорт залдары бар.
Ал Қосшы тұрғындарының игілігіне келесі жылы берілетін Қоғамдық мәдени-спорт орталығында интерактивті білім беру бөлімі, спорт залы, теннис, баскетбол, футбол, волейбол алаңдары, кинотеатр, көрме залы, кітапхана, дәрісхана, амфтитеатр ашылады.
Мемлекет басшысы Қосшы қаласында құрылыс жұмыстары қарқын ала бастағанын ескере отырып, облыс әкіміне елді мекендегі инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және газ құбырын тарту мәселелеріне айрықша мән беруді тапсырды.
Отандық тамақ өнеркәсібін өркендету маңызды
Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Қосшы қаласында биыл іске қосылған IL-TOV жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс алаңын аралап көрді.
Кәсіпорында құс етін терең өңдеп, тез дайындауға болатын түрлі тағам шығарылады. Шикізат облыстағы құс фабрикаларынан жеткізіледі. Жартылай фабрикаттар ішкі нарықта ғана сатылмайды, сонымен қатар Еуразия экономикалық одағына мүше елдерге экспортталады.
Qazaqstan Investment Corporation қоры арқылы мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болған жоба 85 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпорын директоры Михаил Шейнкман бұл өндірістік кешеннің бастапқы кезеңі екенін айтты. Келешекте қосымша 10 миллиард теңге инвестиция тартып, жылына 10-12 мың тонна өнім шығару үшін екінші өндіріс желісін іске қосу, сондай-ақ мұздатылған бірінші және екінші тағамдар өндіретін комбинат салу көзделіп отыр.
Президент отандық тамақ өнеркәсібін дамыту маңызды екеніне тоқталып, мұндай кәсіпорындарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Жүйелі жұмыс жалғасса игі
Мемлекет басшысының Ақмола облысына жұмыс сапары Целиноград ауданындағы Родина ауылында жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы Мәдениет үйін аралады. Жалпы, ауданы 1563 шаршы метрді құрайтын нысанда хореграфия және спорт залдары, дыбыс жазу студиясы мен үйірмелерге арналған кабинеттер бар. Мәдениет мекемесінің жанынан түрлі шығармашылық ұжымдар құрылған. Сонымен қатар бірнеше спорт үйірмесі жұмыс істейді. Оларға 400-ден астам ауыл тұрғыны қатысады.
Президентке «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр серіктестіктің ауылда іске асырып жатқан әлеуметтік жобаларын таныстырды. Былтыр бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында компания Родина ауылының игілігіне 791 миллион теңге қаржы бөлген.
Мемлекет басшысы Мәдениет үйі өнерпаздарының «Достық шуағы» композициясын тамашалап, ауыл тұрғындарымен жүздесті.
– Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Ауылға арнайы келдім. Құрметті Иван Адамович Сауэрдің шаруашылығы жайында бұған дейін көп естіген болатынмын. Бірақ мұнда келіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысудың реті болмай жүр еді. Бұл – өте үлкен әрі барлық көрсеткіш бойынша үздік шаруашылық. Баршаңызға бақ-береке тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Родина ауылының «Наша родина» супермаркетін, «Достық» саябағы мен жалпы орта білім беретін мектебін аралап көрді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы агроқұрылымның №1 сауын цехы мен сүт зауытына барды. Мұнда «GEA» фирмасының «Елочка» қондырғысы орнатылған. Аталған құрылғының көмегімен бір мезгілде 32 сиырды қатар саууға мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр серіктестіктің сүт бағытын дамыту жоспары туралы баяндады. Сонымен қатар жаңа сауын цехы салынып жатқанын жеткізді.
Бұдан соң Президент Родина ауылындағы сүт зауытын аралап көрді. Мемлекет басшысына индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған нысандағы өндірістік процесс таныстырылды.
Заманауи қондырғылармен жабдықталған әрі озық еуропалық технологиямен жұмыс істейтін кәсіпорын тәулігіне 50 тонна сүт өндіреді. Сонымен қатар сүт өнімдерінің бірнеше түрін шығарады. Қазір мұнда 36 адам еңбек етеді. Президент зауыт жұмысшыларымен әңгімелесіп, «Родина» агрофирмасының үлгілі шаруашылық екенін айтып, жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыра беруге шақырды.
Жалпы, Ақмола облысында сүт өнімдерін шығаратын 15 кәсіпорын бар. Сонымен қатар өңірде 7 тауарлы сүт фермасы салынып жатыр. Осы бағыттағы жобаларды қаржыландыруға 13,3 миллиард теңге бөлінген.