Түркістан облысының тұрғыны, үш жасар Асылымның кісі қолынан қаза тапқаны белгілі болды. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Журналист Асылымды көрші үйдің 16 жастағы қызы буындырып, дәретханаға тастағанын айтады. Жасөспірім қылмыс жасағанын тергеу барысында мойындаған. Айтуынша, ауылда осыған ұқсас қылмыс қайталаныпты.
«5 жасар Нұрай есімді қызды да күдікті тістеп, ұрып, дәретханаға тастамақшы болған. Абырой болғанда көршісі көріп қалып, аман қалған. Қыз «былай істеді» деп, қалай қылғындырғанын айтып берген. Тергеу барысында 16 жастағы қыз Асылымды өлтіргенін мойындаған», – дейді Гүлмира Әбіқай.
Журналист қазір іс сотқа жолданғанын жеткізді. Бұған дейін құқық қорғау органдарының, сот медициналық сараптама басқа қорытынды жасағанына таңданысын жасырмады.
«Сарыағаш аудандық полициясы қыздың өзі түсіп кеткен, адам қолынан болмаған дегендей айтып еді. Шындығында олай болмаған. ...Ойлаңыздаршы, небәрі 16 жастағы қыз үш жасар қызды тұншықтырып, дәретханаға тастап жіберген», – дейді журналист.
Айта кетейік, Түркістан облысында үш жасар қыздың жоғалып кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Ата-анасының айтуынша, үй тірлігімен жүргенде таңғы сағат 9:00 шамасында бүлдіршін есік алдындағы қақпа алдында ойнап жүрген. Содан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен.
Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы мен Сарыағаш аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шаралары барысында баланың денесі көрші үйдің дәретханасынан табылғанын, кішкентай қыздың денесінде зорлық-зомбылық белгілері болмағанын хабарлаған болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.