Одан өзге елдің түкпір-түкпірінен экономикалық маңызы бар шаһарға жұмыс іздеп, кәсіп бастауды көздеп ағылып келушілер тағы бар. Алматыдай алып шаһарда баспаналы болуға ұмтылатындар көп, сондықтан мұнда жылдың қай кезеңінде болмасын пәтердің арзандағаны байқалмайды.
Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылдың шілдесі 2022 жылғы сәуірден бергі тұрғын үй мәмілелерінің саны бойынша ең жоғары көрсеткіш тіркелген ай болды. Дәлірек айтсақ, сол уақыттан бері елімізде 40 мыңнан астам тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша мәміле жасалған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шілде айында жасалған мәмілелер саны бойынша Алматы қаласы (7 091) тізімде көш бастап тұр. Шаһарда тұрғын үй құрылысы тоқтамай, жаңадан бой көтерген ғимараттар саны өссе де, баспана құнында айырмашылық байқалар емес.
«Айына 67 мың теңге шәкіртақы аламыз»
Диана Холмуратова Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алады. Қаланың қарбалас тіршілігіне бойы үйрене бастаған Диана қазір 2-курсқа көшті. Кейіпкеріміздің сөзінше, жаңа оқу жылы қарсаңында университет жатақханасынан орын берілмеуіне байланысты амалсыздан пәтер іздеуге тура келген. Диана қолында маман екенін айқындайтын дипломы жоқ студенттер үшін пәтер маңын жағалау, оның ақысын ай сайын төлеу оңайға соқпайтынын айтады.
– Бізге Алматы қаласынан пәтер табу аса қиынға соққан жоқ. Бәлкім, жолымыз болып кеткен шығар. Пәтерді Алмалы ауданынан таптық. Шынымен де, пәтер құны қымбат. Айына 67 мың теңге шәкіртақы аламыз. Бірақ бұл студенттің қалада жүріп-тұруы мен тамағынан аспайды. Онымен қоса, пәтерге әрбіріміз 47 мың теңгеден төлейміз. Сондықтан бұл баға студенттің қалтасы үшін ауыр. Жалға алған пәтеріміз бен университеттің арасы 5-6 аялдамадан тұрады. Сондықтан күнделікті сабаққа барып-келуімізге кедергі келтірмейді деп ойлаймын, – дейді студент Д. Холмуратова.
«Арада ешқандай келісімшарт қағазы болмады»
Ал оқуын биыл ғана тәмамдап, қолына дипломын алған Динара Сағатбекқызы ыңғайлы бағада пәтер жалдап тұру үшін қала сыртындағы баспаналарды қарастыруды жөн көрген. Жайлы әрі орташа бағадағы пәтерге қол жеткізуде Алматының әр түкпірін шарлаған Динара ақыры пәтерді танысы арқылы тапқан.
– Шыны керек, қаладан пәтерді ұзақ іздедім. Көп жағдайда пәтер құны талапқа сай келмей жатады. Қазір Наурызбай ауданындағы Alma City тұрғын үй кешенінде бес қыз болып бірге тұрамыз. Пәтер екі бөлмелі, құны – 200 мың теңге. Бұл – коммуналдық қызметтің құнынан бөлек баға.
Динара пәтерді жалға алу кезінде арада ешқандай ресми қағаздың болмағанын атап өтті. Десе де, бұл екі бөлмелі пәтерде жайлы өмір сүру үшін кедергі келтірмейтін көрінеді.
– Өзім басқа қаладан болған соң алғашында пәтер иесімен онлайн байланыс орнаттық. Арада ешқандай келісімшарт қағазы болмады, бірақ өзара келісім бар. Пәтерге кірген күннен бастап үй ішіндегі қажеттіліктің бәрін толықтырдық және кейбір тұстарына қайта жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ақысын үй иесінің өзі төлеп берді. Қазір ай сайын пәтер ақысын уақытылы төлеп отырамыз. Пәтеріміз жайлы, өмір сүруіме ыңғайлы. Бағасына да лайық деп айта аламын. Өмір сүру салтыма ешқандай қиындық тудырмайды. Жұмыс орным үйімнен алыс болса да, ең ыңғайлысы мұнда қоғамдық көлік әр 5 минут сайын жүреді, – дейді Д. Сағатбекқызы.
Қазір Алматы қаласында орналасқан 35 жоғары оқу орнында жалпы саны 200 мыңға жуық студент білім алады. Олардың 62 пайызы (124 мың) – еліміздің түкпір-түкпірінен білім іздеп келген студенттер. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының дерегінше, шаһарда 109 жатақхана жұмыс істейді. Дәл қазіргі уақытта жатақхана тапшылығы 28,7 мың төсек-орынды құрайды. Оңтүстік астанасында орын тепкен университеттерде білім алатын 200 мыңға жуық студенттің 36 мыңы жатақханада тұрады.
Осы айда пәтер 10 пайызға қымбаттайды
Бүгінде риелтор маман Саяжан Мұхановаға Алматы қаласынан пәтер табу мәселесімен хабарласып, көмек сұрайтындар көп. Ол қала орталығында орналасқан пәтерлердің жалға берушілері студенттерді қарастыра бермейтінін, одан өзге балаларын жатақханаға орналастыра алмаған немесе орналастырғысы келмейтін ата-аналар бар екенін негізге алды.
– Жыл сайын тамыз айында пәтер бағасы 10 пайызға өседі. Себебі бұл нағыз пәтер іздеп келушілер саны артатын маусым болғандықтан, жалға берушілер де бағаны шарықтатады. Пәтерді студенттер жалға алатын болса, бағасын көтеріп қана қоймай, одан бөлек депозит алады. Бірақ соның өзінде қаладан пәтер табу қиын. Әрине, осыдан кейін студенттер сабақтан тыс уақытта жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені білім алу керек әрі пәтер ақысын төлеуге тиіс. Өздеріңіз білетіндей, бүкіл ел аумағы бойынша университеттер ең көп орналасқан қала – Алматы. Сондықтан мұнда жатақхана жетіспеушілігі айқын байқалады. Ал жатақхана алыс аймақтан келген немесе көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға, яғни белгілі бір жеңілдігі бар студенттерге беріледі. Көп жағдайда студенттер алғашқы 1-2 жылын жатақханада өткізсе, 3-4 курста қаладан пәтер жалдап тұрады. Шынында, дәл қазір қаладан пәтер іздейтін студенттер мен ата-ана көп, – дейді ол.
Жалға берушілер үшін ең қолайлы кезең – тамыз айы
Саяжан Мұханова қаладағы біршама пәтердің бағасы сапасына сай келмейтінін айтып ашынады. Оның сөзінше, жалға берушілер үшін тамыз – ең ыңғайлы кезең. Тіпті, риелтор маман тамыз айы жақындаған тұста жоғары бағаға жалдауға мәжбүр жаңа студенттерді қабылдау үшін бұрынғы пәтер жалдап тұрушыларын шығарып жіберетіндер де бар екенін жасырмады.
– Өкінішке қарай, сапа бағаға лайық деп айта алмаймын. Студенттер жалға алатын болған соң жөндеу жұмыстары жасалмаған, жағдайы қарастырылмаған үйлердің бағасын көтеріп жібереді. Ал егер пәтерді отбасылы адамдар немесе ұзақ мерзімге алушылар болса, шамалы бағасын төмендетеді. Негізі, қаладан алшақ орналасқан пәтер бағасы қала ішіндегі пәтер құнымен бірдей болып келеді. Сапасында айырмашылық болуы мүмкін. Көпшілігі студенттерді қарастырмайды немесе пәтерді жоғары бағаға береді. Осының әсерінен студенттер пәтерді қала сыртынан іздейді. Қала сыртындағы пәтерлерге сұраныс аз болған соң жалға алушының студент екеніне қарамай, үйді жалға береді. Керісінше, қала ішінде сұраныс әрқашан бар. Сұраныс жоғары болғандықтан, пәтер иелері үшін жалға алушылар да табылады. Сол себепті олар студенттерді жиі қарастырмайды. Мен студенттер үшін ең қолайлысы – қала орталығындағы пәтерлер деп ойлаймын. Өйткені үйдің студенттер үшін сабаққа әрі жұмысқа жақын болғаны маңызды, – дейді риелтор.
Алаяқтан да сақтанған жөн
Сұхбат барысында Саяжан Мұханова әлеуметтік желілер арқылы, соның ішінде krisha.kz қосымшасы арқылы айласын іске асыратын алаяқтар көп екенін ескертті. Алматыға алғаш табан тіреген, шаһардан пәтер қарастырып жүрген оқырманға маманның айтар кеңесі де бар.
– Қазір көбіміз білетін krisha.kz қосымшасында алаяқтар өте көп. Олар желіге арзан бағадағы әдемі, жайлы үйдің суретін алдын ала жүктеп қояды. Мұндай алаяқтардың тұзағына көбіне студенттер немесе Алматыға алғаш келгелі отырған адамдар түсіп қалуы мүмкін. Жалған ақпарат беріп отырған алаяқтар жалға алушылардан алдын ала төлем қалдыруын сұрап, сосын пәтерді жалға алушының атына қалдыратынын айтып алдайды. Әсіресе, тамыз айы – алаяқтардың әлеуметтік желі арқылы табыс табатын маусымы. Осы ретте пәтердің ресми құжаттары мен үйдің өзін көрмей, жалға берушілерге ақша жібермеуге кеңес беремін, – дейді Саяжан Мұханова.
Хостелдер санитарлық талаптарға сай келмейді
Сондай-ақ риелтор қазір қаладағы студенттерге арналған хостелдердің ахуалы мәз емес екенін тілге тиек етті. Саяжан Мұханованың айтуынша, хостел сөз жүзінде студенттерге арналғанымен, мұнда келушілердің арасында студенттер санатына кірмейтін бөгде азаматтар да бар.
– Қаланың сыртында орналасқан хостелдер мен қала ішіндегі хостелдің біраз айырмашылығы бар. Шын мәнінде, студенттерге арналған хостелдер санитарлық талаптарға, онымен қоса ішкі жеке талаптарына да сай келмейді. Себебі оның ішіне студенттер ғана емес, жұмыс істеп жүрген адамдар да кіре алады. Қалтасында ақшасы болса, хостелге бәрін кіргізе алады. Пәтер бағасы әркез сұранысқа байланысты екенін тағы да айтып өткім келеді. Егер сұраныс көп болса баға көтеріледі, төмен болса, сәйкесінше түседі. Мысалы, мамыр-шілде айларының аралығында сұраныстың төмен болуына байланысты пәтер құны төмендейді. Өйткені бұл уақытта студенттердің көбі үйіне қайтады немесе пәтерлерін босатады, – дейді риелтор С. Мұханова.
Биыл еліміз бойынша пәтерді жалға беру бағасы маусым айының аяғынан тамыз айының басына дейін орта есеппен 3,6 пайызға дейін артқаны белгілі болды. Экономист мамандар студенттердің алыс шақырымнан үлкен қалаларға оралуы нарықтағы жалдамалы пәтердің құнына әсер етпей қоймайтынын айтып отыр.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы