Қару-жарақ жарысы күшейіп келеді

Жаһандағы геосаяси жағдайдың күрделенгені сонша, тамыз айы «қызып» тұр. Әңгіме ауа райы жөнінде емес, шиеленістер мен қақтығыстардың молайғаны төңірегінде болып тұр.

Әлемдегі өзара қақтығыс пен соғыс 1946 жылдан бергі  рекордтық көрсеткішке жетіпті. Дұрысы – антирекорд. Ал 2024 жылдың тамызы  осы соғыстар масштабының ұлғаюымен есте қалатын түрі бар.

«Тентек шоқпар жинайды»

Қазақтың көне мақалын та­қырыпша етіп алдық. Әлемдегі қа­зіргі жағдайды сипаттап тұр­ған­дай көрінді бізге. Себебі әлем ел­дері қаруланып жатыр.

Маусымда Швецияның Упп­сала университеті­нің ға­лымдары өз зерттеулерінің нә­ти­жесін жариялады. Ғалымдар 2023 жылы әлемде болған және ер­теректе басталып, әлі де жал­ға­сып жатқан соғыстарды зерттепті. Сөйт­се, 2023 жылы әлемде 59 жер­де әскери қақтығыс болғаны анық­­талған. Оның біразы әлі де жал­ғасып жатыр. Ал Аустра­лия­ның экономика және бейбіт­ші­лік­ті зерттеу институты (The Institute for Economics and Peace – IEP) дүниенің 56 аймағында қарулы қақтығыс болып жатқанын жаз­ды. Зерттеушілер 2024 жылдың бірі­нші жартыжылдығында әлем­нің 97 мемлекеті бейбіт саясаттан ал­шақтай бастағанын анықтаған. 92 ел өз шекарасының сыртын­да­ғы қарулы қақтығысқа тікелей не­месе жанама түрде қатысып жа­тыр. Еуропаның 30 мемлекеті қор­ғаныс бюджетін өсіріпті. Ал 2023 жылы адамзат баласы соғыс­тардың кесірінен 19,1 триллион доллар шығынға батыпты. Бұл со­маны дүниежүзіндегі әр адамға таратып берер болса, 2 380 дол­лардан келер еді. Осы институттың бас директоры Стив Киллелеа соңғы он жылдың тоғызында бейбітшіліктің қадірі кеткенін ай­тады. «Біз қақтығыстардың, ми­литаризация мен халықаралық стратегиялық бәсекелестіктің артуының рекордтық деңгейіне куә болып отырмыз», – деп мә­лім­деді медиаға берген сұхбатында Стив Киллелеа.

IEP-тің «Милитаризациядағы за­манауи трендтер» дейтін соңғы зерт­теуінде де қарулануға бөлі­не­тін қаржының өскені көрсетілген. Зерт­теуде 2008-2023 жылдар ара­лы­ғындағы мәліметтер келтіріл­ген. Айталық, Солтүстік Корея­ның әскери шығындары 2008 жылдары жалпы ішкі өнімнің 8%-ын құраса 2023 жылы 24%-ға жет­кен. Қорғанысқа бөлетін шы­ғындарының ЖІӨ-дегі үлесі жө­нінен екінші орында Ауғанстан тұр. Кабул билігі әскери салаға ел­дегі жалпы ішкі өнімнің 10%-ын жұмсайды Одан кейінгі орын­дарда 5,9% қаржы бөлген Оман, 4,8%-бен Алжир, 4,5%-бен Мали, Ма­рокко, Сауда Арабиясы тұр. Қа­зақстан қорғанысқа жалпы іш­кі өнімнің 0,8%-ын арнапты. ТМД елдерінің ішінде тізімнің ба­­­­сында 4,2% көрсеткішпен Ар­мения тұрса, одан кейінгі орында ЖІӨ-нің 3,8%-ын қорғанысқа жұмсайтын Әзербайжан орна­лас­қан. Жалпы әлемде әскери салаға жұмсалатын қаржы көлемі 2,5 трлн долларға жеткен. Бұл да ре­кордтық көрсеткіш. 

Әрине, әр мемлекет шама-шарқынша қорғаныс қа­біле­тін жетілдіруге мүдделі. Өйт­кені қазір түрлі қауіп-қатер көп. Ха­лықаралық құқықтық норма­лар­­дың дұрыс жұмыс істемейтіні көз­ге ұрып тұр. Әлді мемлекет­тер­дің әрекеті бар, прокси күштер мен террористік топтардың қару­ла­нып жатқаны бар, қысқасы «жау жоқ» дейтін кезең емес. Оның үстіне, қару-жарақ саудасы өте үлкен бизнес. Айталық, әске­ри технологиялар мен қару-жарақ сататын әлемдегі үздік 100 ком­па­нияның таза табысы 2019 жылдан бері 524,4 млрд доллардан 2023 жы­лы 603,9 млрд долларға жеткен. Осы 100 үздік компанияның ішінде ресейлік фирмалар жоқ. Керісінше, өзге мемлекеттердің компаниялары тізімге қосылған. 2023 жылдың соңында тізімде Түркияның 3 компаниясы болса, 2024 жылдың шілдесінде олар бе­сеу болыпты. Украинаның 1 ком­паниясы тізімге енген. АҚШ-тың 47 фирмасы мен концерні қару-жарақ саудасындағы үздік 100 компанияның қатарында жүр. Бір сөзбен айтқанда, адамзат ядролық және өзге жаппай қырып жоятын қаруды таратпауға келіскенімен, конвенционалдық қарумен қару­лануды жолға қойып алғандай көрінеді. «Пьеса басталарда қа­бырғада мылтық ілулі тұрса, соңын­­да ол атылуы керек» деп Антон Чехов айтты делінетін жағ­дай қалыптасып келе жатқан тәрізді. Оның үстіне, қару-жарақ саудасымен қатар мемлекеттердің топ-топқа бөлінуі де күшейгендей көрінеді. Батыс елдері мен Украи­на, Ресей-Иран-Солтүстік Корея үштігі, Иран-Ливия-Сирия тобы, Израиль және НАТО, Африкадағы түрлі мемлекеттің прокси күштері мен бірқатар елдің ресми билігі де­гендей кете береді. Ал тамыз айы­ның «қызып» кетуіне осы жағ­дайлардан бөлек оқиғалар да әсер етті.

Тамыз неге «ысыды»?

Жаздың соңғы айы бастала сала әлем назарын ау­дар­ған оқиға Иран мен Израиль қа­тынастарына байланысты өр­біді. Дәлірек айт­қан­да, 31 шілдеде Те­геранда «Хамас» тобы саяси бю­росының жетекшісі Исмаил Ха­ния зы­мыран шабуылына ұшы­рап мерт болды да, Таяу Шығыс тағы да «қайнап» сала берді.

Ханияның өліміне Иран Израильді айыптады, Түр­кия да «Хамас» тобы жетек­шісінің өлімін саяси риторикада пай­даланып жатыр. Тегеран Израиль­ге шабуыл жасайтынын мә­лімдегеніне де біраз болды. Иран ислам республикасының же­текшісі Аятолла Хаманеи Из­раильді қатаң жазалайтынын айт­қан. Шамасы, Иран саясат­кер­ле­рін «Хамас» тобы жетекшісінің пар­­сы жерінде өлтірілуі шам­дан­дыр­ғанға ұқсайды. Оған қоса, Иран­­ның прокси құрылымы са­на­­латын «Хезболлла» тобы ко­ман­дирлерінің бірі Фуат Шүкр де Бейруатқа жасалған зымыран ша­буылынан көз жұмған еді. «Ха­мас» бұрын идеологиялық тұрғыда Иран­нан алыс топ саналатын. Өйт­кені «Хамасты» құрғандар ис­ламның суннит тармағын ұстанса, Иран шиизмді ресми дін ретінде қабылдаған ел. Бірақ соңғы бірер жыл­да «Хамас» пен Иран серік­теске айналды. 

Қызығы сол, Ханияның өлі­мі­не байланысты Түркия да түрлі мә­лімдеме жасап үлгерді. Ашығын айтсақ, Анкара былтырғы күзден бері Израильмен күрекқабақ күй­де отыр. «Хамас» былтыр 7 қа­зан­да Израильге шабуыл жасаған соң Тель-Авив Газа секторын тас-тал­қан еткені бар. Сектордағы ұрыс әлі жалғасып жатыр. Бақандай 10 ай өтті. Бұл жағдай Таяу Шығыс­тағы аймақтық державалардың біріне айналып келе жатқан Түр­кия­ның өңірге қатысты ұстаны­мына да әсер еткен тәрізді. Режеп Тайып Ердоған мен серіктестері Газадағы жағдайға қатысты жиі мә­лімдеме жасайды. Тіпті, шіл­денің соңғы күндерінің бірінде Ер­доған «Қарабақ пен Ливияға кір­геніміз сияқты, ол жерге де кі­ре аламыз» деп мәлімдеп жібергені бар. Яғни, «қажет болса Израиль же­­ріне де кіреміз» дегенді тұс­пал­дады. Эмоцияға толы мәлімдеме, әрине. Бірақ аймақтағы шие­ле­ніс­ті өршітуі мүмкін. Оның үстіне, Түр­кия президенті Р.Ердоған мен Си­рия басшысы Башар Асад ке­з­десуі ықтимал деген тақырып та тал­қыланып жатыр. Жылдар бойы қырғи-қабақ күйде отырған, ше­кара бойында жиі қарулы қақ­тығысқа түсетін қос елдің диа­лог­ке ұмтылуы да аймақтағы жағдай күрт өзгергенін байқататын тә­різ­ді. Екі мемлекет те Израильге қар­сы позиция ұстанады. Түр­кия­ның ұстанымына күмән көп, ал Сирия Израильмен жиі қақ­ты­ғы­сады.

Осындай күрделі жағдай қа­лыптасқандықтан, Из­раиль өзіне қарсы ұйым­дас­ты­рылуы мүмкін шабуылды той­тару­ға барын салатын сыңайлы. Одақ­тастарынан оқ-дәрі, қару-жа­рақ алып жатыр. Жерорта теңі­зіне АҚШ-тың USS Abraham Lincoln ұшақ тасымалдаушы ке­месі мен оның қолдаушы тобы ат­танатын болды. Ал өңірде USS Theodore Roosevelt ұшақ тасы­мал­дау­шы кемесінің тобы біраздан бері кезекшілік атқарып жүр. Ба­тыстың өзге елдері де Тель-Авивті қол­дауға әзір екенін байқатты. 

Айтпақшы, БҰҰ 2023 жылдың 7 қазанынан бері тек Газа сек­то­рында 40 мыңнан астам палести­налық өлтірілгенін хабарлады. Содан да болар, аймақтағы жағ­дайды шиеленістірмеудің жолын іздеу тоқтаған жоқ. «Хамастың» жаңадан сайланған жетекшілері Израильмен келісім жасауға даяр екенін түрлі дипломатиялық ка­нал арқылы Тель-Авивке білдіріп жатқаны жайлы мәлімет бар. АҚШ пен Еуропа елдері Иранға сә­лем жолдап, ірі шабуыл ұйым­дас­тырудан бас тартуға көндіру амалына кірісті. 

Әлбетте, әлемдегі әскери қақтығыстар жайлы сөз ет­кенде бірден Еуропадағы соғыс еске түсетіні сөзсіз. Өйткені Украина мен Ресей арасындағы соғыс ауқымы, адам шығыны, жұм­салған қаржысы және бола­шақ­тағы салдары жағынан ХХІ ға­сырдың басындағы ең үлкен қақ­тығыс. Шығыс Еуропада қару­лы ұрыспен қатар ақпараттық май­дан, гибридтті тәсілдерді қол­дану да өте қарқынды жүріп жа­тыр. Ал тамызда соңғы екі жылда әлем жұрты назарын тігіп отырған шептен бөлек, «екінші майдан» ашылды. Украиналықтар Ресейдің Курск облысына шабуыл жасады. Осылайша, 1941 жылдан бері өзге елдің әскерлері кірмеген Ресей же­рінде шайқас басталды. Екі жақ­тың да шығыны бар. Әрі Курск жеріндегі ұрыстың нәти­жесі қалай болары белгісіз. Бол­жам жасау қиын. Биылғы жазды «ысытып» жіберген оқиғалардың бірі осы.

Амангелді ҚҰРМЕТ