Aikyn.kz 30 жылда шағын кәсіптен электрондық коммерцияның алыбына айналған компанияның қызметімен Quartz сайтында жарияланған материалдың негізінде таныстырады.
Америкалық миллиардерлер Стив Джобс (Apple), «Барби» ойыншықтарын жасаған Рут Хэндлер мен «Harley-Davidson Motor» мотоциклін шығарған Уильям Сильвестр Харли и Артур Дэвидсон, атақты Уолт Дисней өз бизнес-идеяларын шағын гараждан бастаған.
Әлемдегі ең бай адамдардың үштігіне кіретін Amazon компаниясының негізін қалаған Джефф Безос та өз ісін 1994 жылы 5 шілдеде Вашингтон штатындағы гаражында бастаған.
Қазір сол компания 2 триллион долларлық электрондық коммерция алыбына айналды. Бірақ бұндай деңгейге жету үшін 30 жылда компания талай сынақтан, тексерулерден, сот процестері мен қаржылық проблемалардан өтті.
Amazon компаниясының осы аралықтағы маңызды тарихи сәттерімен таныстырамыз.
Заманауи тұтынушыда Amazon атын естігенде тапсырыс беру рефлексі оянады. Amazon жеткізу мен тапсырыстың синониміне айналды. Азық-түлік алғыңыз келе ме? Оларға Amazon Prime арқылы тапсырыс беріңіз. Досыңызға сыйлыққа тапсырыс бересіз бе? Amazon Prime. Жаңа фильмдер көргіңіз келе ме? Prime Video қолданбасын қолданып көріңіз.
Осы компанияға 5 шілде күні 30 жыл толды. Алғашында amazon.com сайтын ашып кітаптарды онлайн сатумен айналысқан Джефф Безостың компаниясы шағын гараждан 2 триллион долларлық нарықтық капиталға дейін өсті.
Өсу кезеңдерінің айтулы жылдары
1994: Amazon негізі қаланды
Принстон университетінің түлегі Джефф Безос 1994 жылы 5 шілдеде Вашингтон штатындағы гаражында abracadabra сөзіне ұқсас «Cadabra» деген компания құрады. Бірақ бірнеше айдан кейін оның атауын Amazon деп өзгертеді. Өйткені ағылшын тілінде «cadabra» сөзінің айтылуы «cadaver» (мәйіт) сияқты естілгендіктен компания атауын өзгертеді. Бір жылдан кейін компания өзінің веб-сайтын ашып, 45 елге жеткізілетін онлайн кітап дүкеніне айналды.
1997: Amazon акцияларын ашық нарықта сататын көпшілік компанияға айналады
15 мамырда Amazon Nasdaq листингіне шығып, бір акциясы 18 доллар тұратын бастапқы бағамен 3 миллион акция ұсынды.
«Компания әлі таза пайда әкелмегенімен, кейбір сарапшылардың айтуынша, олар компания бірнеше жыл ішінде миллиондаған доллар табыс әкеледі деп күтеді», – деп жазды сол кезде Wall Street Journal.
1998: Amazon кітаптарды ғана емес, көптеген тауарлар сата бастайды
1998 жылдың жазында Amazon киім мен компьютерді қоса алғанда, өнімдердің көбірек түрін сататынын жариялайды. Сол кезде Нью-Йорк Таймс газеті Amazon 3 миллионнан астам тұтынушылары бар «интернеттегі ең табысты саудагер» екенін хабарлады.
2005: Amazon Prime іске қосты
2004 жылдың төртінші тоқсанындағы табыс есебінде Amazon жылына $79 тұратын жедел жеткізу қызметін Amazon Prime-ды іске қосты.
«Amazon Prime – бұл қанша жесеңіз де жедел жеткіземіз қағидасымен жұмыс істейтін жедел жеткізу қызметі», – деді бас директор Джефф Безос сол кездегі мәлімдемесінде (2005 жылдың ақпаны). – «Бұл қазірше компания үшін қымбат болса да, тұтынушылар үшін айтарлықтай пайдалы әрі ыңғайлы».
Бұл коммерциялық ұсыныс тек бірнеше жылдан кейін кең танымал бола бастады, 2018 жылға қарай 100 миллионнан астам жазылушысы болды.
2017: Amazon өз тарихындағы ең үлкен сатып алуды жасайды
Amazon азық-түлік нарығындағы позициясын нығайту үшін маусым айында Whole Foods Market-ті 13,7 миллиард долларға сатып алады, әр акция үшін 42 доллар қолма-қол ақша ұсынады. Бұл оның бүгінгі таңдағы ең үлкен сатып алуы болды.
2018: Amazon бағасы алғаш рет 1 триллион долларға жетті
Қыркүйек айында компания акциялары 1,9%-ға қымбаттап, оның құны 1 триллион доллардан асты. Осылайша Amazon нарықтық капитализациясы 1 триллион долларға жеткен екінші АҚШ компаниясы болды. Ол қысқа ғана уақытта Apple компаниясы ғана жеткен рекордтық 1 триллион долларлық деңгейге жетті.
2020: Amazon екінші рет капитализациясы 1 триллион долларға жетті
Бұл жолы Amazon құны тағы да 1 триллион доллар шектен асты. 31 қаңтардағы таңғы саудада компания акциялары 9%-ға қымбаттап, оның құнын 1,02 триллион долларға дейін көтерді. Алайда Amazon бұл күнді нарықтық құны 995,9 миллиард доллармен жапты.
2021: Джефф Безос Amazon-ның бас директоры қызметінен кетеді
Джефф Безос жыл соңында компанияның бас директоры қызметінен кетіп, оның атқарушы төрағасы болатынын мәлімдеді. Бас директор ретінде Amazon акционерлеріне жазған соңғы хатында Безос компания қызметкерлері мен тұтынушыларға компания болашағына сенетінін айтты.
2024: Amazon-ның үлкен инвестициясы, үлкен айыппұлдар және рекордтық нарықтық капитализация
Amazon компаниясы Anthropic жасанды интеллект стартапына 4 миллиард долларлық инвестиция алды. Компания бастапқыда 2023 жылдың қыркүйегінде стартапқа 1,25 миллиард доллар инвестициялаған еді, ал 2024 жылдың наурызында қосымша 2,75 миллиард доллар аударды.
Amazon-ның ЖИ саласындағы жетістіктері компанияға алғаш рет 2 триллион долларлық нарықтық капиталдандыру шегінен асып түсуге көмектесті.
Назар аударыңыз:
Amazon құны 1 трлн долларға жету үшін 24 жыл керек болса, 2-ші трлн долларға жету үшін бар-жоғы 6 жыл қажет болды. Міне, бұл да бүгінгі технологиялық серпілістің жойқын жылдамдығын көрсетеді.
Anthropic компаниясы ChatGPT-мен бәсекелесу үшін Metis деп аталатын ЖИ-мен жұмыс істейтін чат-бот жасауда. Anthropic сәуір айында 2 триллион долларға бағаланған тағы бір алпауыт Google-мен (бас компаниясы Alphabet) ынтымақтастық орнатты. Anthropic-ті ЖИ жобасына Google 2 млрд доллар инвестиция беруге келіскен.
Amazon Калифорниядағы еңбек заңнамасын 59 000 рет бұзғаны үшін 6 миллион долларға жуық айыппұл төледі.
Миллиардерлер тізімі биржадағы сауда құнына байланысты сағат сайын, күнде өзгеріп отырады. Осы мақаланы оқып отырғанда Forbes мәліметтері бойынша:
1-орында Илон Маск – 244,8 млрд доллар байлығымен;
2-орында Джефф Безос – 195,7 млрд доллармен;
3-орында Марк Цукерберг – 184,8 млрд долларға тең байлығымен.
Бұл мәліметтер 5 минут сайын өзгеріп отырады. Оны мына сілтемеден көре аласыздар: Forbes миллиардерлер тізімі
Amazon әрқашан өзінің жаңашыл компания екенін дәлелдеп келеді. Төмендегі қызық жарнама нұсқасына арналған видеода атақты жұлдыздар да компанияны жарнамалауға қатысқан.
Бүгінгі адамдардың проблемасы өмірдің осындай жылдам өзгеруіне бейімделіп үлгере алмауында. Технологияның құрбаны болғандар (смартфонның құлдары: көп уақытын смартфон мен компьютерге байланып, мақсатсыз өткізетіндер) мен технологияны дамуға, баюға қолданатын (смартфонды құл ретінде пайдаланатын) екі түрлі адамдар тобы пайда болды. Сіз қай топта болғанды қалайсыз?
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.