Кездесуге партия филиалының төарағасы Алмасбек Есмаханов, партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова қатысты.
Қоғамдағы тұғыры биік мамандықтар ұстаздар мен медицина саласы қызметкерлеріне тиесілі. Бүгінде ұстаздар қауымына ұстаз мәртебесі заңды тұрғыда іске асқаны мәлім. Кездесуде медицина саласы мамандары да дәрігер мәртебесін көтеруді ұсыныс ретінде жеткізді.
Депутатпен кездесуде емхананың бас дәрігері Венера Сансызбайқызы дәрілік өнімдерді уақытылы жеткізу мәселесін сөз етті.
«Дәрілік өнімдерді жеткізумен бүгінде «СК Формация» айналысады. Алайда науқастардан сөзді біз естиміз. Мысалы, біз 2025 жылға керекті дәрілер тізімін жасақтап, ұсыныс жібердік. Бірақ көп жағдайда ол ұсынысымыз шамамен келер жылдың ортасына қарай жеткізіледі. Оған дейін науқастар тарапы дәріні уақтылы алмағандықтан бізге арызын білдіріп жатады», – деді емхананың бас дәрігері.
Жиын барысында «Даму мед» бағдарламасының мән-жайы, азаматтардың ай сайынғы төлейтін МӘМС мәселесі, емхана ғимаратының қуаттылығы да сөз болды.
– Мәселен, бүгінде 30 мыңнан аса халыққа қызмет ететін емхана ғимаратының қуаттылығы жетіспейді. Сондықтан жаңа ғимаратқа көшкен жағдайда ескі нысанды емхананың филиалы ретінде қалдырылса, жергілікті халыққа қолайлы болар еді, – дейді ұжым қызметкерлері.
Атап өтейік, денсаулық сақтау мекемесінің негізі 1975 жылы қаланған. Қазір онда 355 қызметкер еңбек етіп келеді. Олардың 66-сы – дәрігерлер, 212-сі – орта буын, 15-і – кіші буын қызмектерлері.