Осы орайда «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қала көшелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Топ мүшелері алдымен М-1 жылу магистралі қайта жаңғыртылып жатқан Төле би даңғылының Бектұрғанов пен Әйтиев көшелері аралығындағы жұмыс барысын назарға алды. Бұл аралық 1300 метрді құрайтын болса, ондағы демонтаждау жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Құбырлар да толығымен жеткізіліпті. Дегенмен Төле би даңғылының Абай даңғылымен қиылысының жабылуы көлік кептелісін тудыруда. Сондықтан мердігер «Сарыағаш – Аман» ЖШС сол маңдағы жұмысты күшейткен. Аталған көше қиылысы 21 тамызға дейін ашылады.
Келесі кезекте комиссия мүшелері Пушкин көшесіне барды. Мұндағы жөндеу жұмыстарын «Айя-Сервис» ЖШС жүргізуде. Бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген көшенің Ғ.Байтасов көшесі мен Абай даңғылының аралығы сүріліп, қайта салынуда. Яғни,бұл көшенің 2,8 шақырымы 1 метрге дейін кеңейтіліп, асфальт төселетін болады.
Комиссия мүшелері мердігер компания өкілдеріне тиісті жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін толығымен сапалы аяқтау туралы ұсыныстарын жеткізді. Себебі жөндеу жұмыстары оқушылардың жүріп-тұруына кедергісін келтірмеуі тиіс.
Бердібек ҚАБАЙ