«KIDS EXPO. Балалар әлемі» балалар тауарлары мен қызметтерінің астаналық жәрмеңкесі – елорда тұрғындары мен қонақтары жаңа оқу жылына қажеттінің бәрін сатып ала алатын тауарлар мен қызметтер нарығының көшбасшыларын біріктіретін бірегей алаң. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен QazExpoCongress ҰК АҚ ұйымдастырған жәрмеңкеге қатысуға барлығы 70-тен астам кәсіпкер ниет білдірген. Олар мектепке қажет құрал-жабдық пен киім-кешекті нарықтан біршама арзан бағада ұсынды. QazExpoCongress ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Еркімбаевтың айтуынша, сатылымға қойылған тауарлар құны нарықтан 5-15 пайызға төмен.
– Барынша отандық тауарларды қамтуға тырыстық. Осындағы өнімдердің 70 пайызы Қазақстанда шығарылған. Әсіресе, мектеп формалары сұраныста. Соңғы екі жылда жәрмеңкенің тауар айналымы 140 миллионға жетті. Биыл кәсіпкерлер балаларды мектепке тегін дайындауға да атсалысты, – деді Дәулет Қуандықұлы.
Жәрмеңкенің ашылуы барысында QazExpoCongress ұлттық компаниясы әлеуметтік қолдау үшін 40-қа жуық балаға ішінде кеңсе тауарлары салынған мектеп сөмкесін сыйға тартты. Ашылу салтанатына Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбекұлы қатысып, барлық кәсіпкерге алғысын білдірді.
– Есіл ауданы әкімдігінің тарапынан осы жәрмеңкені ұйымдастыруға қолдау білдірген QazExpoCongress ұлттық компаниясына және елорда кәсіпкерлеріне алғысымды білдіремін. Балаларды мектепке дайындау әрбір отбасы үшін маңызды шара. Сондықтан да бұл жәрмеңке барлық ата-анаға тиімді болады деп сенеміз, – деді аудан әкімі.
«KIDS EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесінің дәстүрлі мазмұны биыл да толыға түсіпті. Сауда-саттық сөрелерімен қатар, алаңда келушілерге шахматтан шеберлік кластері, балалардың шығармашылық студияларының қойылымдары, кішкентай сәнқойлар үшін сән көрсетілімдері ұсынылды. Көңілді аниматорлар балаларға қуаныш пен күлкіге толы ұмытылмас әсер қалдырды. Іс-шара барысында балаларға арнап білім беру курстары мен мектеп өміріне сәтті және жайлы бейімделуін қамтамасыз етуге көмектесетін түрлі ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.
– Ата-анаммен бірге мектепке қажет құралдармен киімдер алу үшін келдім. Маған аниматорлар қатты ұнады. Бірінші сыныпқа баратын болғандықтан анамның айтуы бойынша, білім мен оқу дағдыларын кешенді диагностикалауға қатыстым, – деді алғаш оқушы атанғалы отырған Мирас Жақып.
Ұйымдастырушылар жәрмеңкеге алты мыңнан адам келгенін айтты.
– Жәрмеңке өзіме қатты ұнады. Балаларымды арнайы ұйымдастырылған ойын алаңына қалдырып, асықпай аралап шықтым. Тауарлардың бағасы қала дүкендері мен базарларындағы бағадан әжептәуір арзан әрі сапалы екен. Балама сөмке, дәптер, мектеп формасы секілді біраз заттар алдым. Бұйырса алдағы жылдарда да мұндай жәрмеңке ұйымдастырылса, қарапайым халықтың қалтасына аз да болса, жеңілірек болар еді. Өзімнің үш балам сабаққа барады. Биыл балалардың мектеп формасы мен дәптерден бастап, барлық керек-жарағы қатты қымбаттап кетті. Дегенмен балаларымды биылғы оқу жылына дайындап үлгердік, – деді қала тұрғыны Жанар Әбдімәлікова.
Сонымен қатар келушілер арасында ұтыс ойнатылды. Онда спорттық велосипед, кеңсе тауарларының толық жиынтығы бар мектеп сөмкелері, тегін балмұздаққа 500 купон таратылды. Кейбір кәсіпкерлер 30 мың теңгеге сауда жасаған адамдарға сөмке сыйлап, түрлі акция ұйымдастырды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ