Қазақстанға Африкадан келген азаматтарға бақылау күшейтіледі

Оның айтуынша, елімізде инфекция жұқтырғандар жоқ.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев маймыл шешегі бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Оның айтуынша, елімізде инфекция жұқтырғандар жоқ.

«Қауіп-қатерді тұрақты бағалап, көрші елдердегі эпидемиологиялық жағдайды бақылап отырмыз. Әсіресе, Африка елдерінен, инфекция тіркелген басқа да елдерден келген азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді. Ауру таралған елдер тізімі үнемі жаңартылып жатыр. Ғалымдардың пікірінше, осы инфекциялық аурудың жұқпалылығы жоғары емес. Қазақстан аумағында таралу қаупі төмен», - деді Нұрлыбаев Үкімет отырысында.

Вице-министр мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілгенін атап өтті.

Елге инфекция кіріп, ауру адамдар анықталған жағдайлар үшін медициналық қызметтердің әртүрлі сценарийі бойынша іс-қимыл алгоритмі әзірленген. Дәрі-дәрмектің қажетті қорын қалыптастыру үшін тиісті шаралар қабылданды. Медицина қызметкерлері диагностика мен емдеу әдістерін оқып жатыр.

«Бүгінде төтенше жағдай үшін ұлттық іс-қимыл жоспары мен Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы дайындалды. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында», - деп сендірді Нұрлыбаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.