АЭС жобасын локализация жасау туралы ой бүгін Астанада өтіп жатқан қоғамдық талқыда көтерілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қоғамдық талқыдағы ең маңызды дүние – Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесіне ел-жұрттың назарын аудару.
Атом индустриясын дамыту қауымдастығының төрағасы Алдияр Тоқтаров қоғамдық талқы барысында елдің энергия секторын дамыту үшін АЭС салудың дұрыс екенін атап өтті.
«Алға қарай жылжып, даму үшін де бізге энергия қажет. Мен бұл жерде өзіме де, замандастарыма да жақсы мүмкіндіктің пайда болғанын көріп отырмын», – деді А.Тоқтаров аталған іс-шарада.
Сонымен қатар оны АЭС жобасын іске асыруға Қазақстан азаматтарының қалай қатысып жатқаны қызықтырды. Бұл сауалға «Қазақстандық атом электр стансасы» АҚ директоры Тимур Жантикин былай жауап берді:
«Әуел бастан максимал деңгейдегі локализацияны жоспарладық. Мұның алдында да айтқанымдай, біз отандық ядролық отынды пайдаланамыз. Ең алдымен, отынды алдағы 100 жылға пайдалануға болады. АЭС құрылысы үшін де бізде көп мүмкіндік бар. Қазір Түркиядағы атом электр стансасының құрылысында 600-ге жуық қазақстандық маман жұмыс істейді. Біздің монтаж жұмысындағы бригада да Ресейдегі БН-800 ядролық реакторының құрылысында жұмыс істеді. Демек, бізде АЭС салуға жеткілікті әлеует бар. Әрине, мұндай бригадаларды аттестаттаудан өткіземіз. Содан кейін барып, эксплуатация кезінде 100 пайыз қазақстандық локализация жасау жоспарланған», – деді Т. Жантикин.