Aikyn.kz 1 сағат бұрын BBC жариялаған жедел хабарламаға сүйеніп, Сицилия жағалауында батып кеткен Bayesian суперяхтасында болған адамдарды іздестіру жұмысы туралы толығырақ баяндайды.
56 метрлік Bayesian кемесі Сицилия жағалауында апатқа ұшырағанда оның бортында 12 жолаушы мен 10 экипаж мүшесі болған. Яхтада әлемге танымал қаржыгерлер мен олардың отбасы мүшелері де бар. Morgan Stanley International төрағасы Джонатан Блумер мен Clifford Chance заңгері Крис Морвилло да осы люкс кемеде болған. Кеме Сицилия жағалауында дауыл кезінде суға батқанын, 6 адам әлі табылмай жатқанын алғаш болып Сицилия Азаматтық қорғанысына сілтеме жасаған BBC хабарлады.
Жоғалғандар арасында британдық технология магнаты, 59 жастағы Майк Линч пен оның 18 жастағы қызы Ханна да бар. Жерорта теңізі жағалауынан 700 метрдей жерде болған оқиғадан кейін олар хабар-ошарсыз кеткен. Құтқарылғандардың арасында Линч мырзаның әйелі Анджела Бакарес те бар.
Bayesian бортында британдықтар, америкалықтар және канадалықтар болған. Кемеде болған 22 адамның 15-і құтқарылған, олардың сегізі қазір ауруханада емделіп жатыр. Бір жасар британдық қыз бен оның анасы мен әкесі де аман-есен жағалауға жеткізілген.
La Repubblica хабарлағандай, із-түзсіз жоғалған алты адамның төртеуі британдық, екеуі америкалықтар. Элиталық яхта жергілікті уақыт бойынша шамамен таңғы сағат 5:00-де қатты дауылдан кейін аударылып кеткен.
Іздеу операциясы сейсенбі, 20 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 06:30-да (Астана уақыты бойынша 9:30) қайта жалғасуы тиіс екенін италиялық La Reppublica газеті де хабарлады. Дәл қазір іздеу жұмыстары қайта басталды.
10 экипажы мен 12 жолаушысы бар Британ туының астындағы яхта Сицилия астанасы Палермоның шығысындағы Портичелло портының маңында дүйсенбі күні (19 тамыз) суға батып кетті. Куәгерлер дауыл соққанда Bayesian зәкірі төмен түсірілгенін, содан діңгегі сынған кеме тепе-теңдігін жоғалтып, суға батып кеткенін айтады.
Кеменің сынықтары теңіз түбінде 50 метр тереңдікте табылған, сүңгуірлер із-түзсіз жоғалғандарды іздеуді жалғастыруда.
Апат кезінде яхтада болған 59 жастағы Майк Линч туралы Aikyn.kz «Кәсіпкер: АҚШ сотында жеңу үшін мол қаражат керек» атты мақала жариялаған еді. Мақалада Линч мырза 2022 жылы сот алдында жауап беру үшін АҚШ-қа экстрадицияланғанын, биыл маусым айында толық ақталғанын жаздық. Сотта жеңген Майк Линч өзінің кінәсіздігін АҚШ сотында дәлелдеу үшін заңгерлік қызметтер мен сот шығындарын өтеуге мол қаражат жұмсағанын, енді «өзінің жақсы көретін ісімен, яғни инновацияға қайта оралатынын» айтқан еді.
«Британдық Билл Гейтс» деп аталған Майк Линч 2006 жылы кәсіпкерлікке сіңірген еңбегі үшін Британ империясының орденімен марапатталған. Ол Autonomy бағдарламалық қамтамасыз ету компаниясын құрып, оны 2011 жылы АҚШ-тың компьютерлік алпауыт Hewlett-Packard (HP) компаниясына 11 миллиард долларға сатады. Бірақ бұл келісімнен кейін он жылдан астам уақыт бойы Майк Линч мырзаның үстінен іс қозғалып, қызу сот күресі жүрді.
Бұл жерде тағы бір мистикалық кездейсоқтық болды.
Bayesian яхтасы апатқа ұшырардан екі күн бұрын сенбіде (17 тамыз) Майк Линчпен бірге алаяқтық ісі бойынша жауапқа тартылып, америкалық сотта жеңіп шыққан Стивен Чемберлен Кембриджширде көлік соғып, қайтыс болған. Бұл кездейсоқтық па, әлде бір-бірімен байланысты оқиғалар ма?
56 метрлік люкс санатындағы Bayesian кемесінің тіркелген иесі – Revtom Ltd компаниясы. Суперяхтаның алты люкс номері 12 адамға арналған. Яхтаның атауы Майк Линч мырзаның докторлық диссертациясына негіз болған Bayes теориясына негізделген деген болжамдар айтылуда. Линч мырзаның әйелі Бакарес ханым Мэн аралында тіркелген Revtom компаниясының жалғыз заңды иесі ретінде көрсетілген.
Апат болған кемеде Шарлотта Голунски бір жасар қызын теңіз бетінде қалай ұстағанын италиялық La Repubblica газетіне айтып берген. Ол күйеуі және қызымен яхта суға батқан кезде палубада болғандықтан, аман қалған. Оның айтуынша, олар «күн қатты күркіреп, найзағай ойнап, қайықты толқындар шайқалта» бастағанда оянып кеткен. Шарлотта кеме суға батып бара жатқанда «дүниенің ақыры» болғандай сезінгенін айтады.
«Екі секунд мен қызымды теңізде жоғалтып алдым, содан кейін толқындардың арасынан оны тауып, қатты құшақтап алдым», – дейді Шарлотта газетке берген сұхбатында.
Аман қалғандардың айтуынша, бұл сапарды Майк Линч мырза жұмыстағы әріптестері үшін ұйымдастырған. Апат болғанын көрген жақын маңдағы Голландия жалауы ілінген кеме батып кеткен яхтаның жолаушыларын құтқаруға келіп, құтқару қызметі келгенше оларға көмектескен. Голландиялық кеме капитаны Карстен Борнер дауыл басылғаннан кейін оның экипажы артта келе жатқан яхтаның жоғалып кеткенін айтады.
«Біз қызыл алауды көрдік, сондықтан мен бірінші жолдасым екеуміз оқиға орнына бардық және құтқару салын таптық», – дейді ол Reuters агенттігіне берген сұхбатында. Оның айтуынша, құтқару салында 15 адам аман қалған, олардың үшеуінің «ауыр жарақаты бар».
Италия жағалау күзеті хабарлағандай, құтқарылғандардың сегізі ауруханада емделіп жатыр. Британ Сыртқы істер министрлігі Сицилиядағы оқиғадан кейін бірқатар британдық азаматтар мен олардың отбасыларына қолдау көрсетіп жатқаны айтылды. Ұлыбританияның теңіздегі апатты тергеу бөлімі де Ұлыбританияда тіркелген кеменің суға батып кетуіне «алдын ала бағалау» жүргізу үшін инспекторлар тобын жіберген.
Қысқаша анықтама
Апатқа ұшыраған яхтада болған Morgan Stanley International төрағасы Джонатан Блумер басқаратын қаржы ұйымы туралы қысқаша анықтама. Morgan Stanley – 1935 жылы құрылған америкалық қаржылық конгломерат, АҚШ-тағы екінші ірі коммерциялық трансұлттық корпорация. 2008 жылдың қыркүйегіне дейін инвестициялық банк болған.
Дүниежүзіндегі ең ірі делдалдық бизнеске ие, әлемдегі ең ірі банктер тізімінде 34-орында. Негізгі қызметі – компанияларды қосу мен жұту, акциялар мен облигацияларды орналастыру, қор және басқа биржаларда сауда жасау, активтерді басқару. 2011 жылдан бастап Morgan Stanley жаһандық маңызды жүйелік банктердің қатарына кіреді. 68 мың қызметкері бар қаржылық құрылым тек 2020 жылы ғана 10,5 млрд доллар таза пайда тапқан. Штаб пәтері Нью-Йоркте орналасқан.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.