Алматы облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық», «Күрті – Бурылбайтал», «Ұзынағаш – Отар» автокөлік жолдарына жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ойға алғандар орындалса, облыс аумағында 1 526 шақырым жол толық жаңартылып, ел игілігіне беріледі. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ұлан Әліповтың айтуынша, «Алматы – Өскемен» бағытында жолдың ұзындығы 763 шақырымды құрайтын «Талдықорған – Өскемен» бөлігінде құрылыс-құрастыру жұмыстары 2022 жылы аяқталуы тиіс. Қазіргі кезде еліміз бойынша «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қапшағай», «Алматы – Қорғас» сияқты 4 ақылы жол бар.
«Еліміз бойынша ақылы жолдарды енгізудегі мақсат – жолдарды күтімде ұстап тұруға, жөндеуге байланысты республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайту. Соған сай, жиналған қаражаттың барлығы сол жолдың ақылы бөліктерін күтіп ұстауға, жол белгілерін салуға, қардан тазалауға жұмсалады», – дейді ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалының директоры Асқат Оқасов.Соңғы онжылдықта жол құрылысы қарқын алды. Күнделікті көріп жүргендей, ақылы жол да өзін ақтай бастады. Күре жолдың тақтайдай түзулігі арқасында Талдықорғаннан Алматыға дейінгі 2,5 сағатта жетіп баратын болдық. Дегенмен көп уақыт өтпей жатып, төрт жолақты жаңа жолдың әр жерінен түрлі ақаулар шығып, ой-шұңқырлардың пайда болуы және олардың қайта жамалып жатқаны өкінішті-ақ. Екі жылда осындай көріністер орын алса, 4-5 жылдан соң жаңа жолымыз қандай күйде болар екен деген ой еріксіз мазалайды. Талап бойынша асфальт-бетон жамылғысы 16-20 жылға дейін жарамды болса, цемент-бетон жамылғысы 30-35 жылға дейін шыдас беруі керек дейді мамандар. Біздің елдегі жаңа жолдың сыйқын жоғарыда айттық. Қысқасы, жолды сапасыз салуға тоқтам бар ма? Мәселенің мәні осында болып тұр. Қарап отырсақ, мемлекет бюджетінен жолды жөндеу үшін бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып, 700 миллиард теңгеге жеткен. Енді осыған жергілікті жердің бюджетінен бөлінетін қаржыны қоссаңыз, тым қомақты қаражат шыға келеді. Жаңа жолымыз өзі жыл сайын қайта жөндеуден өтіп жатса, жоғарыдағы қыруар қаржы шын мәнінде желге ұшпағанда қайтеді?
«Жол активтері ұлттық сапа орталығының» басшысы Замир Сағынов жыл қорытындысына арналған мәжілісте: «Сапа мәселесі – бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбы. Әрбір мемлекет өзінің жолдарына ерекше мән беріп, күтіп ұстайды. Олар шамадан тыс, 10 тоннадан астам жүк көліктерін жүргізбейді. Мысалы, Швейцарияда ауыр жүк көліктерін жалпы халық пайдаланатын жолдарға кіргізбейді. Олар шекараға тауар келгенде ішке 5-6 тонналық шағын жүк көліктерімен тасымалдайды. Осындай ұқыптылықтың, жауапкершіліктің арқасында олардың жолдары да ұзақ жылға, яғни 20-30 жылға дейін сапасын жоғалтпайды. Ал біздің елдегі жағдай бұған керісінше. Жаңа жолмен кімдер жүрмейді десеңізші? Қытайдың 30 тонналық, тіпті 60 тонналық жүк көліктерінің арлы-берлі ағылып жатқанын несіне жасырамыз. Мұндай ауыр жүкті көліктердің саны бүгінде 80 мыңға жетті. Жолдардың 90 пайызын бұзатын осылар. Бұларды тоқтатпасақ, жол сапасы 3 жылдан аспайды деуге толық негіз бар», – деді.«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» басшысының бастамасымен бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ауыр жүк көліктерінің жолға әсері туралы жан-жақты айтылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Алматы облыстық филиалының қызметкерлері «Алматы – Өскемен» трассасының бойында ағылып жатқан көліктердің салмағын, жылдамдығын бақылап, ескерту жасауда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар қатаңдана түспек. P.S.
Осы мақаланы жазу кезінде әлеуметтік желіден төмендегідей жаңалықты оқыдық. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан аумағында, атап айтқанда үстіміздегі жылы 1 наурыздан 1 сәуірге дейін Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау мен Түркістан облыстарында жүк салмағы 8 тоннадан асатын ауыр жүкті автокөліктердің жүруіне шектеу қойылатынын хабарлапты. Сондай-ақ мұндай талап 23 наурыздан 1 мамырға дейін Шығыс Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында да енгізіледі.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы