ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев елімізде рейсті кешіктіргені үшін енді әуекомпаниялары ғана емес, олардың басшылар мен әуежайлардың топ-менеджерлерін де жазалауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бүгінгі Үкімет отырысында министр рейстердің кешігуіне әсер етіп отырған факторларға тоқталды. Олар – еліміздегі алты әуежайда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаждау жұмыстары, ауа райы жағдайлары және адам факторы, яғни жолаушылар ағынының өсуі.
Осы ретте министрлік ұшақтардың кешігуін азайту үшін түрлі жазалау шарасын енгізбек.
– Бұған дейін әуекомпанияларына кешіккені үшін айыппұл салынған болса, енді жаңа механизм бойынша олардың топ-менеджерлеріне де айыппұл салынады, – деді Марат Қарабаев.
Сонымен оның сөзінше, әуежайлардағы жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр.