Атырау облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айжан Мақсұтқызы жақында қаладағы балабақшалардың бірінде болған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде Атыраудағы балабақшада тәрбиеші кішкентай қызды ұрғаны туралы ақпарат шығып, оқиғаның видеосы тараған болатын.
– Аталған балабақша Атырау қаласындағы жекеменшік-серіктестік аясында салынған мекеменің бірі. Қазіргі уақытта болған жағдайға байланысты балабақша әкімшілігінен түсіндірме жұмыстары алынды. Қалалық білім бөлімі жанынан зерделеу тобы құрылып, тіркелген жағдайға байланысты қызметтік тексеріс тағайындалды, – деді облыстық уәкіл.
Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы бойынша кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша іс тіркелді.
Сондай-ақ облыстық омбудсмен аталған жағдай құқық қорғау органдары назарында және Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның бақылауында екенін айтты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.