Елі үшін тігетін отқа басын,
Жинап алдық әр ұлттың көп баласын.
Дәл осындай керемет балалардың,
Қайраты мен қарқыны тоқтамасын
Иә, елдің байлығы халық. Бүкілқазақстандық халықтар бірлігінің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан Халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады. Ассамблеяның басты міндеті – мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру.
Бүгінде Ассамблея этносаралық келісімді, толеранттылықты және халық бірлігін одан ары нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізуде.
1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығымен құрылған. Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретінде халықтар беделін арттыруға ықпал етеді.
Биыл, міне, әр ұлт өкілдерінің тату-тәтті бір шаңырақ астында тұрып жатқанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Бір мақсат. Бір міндет. Бір болашақ» Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығына орай достық кездесу атты 3-ауысымы өз мәресіне келіп жетті. Ауысым барысында орталықта әр ұлт өкілдерінің балалары бас қосып, 20 күндік керемет демалыстарын өткізді.
Ауысымға байланысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтатын болса, «Таныс болу – бір басқа» атты танысу кеші, «Достығымыз жарасқан...» топ визиткасын қорғау кеші, Creative spase «Өнерліге есік ашық!», «Рахмет саған, туған Ел!» патриоттық әндер кеші, «IQ Games» білімділер сайысы, «Бір шаңырақ астында» ұлттар карнавалы, «Қазақстан халықтарының керуені» бекет бойынша ойын және тағы басқалары.
Ашқан құшағына әлем сыятын, жайған дастарханы дархан даласын дүбірлеткен барлық ұлттың өкілдерін жинап, төскейінде жыр төгіліп, аспанынан нұр төгіліп тұратын қаймана қазақтың бейбіт, еркін, егемен күні том-том тарих қылып жалғасын табары хақ. Осындай ғалам сүйсінер халықтың ізін, айнытпай басып келе жатқан өскелең ұрпақтың біршамасы бізде демалады. Ол біздің жетістік, ол біздің жеңіс. «Бір мақсат. Бір міндет. Бір болашақ». Ұранымыз, көгінде қыранымызды самғатып, жыр әнімізді шырқатып жүргей. Сөз соңында...
Шырқатылған қашанда әнұраны,
Барлық ұлттың қуансын тағы бәрі.
Достық туын ешқашан құлатпайтын,
Биік болсын қазақтың шаңырағы.
Гүлайым САЙБЕКОВА
«Балдәурен» республикалық
оқу-сауықтыру орталығының ұстазы