Шараға «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова, Ақтау қаласы ПБ ювеналды полиция инспекторлары, Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңес мүшелері қатысты.
Шараның мақсаты – кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мезгілсіз уақытта жүруін болдырмау, қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу және жасөспірімдердің құқықтарының бұзылмауын қадағалау. Рейдтік шара барысында жасөспірімдердің жиналатын орындары, ойын-сауық кешендері, дүкендер мен көңіл көтеретін орындардың аумақтарына мониторинг жүргізілді.
Мониторинг барысында ойын-сауық алаңдарында сағат 22:00-ден кейін жүрген жасөспірімдер анықталып, ойын-сауық орталығында болуына жол бергені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабымен мекеме иелеріне әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырылды. Одан бөлек, кешқұрым бейсауат жүрген жасөспірімдердің заңды өкілдеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігімен кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз сағат 22:00-ден кейін жүргені үшін әкімшілік хаттамалары толтырылды.
Одан бөлек, «AMANAT» партиясының мүшелері мен құқық қорғау орындарының өкілдері аулаларды арнайы аралап, ата-аналармен кездесті. Мұнда олар елімізде заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22:00-ден кейін компьютерлік клубтарда, ойын-сауық орындарында болуға және 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынатыны туралы ескертпелермен тұрғындарды таныстырды.
Бердібек ҚАБАЙ