Жекеменшік балабақшалардағы жемқорлық

Алматы облысындағы білім саласының өткен оқу жылындағы жұмысын қорытындылап, алдағы жаңа оқу жылындағы жаңа міндеттерді талқылаған, озаттарды марапаттап, маңызды мәселелердің шешімдерін қарастырған тамыз кеңесінде жақсы жаңалықтар, жоғары жетістіктермен бірге керітартпа келеңсіздіктер де кеңінен сөз болды.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің  осы жиында айтқанына қарағанда, өңірдегі жеткіншектерді мектепке дейінгі даярлықпен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуға тиісті жекеменшік балабақшаларды жемқорлық жайлап алған. Әсіресе, облыстағы ғана емес, республикадағы халық саны жағынан  ең ірі әрі өндірісті ауданның бірі – Іледе мұндай сорақылық көптеп анықталып,  9 бірдей жекеменшік балабақшаның құрылтайшылары қамауға алыныпты.  Мұқият жүргізілген тексерулерден соң бір айдың ішінде 29 жекеменшік балабақша жабылып, мемлекетке 729,0 млн шығын келтіргені үшін тағы да бірнеше құрылтайшының үстерінен іс қозғалған көрінеді. Соған қарағанда, бір кездері тым өткір болған мектепке дейінгі білім және тәрбие мекемелерінің жетіспеушілігін жою мақсатында қолға алынып, елден қолдау тапқан және мемлекет пен жекеменшік әріптестік негізінде жұмысқа кіріскен жекеменшік балабақшалар жүйесін де жұмыртқадан жүн қырқатын пысықайлар жайлап алып, мемлекеттің қазынасын  теспей сорып келген сыңайлы. 

«Нақтырақ айта кетсем, бүлдіршіндері мектепке дейінгі дайындықпен қамтамасыз етуге, білімге баулуға және тәрбиелеу мақсатындағы маңызды әрі игілікті іске  өздерінің үлестерін қосуды міндеттеріне алған және мемлекет тарапынан қолдауларға ие болған  жекеменшік балабақшалар кәсіпкерлік субъектілерге тексеріс жүргізуге салынған мораторийді өздерінің жұмысын жақсарту,  дамыту үшін емес, жеке бастарын байыту жолында пайдаланған. Ашкөздікке салынғандар өздеріне мемлекеттік тапсырыс негізінде бөлінген қаржыны нақты мақсатына жұмсамай, ретін келтіріп  оңды-солды  жымқырған. Осы орайда бүгінгі тамыз кеңесінде көтеріліп отырған – білім беру жүйесіне сандық технологияларды енгізу өте орынды және қажетті іс екенін тағы да қайталағым келіп отыр. Өйткені сандық технология көп жағдайда білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жоюға септігін тигізері анық.  Бүгінде Цифрлық технологиялар басқармасы арқылы келеңсіз  жағдайлардың алдын алу, жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында барлық балабақшаға меншік түріне қарамастан «биометрия» автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Мұнда әр баланың балабақшаға келуі жекелей QR код арқылы табельге енгізіліп, есебі жүргізіліп отырады», – деді өңір басшысы. 

Облыс әкімінің айтуына қарағанда, жекеменшік балалақшалардағы келесі бір  проблема – тәрбиеші педагогтердің білімінің нашарлығы және  біліктілігінің төмендігі. Қазір жалпы республика бойынша жекеменшік балабақшаларда тәрбиешілер мен кіші қызметкерлердің өз ісіне жауапкершілігінің жоқтығы, психологиялық  тұрғыдағы тұрақсыздығы салдарынан балаларға қатысты түрлі жағдай болып отырғанын жасырып қалуға болмайды.  Соған сай мектепке дейінгі білім мен тәрбие саласына сергек көзқарас танытып, талапты барынша күшейткен жөн.  

Өңір басшысы осыған байланысты жалпы аталған салаға бақылау мен талапты барынша қатаңдандырып, оның ішінде жекеменшік балабақшаларға педагогтердің білімі мен жауапкершіліктерін  көтеру бағытындағы жұмыстарды жүргізуді тапсырғанын айтты. 

«Бүгінгі тамыз кеңесінде облысымыздың білім саласындағы өзекті проблемалар көтеріліп, жалпы білім саласының дамуымен таныстыңыздар. 

Білім беру өте күрделі жүйе екенін тағы да қайталап айтқым келеді. Саладағы проблемалар нақты жұмыстар арқылы шешімін табады. Осы тұста педагогтер құзыреттілігінің жоғары болуы аса маңызды. Оқушы да, ата-ана да, мемлекет те сіздерге болашағын тапсырып, зор үміт күтеді. Сондықтан баршаңызды өнімді, нәтижелі еңбек етуге шақырамын», – деді Марат Елеусізұлы. 

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы