Жыламасын бала, мұңаймасын ана!

Жыл сайын қоғамда қыз-келіншектер мен балаларға қатысты жайсыз оқиғалар саны артып келеді. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, міндетті түрде отбасындағы зорлық-зомбылық туралы жаңалыққа көзіңіз түсіп, көңіліңіз құлазиды.

Осы уақытқа дейін зорлық-зомбылық тақырыбы талай жерде айтылып та, жазылып та келді. Осы бір шулы тақырып түрлі ортада қызу талқыға түсті, қоғамдық резонанс тудырды. Ақыры көптің тілеуі қабыл болып, биыл елімізде әйелдер мен балалар құқығын қорғайтын жаңа заң қабылданды.

Осы ретте аталған заңның енгізілуіне қоғамда ашық көрініс тапқан келеңсіз оқиғалардың да ықпал еткенін атап өткеніміз жөн. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, былтыр полицейлерге республика бойынша 125 мыңға жуық арыз келіп түскен. Жаңа заңнама шеңберінде (2023 жылдың екінші жартыжылдығында) тұрмыстық жанжалдар бойынша 50 мың өтініш қаралған. Сол өтініштердің 64 пайызына әкімшілік іс жүргізілген. Әкімшілік қамауға алынғандардың саны екі есеге артса, сотта 27 мыңнан астам отбасы татуласқан. 

Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын заң қабылданса да, өкінішке қарай елімізде әлі күнге дейін қыз-келіншектер мен балаларға жасалатын қысым тоқтамай тұр. Заң жүзінде іске асса да, қабылданған ресми құжат кейбір азаматтарға әсер етпей тұрған сыңайлы. Таяуда Алматы қаласында ер адам өз кө­лігімен әйел жүргізушінің көлігін соғып, кейін оны ұрмақ болғаны туралы ақпарат желіде желдей ескен еді. Әйел мен бала құқығы заң жүзінде қолға алынса да, жай­сыз фактілер неге азаймай тұр? Нелік­тен қоғамдағы теріс әрекеттерге заң тұсау сала алмай отыр? Әлде заң әлсіздік танытып отыр ма? Осы және өзге де сауалдарымызға жауап алу мақсатында мамандармен бай­ланысқа шығып, пікірін білген едік. 

Заңгер Тілеужан Кішкенебаев бұрын жеңіл жарақат келтірілген ұрып-соғу фактілері бойынша Қылмыстық кодексте арнайы бап болғанын атап өтті. Оның сөзінше, кейіннен оны Әкімшілік сотқа берді. Әкімшілік сотта отбасындағы ұрып-соғу фактісі бойынша жеңіл түрде әкім­шілік жауапкершілік қарастырылған. Тілеу­жан Кішкенебаев отбасында ұрыс-жанжал болып, әйелдер зорлық көрсе, өкінішке қарай көп жағдайда олар полиция шақырып арызданбайтынын, арызданған күннің өзінде іс қараусыз қалып жататынын түйреп өтті.

– Қазір заң өз жұмысын атқарып отыр. Жоғарыда айтып өткенімдей, көбіне отбасы жағдайында әйел адам қорлық көрсе де үнсіздік танытып, арыз жазбайды. Жағдайға кешіріммен қарап, «балала­­рым­ның әкесі ғой» деп өзара татуласып жата­ды. Ал мұндай кезде іс қысқартылады. Іс қысқартылған соң жұдырық сілтеген адам жауапкершілікке тартылмайды. Осындай үнсіздіктің салдарынан отба­сындағы зорлық-зомбылық қоғамда кең етек алып жатыр. Егер әйелді ұрған адамға бір рет ескерту беріліп, әкімшілік жауап­керші­лікке тартылса, ол алдағы уақытта ұрып-соғу әрекеттерін жасамас еді. Жай ғана Бишімбаевтың іс-әрекетін алып қараңыз. 

Бүгінде Президенттің Жарлығымен әйел мен бала құқығы Қылмыстық кодекстен орын алып, қазір аталған заң бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл дегеніміз егер әйелге жеңіл жарақат келті­рілсе, мұнда әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Отба­сындағы зорлық-зомбылықтың әсерінен түбінде әйелдер зардап шегіп, соңы үлкен қайғы-қасіретпен аяқталады. Сондықтан әйелдер отбасындағы зорлық-зомбылыққа, ұрып-соққанға бейжай қарамауы тиіс. Тіпті, кейде ерлі-зайыптылардың арасында келеңсіз жағдай болса, әйел адамдар по­­лиция шақырып, кейін арыз жазбай қояды. Нәтижесінде, күйеуі жазасыз қа­лады, отбасындағы зорлық-зомбылық одан сайын өрши береді. Соңында әйел тірі өлікке айналады немесе тіпті адам өлімімен аяқталуы мүмкін, – дейді Т. Кіш­кенебаев.

Бүгінде белгілі заңгер, гендерлік зор­лықпен күрес бойынша қоғам белсендісі, Human Rights Lawyers ҚҚ төрағасы Ләззат Рақышевадан көмек күтіп, тығырықтан алып шығуды сұрап хабарласатын қыз-келіншектер аз емес. Заңгердің айтуынша, орталыққа айына шамамен 150-ге жуық, тіпті кейде 180-ге дейін қоңырау келіп түседі. Статистикаға сүйенсек, орталыққа хабарласушылардың дені – көктем мен күз айларында көмек сұрап, байланысқа шыққан.

– Жаңа заң күшіне енгелі көп уақыт бола қойған жоқ. Заң қабылданған соң елде зорлық-зомбылық фактілері тоқтайды деген қате түсінік. Бұл зорлық-зомбы­лықтың түп-тамыры қайдан шығып жа­тыр? Біздің орталығымызға айына тұр­мыстық, жыныстық зорлық-зомбылық көрген, онымен қоса буллинг зардабын тартқан қаншама бала мен ана хабарласады. Біздің міндетіміз – оларды барынша қор­ғап, психологиялық көмек көрсетеміз, заңгерлік кеңес береміз. Қазір елімізде 49 дағдарыс орталығы бар. Барар жері, басар тауы қалмаған аналарға сол дағдарыс орталығына баруға кеңес береміз. Халық­тың ортасында жүрген соң әйел мен бала құ­қығына қатысты жаңа заңның қабыл­да­нуына байланысты неше түрлі қауесетті ес­­­ти­­­мін. «Қазақта «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді ғой, сондықтан үй ішін­дегі ыдыстың сылдырын сыртқа шығарып не керек?! Ол үйдегі проблема» деп заңға аг­­­рессивті көзқарасын танытқан ер адам­дарды да көрдім. Бізге келіп түскен қоңы­рау­лардың арасында ең көп хабар­лас­қан­дар – тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­тың құр­банына айналған әйелдер, – дейді ол.

© коллаж: Елдар ҚАБА

 

Осыдан бірер апта бұрын заңгерге таңғы уақытта Түркістан облысынан алты баланың анасы шырылдап хабарласқан. Ләззат Рақышеваның сөзінше, ішімдікке тойып алған күйеуі әйелдің өзімен қой­май, 11 жастағы ұлын да жұдырық астына алған. Айқай-шуды естіп үйінен жүгіріп шыққан көршілері полицияны шақырып береді. Жәбір көрген әйел учаскелік по­лиция қызметкері күйеуін алып кеткенін, бірақ арадан 2-3 сағат өт­кеннен кейін жолда­сының үйіне қайта оралғанын айтқан. 

– Полиция қызметкерлері неліктен ер адамды үйіне қайтарып жібере салды деп сұрасам, ішімдіктен ес жиған соң екен. Күйеуі үйге келіп қоқан-лоқы көрсетіп, әрі қарай тағы да шу көтереді. Қабылданған заң негізінде ұрып-соққан адам қамалуы керек, өйткені бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Кейіннен бұл отбасының жылдар бойы ұрыс-жанжалдан көз аш­пайтыны, күйеуінің бірнеше рет қамалғаны белгілі болды. Полиция әйелден арыз хатын алады, бірақ оны оқып қарасаңыз, әйелдің қорқып қалғаны айқын көрініп тұр. Неліктен? Себебі ол күйеуінің өз ба­ласын ұрып-соққанын арызда айтпайды. Мен әйелден баласының да, өзінің де құқығын неліктен қорғай алмай отырғанын сұрадым. Бұл ретте әйелді кінәлаудың қа­жеті жоқ шығар. Өйткені тұрмыстық зор­лық-зомбылықты көру әйел үшін нор­маға айналып кеткен. Әйелдің әбден еті үйреніп қалғаны сонша, ол өз құқығын білмейді. Зорлық кезінде ата-ана тара­пынан қорғал­маған баланың психологиясы сынады. Келешекте мұндай отбасынан өсіп шыққан балалар ортада өзін-өзі қорғай алмайды. Әлгі хабарласқан түркіс­тандық келіншек не істерін білмей дал болғанын, полиция күйеуін он күннен кейін қайта жібере салатынын, ал оның үйге келіп қырғын шығаратынын айтады. Әйелі мен баласына күн көрсетпейтін мұндай еркекті есепке қою қажет, – дейді заңгер.

Сонымен қатар дағдарыс ор­талық­тарын паналап, заңгердің көмегіне жүгі­нетін­дердің арасында әйелдерден өзге балалар да бар. Ләззат Рақышева жәрдем сұрап үмітпен келушілердің ішінде әлі үлкен өмірге аяқ баспаған, өрімдей жас бала­лардың көп екенін айтып ашынады.

– Айына кем дегенде 17-20 баладан өтініш пен түрлі мазмұндағы хаттар ке­леді. Оларың айтатыны: «Менің әкем алқаш, әкем анамды ұра береді, ҰБТ-ға дайындала алмай отырмын, анам мені түсінбейді» дейді. Тек үйде емес, қоғамда, соның ішін­де балабақшадан бастап бала­­­ларға зор­лықтың қылмыс екенін ұғын­дыр­ға­нымыз жөн. Балабақшадан кейін мек­тепте мұғалімдер мен психо­логтер жұмыс істеуге тиіс. Негізінен, ата-аналар балаға 18 жасқа дейін жауап бе­ретінін білуі керек, – дейді құқық қор­ғаушы Л.Ра­­қышева.

Иә, қыз-келіншектердің тағдыры ту­ралы сөз қозғалғанда бала құқығынан айналып өте алмаймыз. Себебі отба­сын­дағы зорлық-зомбылықтың құрбанына ай­налып қана қоймай, жастайынан өз ортасында буллингке ұшырайтындар да – кәмелет жасына толмаған балалар. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара За­киеваның дерегінше, 2023 жылдың қараша айындағы көрсеткіш бойынша елімізде 25 бала ажал құшқан. Қорқыныштысы сол, оның ішіндегі 6 бала жақындарының қо­лынан қаза тапқан. Статистикаға сүйенсек, былтыр еліміздегі балалардың 60 пайыздан астамы буллинг құрбанына айналса, 45 пайызға жуығы дискрими­нацияға ұшы­раған.

Ләззат Рақышева балаларға өз жы­ныстық ерекшеліктерін қабылдауды ғана емес, оны қорғауды да үйрету маңызды екенін атап өтті. «Әр бала өз жеке шека­расын қорғай білу дегеннің не екенін тү­сінгені дұрыс», – дейді ол.

– Жыныстық тәрбие дегеніміз – ба­ланың өз жынысын танып, білуі. Қабылдау бағытында қажетті мәліметті беру, үйрету және балаға көмектесу ата-ананың міндеті саналады. Көп жағдайда ата-аналар жы­ныстық қатынас тақырыбында баламен ашық диалогке бара бермейді. Негізі, жы­­ныстық тәрбиені балалық шақтан бастаған абзал. Ұл бала да, қыз бала да өз жыныстық ерекшеліктерін танып, оны толықтай қабылдағаны жөн. Белгілі бір сәттерде балалардың өтпелі кезеңі болады. Мұндай уақытта ағзада өзгерістер бола­тынын ал­­­дын ала ескертіп, түсіндіргені абзал. Бала ертерек хабардар болса, бар­лығына дайын болады және не істеу керек екенін біледі. Өтпелі кезең ұл балалар үшін 10-15 жас, ал қыз балаларда 9 бен 14 жас аралы­­­ғында өтеді. Қазіргі дамыған заманда балалар көп ақпаратты біз айтпай-ақ біледі. Дегенмен біз зиянды тұстарын түсіндіруіміз қажет. Иә, біздің уақытымызда мұндай тақырыпта ешкім сөйлеспейтін. Бұл ең ұятты тақырып еді. Енді алдағы уақытта балаларымыздың тәрбиесіне, олардың қоршаған ортасына, ара­ласатын достарына мән беруіміз керек, – дейді құқық қорғаушы.

Сөз соңында құқық қорғаушы үйдегі жанжал жабық есік артында қала берсе, отбасылық құндылықтар қирайтынын айтып ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-аналарға үндеу жасады.

– Таяқтан көз ашпаған ана ұл мен қы­зына тәлім-тәрбие бермек түгілі жа­ры­­­тып көңіл бөле алмайды. Салдарынан қоғамға бейімделуі төмен, ортаға сіңу қабі­леті дамымаған, ерік-жігері жасық ұрпақ өсіп келеді. Бала кезінен зорлық-зомбы­­лықты көріп, психологиялық соққы алған балалар кейін сол әрекетті өз шаңы­ра­­­ғын­­­да қай­таланатынын қазірдің өзінде байқап жүрміз. Бақытсыз отбасында өс­кендер – бақытсыз отбасының негізін құ­райды. Бақытсыздық шеңбері мәңгілікке жалғас­­­пауы тиіс, – деп сөзін түйіндеді Л. Рақ­ы­шева.

Бақытты отбасы – бақытты мемлекет. Отбасылық құндылықтар, әйел мен бала құқығы тақырыбы қай заманда болмасын өзектілігін жоймайтыны анық. Десе де, қоғамда болған сұмдық жағдайларға көз жұ­мып қарауға болмайды. 2022 жылы балалардың өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша 155 жағдай тіркелсе, былтыр еліміз суицид көрсеткішінде 178 мемле­кеттің ішінде 19-орынға тұрақтаған. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Мұндай қор­қынышты цифрларды одан әрі асқын­дырмау үшін – заң мен қоғам, мемлекет пен отбасы күш біріктіріп, бір мүддеге жұмыс істеуі тиіс. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы