Бокстан Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі бес құрлықта өтеді. Кездесуде барлығы 286 жолдама сарапқа салынады. Байрақты бәсекенің жалауы Дакар, Амман, Лондон, Буэнос-Айрес пен Парижде желбірейді. Осы орайда 10 наурыз күні Иорданияда аталған турнирдің жартылай финалы басталды. Аммандағы іріктеу турнирінде Олимпиада ойындарына барлығы 63 жолдама беріледі. Бокстан Қазақстан құрамасы 13 салмақ дәрежесінде 13 спортшыны бәйгеге қосты. Нәтижесінде, қазір сегіз жолдама бар. Закир Сафиуллин, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Бекзат Нұрдәулетов, Серік Теміржанов, Василий Левит, Қамшыбек Қонқабаев және Надежда Рябец Токио Олимпиадасының лицензиясын иемденді. Ғалым Кенжебаевтың шәкірттері тың дайындықпен келгені байқалып тұрды, білем. Өйткені ә дегеннен Нұрдәулетов қарсыласын соққымен төпелеп, Әбілхан Аманқұл нокдаунға жіберді. Закир Сафиуллин «не бел, не белбеу» кетеді деп жүргендей. Теміржанов пен Қонқабаевтың ішкі тілегін біз жақсы білеміз. Ал Левит «аяқтан шалу бар болса да, аянбаспын» дегендей алаңдағы қимылымен алдағы олимпиада таңынан үміті барын дәлелдеді.
Іріктеу ережесіне сай үздік төрттікке енгенге олимпиада лицензиясы беріледі. Ерлер құрамасынан сегіз боксшының жетеуінде жолдама бар. Ендігі мақсат – медаль. Жартылай финалда Серік Теміржанов (57 келіге дейін) өзбек боксшысы Миразизбек Мирзахалиловпен қолғап түйістіреді. Закир Сафиуллин (63 келі) иорданиялық Обада Мохаммад Мустафа Алкасбехпен кездеседі. Ал Абылайхан Жүсіпов (69 келіге дейін) үнді үміті Викаш Киршанмен шаршы алаңға шығады. Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейін) қытайлық қандасымыз Таңатқан Тоқтарбектің Эрбиекенің әулесесін байқап көрсе, Бекзат Нұрдәулетов (81 келіге дейін) алаң иесі Одаи Алхиндавимен жұдырықтасады. Василий Левит (91 келіге дейін) иорданиялық Хуссейн Ишаишпен, Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келіден жоғары) австралиялық Джастис Ханимен финалдың тағдырын шешеді.Әр доданың өзіндік бәсекесі бары белгілі. Ежелгі қарсылас Өзбекстанның алты былғары қолғап шебері жартылай финалға жолдама алды. Олар: Шахобиддин Зоиров (52), Ельнур Абдураимов (63), Бобо-Усмон Батуров (69), Санжар Турсунов (91), Миразизбек Мирзахалилов (57), Баходир Жалолов (+91). Егер Жалолов пен Қоңқабаевтың жолы финалда түйісер болса, ел сүйсінер кездесу болмақ. Өйткені күзде өткен Әлем чемпионатында өзбек боксшысы Қонқабаевты сан соқтырып кеткен еді. Ал бокстан әйелдер құрамасының турнирдегі жағдайы мәз емес. 4 наурыз күні 57 келіде бақ сынаған Дәметкен Келімбет қытайлық қарсыласынан ойсырай (0:5) ұтылды. 60 келідегі Әлем чемпионатының жүлдегері Римма Волосенко да жеңіліп қалды. Ол үндістандық Симранжит Каурге есе жіберді. Нәтижесінде, қос боксшымыз Олимпиада лицензиясынан қағылды 6 наурыз күні 69 келі салмақта Валентина Хальзова корей боксшысы Сюён Чоиге есе жіберді. Ал 75 келі салмақтағы Надежда Рябец өзбекстандық Навбахор Хамидованы жеңіп, ¼ финалға өтті. Артынша вьетнамдық Ти Хуон Нгуенді ойсырата ұтып, Олимпиада жолдамасына қол созды. Боксшы ару жартылай финалда австралиялық Кейтлин Паркермен қолғап түйістіреді. Айбике ЖАНАСЫЛ