XVII жазғы Паралимпиадаға қатысатын спортшыларымыздың алғашқы легі Парижге аттанды, – деп хабарлады Aikyn.kz.
Туризм және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, бүгін волейболды отырып ойнау, пара үстел теннисі және пара жүзу құрамаларының спортшылары Францияға жол тартты.
Париж Паралимпиадасына волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама 28 жылдан кейін алғаш рет қатыспақ. Ал пара үстел теннисінен Қазақстан құрамасы биыл алғаш рет Паралимпиада жолдамасын жеңіп алды.
Пара жүзу спортшылары арасында Лондон-2012 Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Сиязбек Дәлиев пен Амир Мұратбеков бар.
Қазақстан құрамасының спортшылары Париж Паралимпиадасына спорттың 9 түрінен 33 лицензия жеңіп алды. Жарыс 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.