Антикор Astana LRT ЖШС-ның қашып жүрген бұрынғы басқарма төрағасын жауап алуға шақырды

Күдіктіні шақыру туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялады.

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Astana LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты қылмыстық істі тергеуде,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазіргі уақытта тергеу нәтижесінде ауыр қылмыс жасауда жиналған дәлелдер күдікті Т. Ардан әрекеттерін ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша саралауға мүмкіндік берді.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 208-бабы 1-бөлігіне сәйкес күдікті жауап алуға шақырылады.

Алайда  күдікті Т.Ардан Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуына және келуден жалтаруына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚПК-нің 205-бабы  3-бөлігін басшылыққа ала отырып, күдіктіні шақыру туралы хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

"Жауап алу және күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау үшін Т. Ардан 2024 жылы 23 тамызда сағат 09:00-де Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 19 «Б» блогы мекенжайында орналасқан Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік ғимаратына жедел-тергеу тобының басшысы Ж. Өтепқалиевке келу қажет", –  делінген хабарламада.

Күдікті тергеу әрекеттеріне қатысу үшін қорғаушыны дербес шақыруға не қылмыстық процесті жүргізуші органның қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету туралы өтінішхат беруге құқылы (ҚР ҚПК 68-бабы).

Егер қорғаушыны күдікті немесе оның заңды өкілдері, сондай-ақ олардың тапсырмалары бойынша басқа адамдар шақырмаса, қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қамтамасыз етеді (ҚР ҚПК 67-бабы).

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.