Стратегиялық серіктестік нығая түседі
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның көпжақты серіктестігінің берік негізі саналатын жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулерге баса мән беретінін айтты.
– Ең алдымен, ежелгі тәжік жеріне табаным тиген сәттен бастап көрсеткен сый-құрметіңіз бен қонақжайлық көңіліңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Біз – сенімді одақтас елдерміз. Қазақстан тарапы Тәжікстанның қазақ халқына деген тілеулес ниетін жоғары бағалайды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Біз алға қарай жылжуымыз керек. Бұл сапар – ынтымақтастығымызды дамытуға тың серпін беруді көздейді. Бүгін Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылады. Меніңше, бұл құжаттың тарихи маңызы зор. Осы орайда бірқатар өзекті мәселе бойынша мазмұнды пікір алмасамыз деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Эмомали Рахмон екіжақты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.
Мемлекеттер басшыларының шағын құрамдағы кездесуінен кейін ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-тәжік ынтымақтастығы барлық бағытта қарыштап дамып келе жатқанын айтты.
– Шын мәнінде, алдыңғы кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың бәрі дәйекті түрде жүзеге асырылып жатыр және екі ел үкіметтерінің бақылауында тұр. Мұны өзім де қадағалап отырмын. Өткен айда премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға қатысушылар екіжақты ықпалдастық тетіктерін егжей-тегжейлі талқылады. Мақсатымыз – өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Менің ойымша, бұған елдеріміздің әлеуеті жетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мәдениет күндерін ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы, атап айтқанда Душанбенің орталығында қазақтың бас ақыны, хакім Абай Құнанбайұлының ескерткіш-бюстін орнатқаны үшін тәжік тарапына алғыс айтып, мұндай іс-шаралар ортақ рухани-мәдени құндылықтарымызды байыта түсетініне назар аударды.
Өз кезегінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қою ұзақмерзімді перспективада мемлекетаралық байланыстарды жаңа деңгейге көтеретінін айтты.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа салтанатты түрде қол қойды.
Қазақстан экспортты ұлғайтуға дайын
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон екіжақты келіссөздер аяқталғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап бірлескен мәлімдеме жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзара сауда-саттықты одан әрі дамытуға екі елдің мол мүмкіндігі бар деп санайтынын жеткізді. Мәселен, Қазақстан Тәжікстанға жалпы құны 200 миллион доллар болатын 85 тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын. Тәжікстан тарапы да Қазақстанға экспорт көлемін арттыру үшін айтарлықтай ресурсқа ие.
– Біз жеткізілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту және елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығын тежейтін кедергілерді кезең-кезеңімен жою, көлік-логистика саласындағы серіктестікті арттыру жөнінде келісімге келдік. Экономикалық кооперацияны күшейту үшін екі ел үкіметтеріне 2027 жылға дейін өзара тауар айналымын ұлғайту туралы жол картасын қабылдауды жеделдету жөнінде тапсырма бердік. Келешекте өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізуге, тіпті одан асыруға мүдделіміз. Тауар айналымын арттыруға агроөнеркәсіп секторы айтарлықтай үлес қоса алады. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша елдеріміздің бірі-біріне ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемі 12 пайызға ұлғайып, бұл бағыттағы сауда айналымы 300 миллион долларға жуықтады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар ұн тарту өнеркәсібін дамыту, өсімдік майын, кондитерлік және мал шаруашылығы өнімдерін шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласқан. Президент қазіргі кезде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру және экономиканың басқа да салаларында бірқатар ауқымды жоба әзірленіп жатқанын айтты.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту келіссөздерге арқау болғанын жеткізді.
– Өткен жылы Қазақстан қалаларында Тәжікстанның мәдениет күндері мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі табысты өтті. Бұл жолғы сапар аясында Душанбе, Худжанд және Бохтар қалаларында қос халықтың арасын жақындата түсуді көздейтін маңызды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар жастар арасындағы байланысты жандандыруға, әсіресе, білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге екі тарап та мүдделі екенін растадық. Сапар қарсаңында екі ел жастарының, ғалымдары мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан форум сәтті өтті. Қазақстан өңірдегі елдер ішінде Тәжікстаннан келетін студенттерге ең көп білім грантын бөледі. Біз білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Тәжікстанның мамандарын даярлауға және тәжік әскери-техникалық мамандарын оқытуға қосымша мүмкіндіктер қарастырамыз. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М. Осими атындағы Тәжік техникалық университетінде бірлескен ақпараттық технологиялар факультетінің ашылуын құптаймыз. Мұндай жаңалықтардың мән-мағынасы зор әрі халықтарымыз мұны ерекше ықыласпен қабылдары сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндеріне арналған салтанатты концертті тамашалады. «Кохи Борбад» сарайында өткен гала-концертте Қазақстан мен Тәжікстанның өнер майталмандары, соның ішінде Astana ballet балет труппасы мен симфониялық оркестрі, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының хоры, Hassak этно-фольк тобы және тағы да басқа шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Сахнада қос халықтың танымал музыкалық шығармалары мен әлемдік классика репертуарынан үзінділер орындалып, хореографиялық композициялар ұсынылды. Бауырлас тәжік халқы Димаш Құдайберген, Айгүл Үлкенбаева, Темірлан Бейсембай (Ratovich), El Voice тобы, Фарух Тохтамуратов (Adam) сияқты мәдениет қайраткерлерінің өнерін тамашалады.
Қазақстанның мәдениет күндері аясында Душанбе, Худжанд және Бохтар қалаларында мәдениетаралық байланыстарды кеңейтуді көздейтін бірқатар маңызды іс-шара өтеді. Осы аптада Әбілқасым Фирдауси атындағы мәдениет және демалыс саябағында қазақтың бас ақыны, хәкім Абай Құнанбайұлының ескерткіш-бюсті салтанатты түрде ашылды. Бұдан бөлек, Ұлттық музейдегі бірегей жәдігерлерден жасақталған қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің көрмесі және отандық кинематографтар түсірген фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Сапар аясында 16 құжатқа қол қойылды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапарының екінші күні Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен кездесуден басталды. Мемлекет басшысы қазақ-тәжік қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылғанына назар аударып, бұл екіжақты ынтымақтастықтың мүлдем жаңа кезеңіне бастау болатынын айтты.
– Бұл құжаттың тарихи маңызы зор. Осы арқылы алға қарыштап қадам басамыз. Президент, құрметті Эмомали Рахмонның парламентаралық байланысты жандандыру туралы ұсынысын қолдаймын. Өзіңізді еліміздің шынайы досы ретінде білеміз. Өйткені Сіздің студенттік шағыңыз Қазақстанда өтті. Сондықтан біздің байланысымыз парламенттер деңгейінде жанданып, екіжақты ынтымақтастық пен одақтастықтың ең маңызды бөлігіне айналады деп үміттенеміз, – деді Президент.
Тәжікстан Парламенті төменгі палатасының спикері екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыстарды дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.
– Өзіңізбен кездескеніме қуаныштымын. Президентіміз, құрметті Эмомали Рахмонмен шынайы достығыңыз мемлекеттеріміздің арасындағы жан-жақты ынтымақтастық пен татулықты нығайтуға қызмет етіп келеді. Қазақстан – Тәжікстанның сенімді досы, стратегиялық серіктесі. Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Біз бұған ерекше мән береміз. Сапар аясында 16 құжатқа, соның ішінде тарихи мәні зор Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылды, – деді Махмадтоир Зокирзода.
Өзара сауда-саттық көлемі 2 млрд долларға жетеді
Жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзодамен кездесті. Әңгімелесу барысында Президент қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің сан қырлы ықпалдастығын жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.
– Жан-жақты және мазмұнды келіссөз жүргізілді. Оның нәтижесі де көңілден шығады. Бизнес-форумды жоғары деңгейде өткізуге қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Жалпы құны 1 миллард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Бұл – қуантарлық жайт. Біз кеше өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Екі ел үкіметтері мемлекеттеріміз арасындағы сауда айналымын ұлғайтуға ықпал ететін түрлі бағытты қарастыруы керек деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Тәжікстанмен сындарлы серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілді екенін тағы бір мәрте растады.
Өз кезегінде Кохир Расулзода Тәжікстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, кейінгі жылдары екі ел арасындағы ынтымақтастық жандана түскеніне тоқталды.
– Тәжікстан Үкіметі Қазақстанмен ықпалдастықты тереңдетуге басымдық береді. Сіздің еліңіз – біз үшін маңызды сауда серіктес. Ондаған жылдар бойы Қазақстан сыртқы сауда айналымы бойынша тұрақты түрде негізгі рөл атқарып келеді. Биылғы бірінші жартыжылдықта тауар айналымы ұлғайды. Өсім көрсеткіші 20 пайызға жуықтады. Сіз екі ел үкіметтеріне өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізуді тапсырдыңыз. Бұл – орындауға болатын міндет, – деді Тәжікстан Премьер-министрі.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кохир Расулзода келісілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың, сондай-ақ өндірістік кооперациядағы және сауда-экономика, көлік-транзит салаларындағы әлеуетті толықтай пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.
Бұдан соң Қазақстан мен Тәжікстан президенттері ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық тағамдар көрмесін аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмонға көрмеде көкөністер мен жемістер, сондай-ақ ұлттық тағамдар, соның ішінде аспаздар ерекше талғаммен әзірлеген палау түрлері, таба нандар мен күлшелер көрсетілді.