Ондаған жылдар бойы қалыптасқан жүйеден шықпай, «артық алмай, не кем салмай» жүріп үйреніп қалғанбыз. Бұл үйреншікті жағдайға айналды. Арасында кейбір кәсіби мамандардың жеке ізденісі демесеңіз, жалпы оқу жүйесіне болсын, концерттік-насихат жұмысында болсын тың жаңалық әкелу өте аз кездеседі. Сондықтан да бір ерекше дүниені көрсек, арнайы тоқталып өткіміз келеді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Көне музыкалық аспаптар» кафедрасы ашылды.
Әріден бастайық, консерватория 1944 жылы құрылды. Ол кездегі атауы «Мемлекеттік өнер институты». Бір жылдан кейін Құрманғазы атындағы консерватория болып өзгертілді. Сол 1945 жылы да халық аспаптары кафедрасы ашылды. Домбырасы да, қобызы да сол кафедра ішінде болатын. Араға 35 жыл салып, яғни 1980 жылы «Халық музыкасы» факультеті құрылады. Құрамында «Домбыра», «Қобыз және баян», «Оркестрлік дирижерлеу» кафедралары болған.
Бүгінде консерваторияның «Халық музыкасы» факультеті құрамында «Домбыра», «Қобыз және баян» және «Халық әні» (кафедрасы 1987 жылы ашылған – ред.) кафедралары бар.
Осы уақыт ішінде қайта жаңғырған бірнеше қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары оқу бағдарламасына енгізілді. Атап айтқанда, сыбызғы, шертер, жетіген, сазсырнай секілді аспаптар алдымен қосымша (факультатив) пән ретінде оқытылса, кейін уақыт сала жеке мамандық ретінде студенттерді қабылдап жатты. Осы аспаптар енді жеке отау тігіп, «Көне аспаптар кафедрасы» деп атаныпты. Келесі сөз кафедра жайлы.
«Көне аспаптар кафедрасының» көшін бастап тұрған сыбызғы аспабы. Сыбызғы жайлы көп жазуға болады. Аз-кем тоқтала кетейін. Алматыда сыбызғы үнін әуелеткен өнерпаз көп емес еді. Жұбановтың заманында Ысқақ Уәлиев пен Оспанғали Қожабергенов десек, бергі уақытта Кәлек Құмақайұлы мен Нұрахмет Жорабекұлының есімдері еске түседі. Десе де, сыбызғышылық өнерді алғаш рет арнайы мамандық ретінде жаңа деңгейге шығарып, кәсіби өнерпаздарды оқытып жүрген – Талғат Мұқыш.
https://youtu.be/uLV6YSEP7lo?si=x3j8JeKjv1ZrZoGP
Жаңа кафедрада оқытылатын көне аспаптың бірі – шертер. Заман ауысып, адам талғамы өзгерген соң шертер де ұмыт қалған еді. Дегенмен зерттеуші Болат Сарыбаевтың еңбегі арқасында аспап қайта жаңғырып, қазақтың дәстүрлі музыкалық өнері ортасынан ойып тұрып орын алды. Шертердің алғашқы орындаушысы Жарқын Шәкәрім еді. Ал оқу үрдісіне қосып, 1990 жылдардан бастап кәсіби мамандарды дайындап жүрген Ерсайын Басығараевтың еңбегі орасан зор.
Жетіген аспабы да ұмыт болып, кейін Болат Сарыбаев еңбегінің арқасында қайта жаңғырды. Алғашқы реконструкцияланған жетігеннің ішегі аңызына сай жетеу болса, қазір дыбыс диапазонын көбейтіп, ән мен күйлерді еркін алуға лайықталған жиырмадан астам ішегі бар жетіген сахнаның көркіне айналды. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары жетігенде алғаш ойнағандардың бірі Талғат Сарыбаев еді. Ал жаңа заманда жетігенді насихаттап жүрген Нұргүл Жақыпбек 2000 жылдан бастап аспапты оқу үрдісіне енгізді. Бүгінде көптеген кәсіби мамандарда «жетігенші» деген квалификация бар.
Консерваторияның жаңа кафедрасындағы тағы бір аспап – сазсырнай. Бұл аспаптың да дамуына үлес қосқан Болат Сарыбаев еді. Көне Отырар қаласының орнынан табылған кішкене аспап, кейін зерттеліп, зерделеніп, оркестр-ансамбльдердің құрамынан орын алды. Саз сырнайды насихаттап, 2006 жылы оқу үрдісінде жеке мамандық ретінде қосқан – Гүлфайруз Далғабай. Сонымен қатар бүгінгі күні саз сырнайды жетілдіріп, бірнеше түрін жасап шыққан аспап жасаушы шебер Азамат Бақияның да еңбегін де айтып өтуіміз керек.
1950 жылы Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен оқу үрдісінде жеке мамандық ретінде оқытыла бастаған аспап – домбыра бас. Алғашқы ұстазы Құбыш Мұхитов. Бас домбырасыз бүгін қазақ оркестрі мен ансамбльдерін елестету қиын. Кез келген шығарманың реңін ашып, ұлттық музыкалық аспаптар отбасынан өз орнын тапты. Бүгінгі күні бұл аспап тарихын зерттеп, насихаттап жүрген Әсет Жұмабаев та жаңа кафедрада ұстаз.
https://www.youtube.com/watch?v=zxQBWAJRsTk
Домбыра прима аспабы 1950 жылдары профессор Ахмет Жұбановтың жетекшілігімен жеке мамандық ретінде консерваторияда ашылды. Алғашқы ұстазы Фуат Мансұров болған. Домбыра прима да (домбыра бас сияқты) оркестрге ерекше өң беріп, кез келген шығарманы құлпырта алатын қазақ дәстүрлі өнеріне лайықталған музыкалық аспаптардың біріне айналды. Осы күнге дейін аталған мамандық бойынша көптеген студент білім алған.
Жаңа кафедра өзінен өзі ашылмайтыны белгілі. Құжаттарын реттеп, оқу бағдарламасын түзеу керек дегендей жұмыс бар. Осы жайды кафедра ұстазы Әсет Жұмабаевтан сұрадық. «Кафедра ашылуына мұрындық болған жандар аз емес. Біршама адамдар азды-көпті үлес қосты. Десе де, консерваторияның «Халық музыкасы факультетінде» жаңа кафедраның ашылуына мұрындық болған, қара шаңырақта сол кезде ректордың міндетін уақытша атқарған, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Әшіров, Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор, профессор Гүлнәр Әбдірахман және «Халық музыкасы» факультетінің деканы болған профессор Төлепберген Тоқжанов секілді тұлғалардың еңбегі орасан зор», – деді.
Сонымен қатар Ә. Жұмабаев «Консерваториямыздың ректоры, PhD докторы Гаухар Тасбергенованың шешімімен, жаңадан ашылған кафедраның меңгерушісі болып Мәдениет қайраткері, профессор Зәмзагүл Ізмұратова тағайындалды. Кафедрада бүгінгі күні 60 cтудент бар», – деп хабардар етті.
Жаңадан ашылған «Көне музыкалық аспаптар» кафедрасына шығармашылық табыс тілейміз. Бұл қадам дәстүрлі музыканың насихатына әрі зерттелуіне үлес қосып, жаңа шығармашылық белестерді бағындырады деген сенімдеміз.
Рүстем НҮРКЕНОВ, күйші, зерттеуші