Қазаннан табылған қазына: Жаяу Мұсаның жаңа өлеңдері

Бүгінгі күні ғаламторда әнші мен күйші жайлы ақпарат көп болса да, дені тек бір абзацтық өмірбаянынан аспайды.

Бүгінгі тілге тиек етіп отырған Жаяу Мұса  жайлы дерек те сол. Бірлі-жарым зерттеу мақала демесеңіз, сол баяғы «Ақсиса» әнінің авторы деп қысқаша ғана қайырады. Өз заманында Шорман әулетінен қиянат көрсе де, Мұса Байжанұлының көргені мен білгені көп еді. Сондықтан оқырманға Жаяу Мұса жайлы бір мақаланы толық ұсынсақ дейміз. Біздің пікірімізше, бұл мақала қарапайым оқырман мен ән-күйді зерттеуші қауымға аса қызықты болады. Өйткені өнерпаз жайлы көп айтылмайтын, аз жазылатын өмірінің тұстары жайлы деректер бар.

Мақала авторлары – тіл мамандары Жұмат Досқараев (1887-1972) пен Шора Сарыбаев (1925-2018). «Қазақ ССР Ғылым академиясының («Хабаршы» №9) журналында жарияланған» деп көрсетілген. 1955 жылы жазылған. Біз бұл мақаланы «Сарыбаев Ш. Қазақ тіл білімі мәселелері. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2000» жинағынан алдық. Жинақта профессор Ш. Сарыбаевтың әр жылдарда жазылған ғылыми еңбектері енгізілген.

Жаяу Мұсаның жаңадан табылған өлеңдері

Жаяу Мұса – халық арасына көп тараған қазақтың белгілі өлеңші, әнші. Бірақ осы күнге дейін оның өлеңдері мен әндері толық жиналып, зерттелмей келеді. Жаяу Мұсаның өлең, әндері көр. Олардың бір бөлігі Қазақ ССР Ғылым академиясының кітапханасында сақтаулы. (Мысалы, «Он екі жыл айдың Тобыл жаққа», «Мен не қылдым?», «Баянауыл басынан бұлт кетпес», «Үйімнен ала жаздай шай татпадым» тағы басқа өлеңдері).

Жаяу Мұсаның енді бірқатар өлеңін жуырда Қазанға барғанда В. И. Ленин атындағы университеттің ғылыми кітапханасының қолжазба қорынан кездестірдік. Бұл – көлемі 50 беттік Жаяу мұсаның өз қолымен жазған қолжазба дәптері.

Бұған оның ірілі-ұсақты бірнеше өлеңдері енген. Қолжазбаның бір жерінде Жаяу Мұса:

«Ішінде Қоян жылы жаздым мұны, 

Тарихы мың сегіз жүз де сексен жылы» – деп өлеңдерінің жазған мезгілін де көрсеткен.

Қолжазбада «Бөрібай хақында», «Дүниенің жаратылған уақиғасы», «Кітап-ул Орман Олжабай», «Қоңтажы әңгімесі», «Қолбасылар хикаясы», «Қазақ уалаяты арқаға шығып хан сайлау» және тағы басқа өлеңдері бар.

1860 жылы Жаяу Мұса қазақтың ірі феодалдарынан (Шормановтардан және тағы басқалардан) зорлық-зомбылық көріп, қудалауға ұшырады. Олардан қашып Жаяу Мұса Омбыға барып, Мұса Шормановтың үстінен арыз береді. Князь оның арызын тыңдамай Шормановтың сөзін сөйлеп, Жаяу Мұсаны он екі жылға Тобылға айдап жібереді. Осы оқиғаға байланысты ақын:

«Он екі жыл айдадың Тобыл жаққа,

Ем болмас бастан бағың таяр шақта.

Дуанбасы мен өзім деме, Мұса,

Балаң кетсін тоз-тоз боп әр тарапқа», – дейді.

Табылған өлеңдерінің бірінде Жаяу Мұса Шормановтардың озбырлығын, оған көрсеткен қысымын және өзінің айдауда жүргендегі өмірін қысқаша баяндайды. Өзінің қуғынға ұшырып, Қазан, Санкт-Петербург, Москвада болғандығын айтады. Сонымен қатар:

«Тылында Варшава, Литва поляктардың,

Соғысын гвардиямен жүріп көрген», – деп өзінің Варшава мен Литвада болғандығын білдіреді. Жаяу Мұса Черняев әскеріне еріп, Аягөз, Семей, Алматы арқылы Шымкентке барған сапарын да баяндайды. (Араб жазуымен жазылған, фотокопиясы бар).

Осы өлеңінде Жаяу Мұса қазақ тарихына байланысты кейбір мәліметтерді береді:

«Бір мың жеті жүз жыл еді елу бірде,

Қазақ елі дәл үшке тарайды енді.

Үш жүз деп қазақ жұртына қойылып ат,

Арқаға көшіріпті таман елді.

Арғын көшті Орта жүз бері қарай,

Алшын Үйсін көшіпті жанамалай,

Момын ұғлы Көкшетай келгеннен соң,

Келіпті Әлмембетке хан Абылай…»

(бұл жерде авторлар «Момын ұғлы – Солтүстік Қазақстан, Көкшетау облыстарын қоныстанған елдер» деп ескертпе сөз жазып кеткен – ред.)

«Бөрібай хақында» деген өлеңінде Жаяу Мұса баланы сағынып көргендігін, өмірінің ұзақ болуын тілеп:

«Бірінші есімі Бөрібай шаһы,

Бипарзантсыз жүрдім ғапы.

Сейсенбі күн жаһаз құрал,

Зейнетпен келді алтын сапы», – дейді.

Бұл өлеңнің әрбір шумағынан кейін:

«Ей, Бөрібай, Бөрібай,

Ғұмыр берсін бір құдай.

Рухы мадат ұл болсын,

Орман-ул Олжабай», – деген қайырмасы қайталанып отырады. Осыған қарағанда бұл өлеңнің өзіне тән әні болғандығы бақалады.

Жаяу Мұса Шормановтардан соққы көріп, қуғынға ұшырып жүрген кезде баласы Бөрібай 7 жасында қайтыс болады. Сондағы Жаяу Мұсаның қапаланып, қайғырып: «Әй, Бөрібай, Бөрібай, Өмір берсін дер едім…» деп бастайтын өлеңі осы күні Қазақ ССР Ғылым академиясының Ғылыми кітапханасында сақтаулы.

Жаяу Мұсаның жаңадан табылған қолжазбасындағы өлеңдеріндегі көбі атақты Олжабай батырдың өмірін, оның кедейлігін, соғыстағы ерлігін суреттеуге арналған. Өлеңдерде батырдың туған жылына дейін (1709 ж.) мәлімет бар.

Олжабай батырға арналған бір өлеңінде Жаяу Мұса оның жас кезіндегі кедейліктен мұқтаж болып, нағашысы Қарадайға келіп, бірінші рет соғысқа қатысып, атағы шыққанын баяндайды. Үлгі ретінде сол өлеңнен үзінді берейік:

«... Тақыр жарғақ үстінде,

Жыртық бояқ көйлегі.

Шүберектен дәгі жоқ,

Тұрады шалбар қаудырлай.

Елтірі бөрік тысы жоқ,

Пормы жаман малақай.

Етігі жоқ шарқы бар,

Жағады оған күнде май.

Жалы жоқ арық көк бесті

Ер тоқымының жаманы-ай!

Нағашысы Қарадайда жүрді бала,

Қалмаққа қол жыйылды кеңес қыла,

Балаға қылды жарлық айтпаңыз деп,

Ол білмей қалды бала недүр шара.

Іш біліп сыртына шығармайын,

Қап деп қалды бала ызалана.

Арғынның бір жетімін кетті тастап,

Өліп қалар құнды деп мұны жас деп.

Балаға қол кеткен соң бір ой түсті,

Жүреді бақ қонарда тәңірім бастап.

Көк бесті алты жасар жақсы ат болды,

Қол кетпей көк бестінің тілін буды.

Қырықтықты уыққа саптап алып,

Ізімен бес күннен соң қолды қуды.

Алты күнде сол қолға түнде барып,

Көп қолға от жіберіп салды дуды.

Бел жаққа шауып шықты қатты айғайлап,

Қаһармен қышқырады Олжабайлап

Шытырмақ бұлаң-талаң болды ғәскер,

Айқаймен баланы алды көп қамалап,

Қараса содан басқа ешбір жан жоқ,

Келді алып Қарадайға көп жамандап.

Қарадай бек қиналды қылығына,

Айтса сөз кірмейтін екен құлағына.

Болмас-ты елге жіберіп бұл баланы,

Тапсырып қол басыға берді яна.

Яхши боп ат күзетіп көп күн жүрді,

Тауына Бақанастың түнде кірді.

Ай қараңғы сол түні жатқанында,

Екінші Олжабайлап өрт жіберді.

Қол қалды жанған отпен ғапаланып,

Ауыр қол быт-шыт болды шырқ айналып,

Азық-сайман әммесі от астында,

Көбісі қалды сонда атқа жанып.

Еш адам оттан басқа таба алмады,

Шошынып бір-біреуге қарамады.

Қашқан адам бәрісін қалмақ ұстап,

Келгенін бұл әскердің қабарланды.

Жиылды барабандатып барша қалмақ,

Шықты көп ғәскер сайдақ-санжақ.

Қазақ қолы қалмақты көрген халде,

Бір шеттен келді бала алақ-салақ.

Өз есімін Олжабайлап ұран қылды,

Ойнайды аттан ауып ол жақ, бұл жақ.

Кез келіп Қарадайға берді сәлем,

Келді жау кернейлетіп білгіл тағам.

Менде жоқ жабдық-құрал қуатым бар,

Күндеме жауды алсам сіздер дауам.

Қырықтық найза қолымда, сабы уық,

Тұп-тура келді қалмақ қоға жуық.

Жабдығы алтын беренді ту ұстап тұр,

Жарқ-жұрқ жауһар түсі суық.

Суында Аягөздің қол жиылды,

Батырлар темір сауыт қатлау киді.

Сап тартып, рет түзеп батырлары,

Аттарын құрал жабдық бек түзеді…

Жаяу Мұсаның өлеңдерінде тіл зерттеушілерге де керекті кейбір лексикалық қабаттар сақталған. Жаяу Мұса ескі кітаби тілде жазылған әдебиеттермен жақсы таныс болған болу керек. Сондықтан оның өлеңдерінде ұғлы, жиһаз, тағам, шаһы, мадат, барша, яхши сияқты кітаби тілге тән сөздер жиі кездеседі. Оның өлеңдерінде қатлау, Қоян жылы, керней, бояқ сияқты архаизмдер де бар. Жаяу Мұса – Қазақстанның әр жерінде болған адам. Соған байланысты оның тілінде көбісі, бәрісі, сайдақ-санжақ, шарқы, білгіл сияқты диалектизмдер де ара-кідік кездесіп отырады.

Халық арасына өлең-әндері көп тараған Жаяу Мұса сияқты әнші, өлеңшілердің әдеби және музыкалық мұраларын әлі де болса іздестіріп жинау керек. Олардың бұл мұраларын зерттеп, бастырып шығару ісін қолға алатын мезгіл жетті.

Бұған дейін  Құрманғазы мен Лавочкин түрмеден қалай қашып шыққаны туралы жазған болатынбыз. 

Рүстем НҮРКЕНОВ, күйші, зерттеуші