Атырау қаласы маңындағы Береке ауылында үш бала Жайық өзеніне батып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайғылы оқиға бүгін сағат 17:25-те болған.
"2024 жылғы 26 тамызда сағат 17:25-те Атырау қаласы маңындағы Береке ауылында үш бала Жайық өзеніне батып кеткені туралы шақырту келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар 2008 жылы туған ұл балалардың белгісіз жағдайда жабдықталмаған орында суға түсіп, батып кеткенін анықтады. Атырау облысы ТЖД сүңгуірлері сағат 18:25-те екі жасөспірімнің мүрдесін судан шығарды", – деді Атырау облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобынан.
Үшінші жасөспірімнің денесін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Атырау облысы ТЖД сапынан 18 құтқарушы, 4 бірлік техника, 5 жүзу құралы жұмылдырылды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.