«Домбыраны мұндай биіктікке көтеру оңай емес. Домбыра жеңіл болғандықтан, сынып қалуы мүмкін. Сол себепті 10 сағаттық жолда суықтан сынып қалмасын деп жылы орап, сөмкеге салдым. Біздің киелі домбыраны әлемге паш етіп, таныстырғым келді», – дейді елордалық Әлібек Қайырбек.
Әлібектің әкесі ұлының үйдің үлкені екенін айтып, бала жасынан домбыраға әуестеніп өскенін атап өтті.
«Көкшетауда туып-өсті, облыс орталығындағы №19 орта мектепте оқыды. 9-сыныптан соң Астана қаласындағы ұлттық өнер университеті жанындағы музыка колледжінің домбыра бөліміне оқуға түсті. Одан әрі білімін «Шабыт» ұлттық өнер университетінде жалғастырды. Оны бітіріп, қазір Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының халық аспаптар оркестрінде домбырашы болып жұмыс істеп жүр», – дейді жігіттің әкесі.
Айта кетсек, әлеуметтік желіде Ақмола облысының тумасы Әлібек Қайырбек есімді домбырашының Эльбрус шыңында Құрманғазының «Адай» күйін орындағаны туралы бейнеролик тарап, көпшіліктің таңданысын туғызды.