«Қазір ел аумағында жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырым болатын 17 ақылы автожол учаскесі бар. Бұл учаскелер 2013-2023 жылдар аралығында кезең-кезеңімен пайдалануға берілді. Олардың ішінде «Астана-Щучинск» (211 шақырым), «Астана-Теміртау» (134 шақырым), «Алматы-Қонаев» (42 шақырым), «Алматы-Қорғас» (295 шақырым), «Астана-Павлодар» (375 шақырым), «Қонаев-Талдықорған» (186 шақырым), «Тараз-Қайнар» (238 шақырым), «Шымкент-Қызылорда» (447 шақырым), «Шымкент-Тараз» (90 шақырым), «Шымкент-Ташкент» (84 шақырым), «Щучинск-Көкшетау» (61 шақырым), «Павлодар-Қалбатау» (453 шақырым), «Бейнеу-Ақжігіт» (85 шақырым), «Орал-Самара» (56 шақырым), «Павлодар-Омбы» (198 шақырым), «Көкшетау-Петропавл» (169 шақырым) және «Орал-Саратов» (99 шақырым) сияқты маңызды магистралдар қамтылды. Атап айтқанда, биыл жол-жөндеу жұмыстарының аяқталуына қарай жалпы ұзындығы 2,2 мың шақырым болатын автожолдың 11 қосымша учаскесінде ақылы жүйені енгізу жоспарланған», – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Осы учаскелердің ішінде мына жолдар қамтылған: «Қызылорда-Арал» (455 шақырым), «Ақтөбе-Мәртөк» (92 шақырым), «Қостанай-Троицк» (163 шақырым), «Ақтау-Бейнеу» (454 шақырым), «Қостанай-Денисовка» (169 шақырым), «Шу-Бурылбайтал» (184 шақырым), «Үшарал-Достық» (180 шақырым), «Балқаш-Бурылбайтал» (91 шақырым), «Қандыағаш-Мақат» (332 шақырым), Тараз қаласын айналып өту (57 шақырым) және Қарағанды қаласын айналып өту (48 шақырым) жолы.
«Бұл жолдарда ақылы жүйені енгізу олардың жағдайы мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қазір жалпы ұзындығы 710 шақырым, яғни «Қызылорда-Арал» (455 шақырым), «Ақтөбе-Мәртөк» (92 шақырым) және «Қостанай-Троицк» (163 шақырым) автожолдардың үш учаскесінде ақы алу жүйесін (ААЖ) енгізу бойынша нормативтік-құқықтық актілердің (НҚА) жобалары әзірленді. Осы учаскелерде ААЖ енгізу биылдың 1 қазанынан басталады деп жоспарланған», – делінген министрлік ақпаратында.