Жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және олардың күнделікті өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, Бесқарағай ауылында «Жайлы мектеп» республикалық жобасы аясында жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. 300 оқушыға есептелген екіқабатты жаңа мектеп, Ұлттық жоба стандартына сәйкес заманауи техникамен жабдықталмақ. Сонымен қатар ауданда 11 медициналық нысанның құрылысы басталды. Оның алтауы фельдшерлік пункт, төртеуі дәрігерлік амбулатория, біреуі фельдшерлік-акушерлік пункт. Сондай-ақ бағдарламада жұмыс істеп тұрған медициналық мекемелерді жаңарту қарастырылған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан тағы бір маңызды нысан – үш жолақты бассейн. Қазір жертөле блоктарын монтаждау аяқталып, гидроизоляция жұмысы жасалып жатыр.
Ал Бородулиха ауданы Бақы ауылдық округінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көшелер жарықтандырылып жатыр. Қолға алынған жоба көшелерді жарықтандырып қана қоймай, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп отыр. Жоба «Коростелевское» ЖШС басшысы Ерлан Ертаевтың қолдауымен жүзеге асырылуда. Әлеуметтік жобалар бойынша республикалық «Парыз» байқауының лауреаты атанған бұл кәсіпорын көше бағаналарын орнату, кабель сатып алу және монтаждау жұмыстарын өз мойнына алды. Ауылды жарықтандырудың жалпы ұзындығы 3 250 метр болатын төрт көшені қамтиды. Бүгінде жарық бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес осы ауданда бейнебақылау жүйесін орнату басталды. Қазір «Транстелеком» мекемесі аудан орталығында 48 Hikvision бейнекамерасын қосуға арналған жабдықты орнатып жатыр. Сонымен қатар аудандық полиция бөліміне радиобайланыс пен мониторлар орнатылды. Оның ішінде 15 камера 360 градус көру радиусымен қамтылған. Барлық жазба 30 күн бойы сақталады.
Камералардың негізгі қызметі – қылмыс пен құқықбұзушылық деңгейін төмендету, болған қылмыстардың ашылуына көмектесіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету. Бүгінде ажыратқыштар мен жабдықтары бар шкафтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Жезкент кентіне де бейнебақылау жүйесін орнату жоспарда бар.
Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында Бесқарағай, Жарма және Үржар өңірлерінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Демеушілер оқушыларды қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, қолдау білдірді.
Бесқарағай ауданында «Қазақстандағы адвентистерге көмек және даму агенттігі» қайырымдылық қорының басшысы Владимир Михайлов пен «Бірлік» қоғамдық ұйымының жетекшісі Сақан Әубәкірова жалпы сомасы 3 822 700 теңгеге оқу құралдарын ұсынып, аз қамтылған отбасылардан шыққан 253 балаға көмек көрсетті. Жарма ауданында «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры Кеңпейіл Исаев 194 студентке 1 194 928 теңге қаржы бөліп, көмектесті. Үржар ауданында «MED365» ЖШС директоры Шыңғыс Құлахметов аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан 30 балаға жалпы сомасы 450 000 теңгеге мектеп құралдары мен сөмкелер табыс етті.
Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қасиетті сөз бар. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қолайлы орта құруға жағдай жасау азаматтық борыш саналады. Ауыл – ел бесігі, қазақтың алтын тамыры. Сондықтан ауыл көркейсін, ауыл өркендесін.