Қазақстанда АЭС-ті дамытуға көмектескіміз келеді – Қытай Ұлттық ядролық корпорациясының вице-президенті Чао Ган

Спикер өз сөзінде атом электр стансаларын салуға инновациялық тәсілдердің маңызын және атом энергетикасының сенімділігі мен орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған күшейтілген қауіпсіздік шараларын атап өтті.

Астанада өткен "ҚазАтомЭкспо" Халықаралық ядролық энергетика көрмесінде Қытай Ұлттық ядролық корпорациясының (CNNC) вице-президенті Чао Ган Мырза атом энергетикасы саласындағы ағымдағы жобалардың негізгі аспектісін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 


Спикер өз сөзінде атом электр стансаларын салуға инновациялық тәсілдердің маңызын және атом энергетикасының сенімділігі мен орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған күшейтілген қауіпсіздік шараларын айтты.

Бірінші кезекте, Чао Ган қытай тарапының Қазақстанға атом энергетикасын дамытуда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екені туралы хабарлады.

"Қазіргі уақытта Қытайда жұмыс істеп тұрған 57 атом электр стансасы бар. Сонымен қатар 47-сі құрылыс сатысында тұр. Қытайлық АЭС алаңдарымен танысуға мүмкіндік бар. Қазақстан мен Қытай бұрыннан көрші. Қытай АЭС құрылысы саласындағы өз білімін бөлісе алар еді, сондай-ақ бізде ядролық сала үшін тұрақты жеткізу тізбегі бар. Біз өз тарапымыздан Қазақстанға үнемді, сенімді АЭС-ті дамытуға көмек көрсеткіміз келеді", – деді Чао Ган.

Жақында қазақстандық сарапшылардың Қытайға сапарына ерекше назар аударылды. Бұл екі ел арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңі болды. Қазақстандық мамандар бірқатар нысанды аралап, АЭС салу мен пайдаланудың озық әдістерімен танысты.

"Біздің бағдарламаларымыз ядролық саладағы кадрларды дамытуға, болашақта Қазақстан өзінің АЭС-тің сенімді, білікті жұмысын қамтамасыз етуі үшін адами ресурстарды дамытуға бағытталған. Қазақстандық делегация Қытайда болып, атом электр стансасының құрылысы қалай жүріп жатқанымен танысты. Олар сондай-ақ трениңді, оқуды бақылау мүмкіндігіне ие болды", – деді  Қытай Ұлттық ядролық корпорациясының (CNNC) вице-президенті Чао Ган.

Чао мырза заманауи атом электр стансаларының кешенді қауіпсіздік шаралары, соның ішінде ядролық қалдықтарды қайта өңдеу әдістерінің арқасында тәуекелдің аз болатынын меңзеді.

"Көбіне тәуекел ядролық қалдықтарды қалай қайта өңдеуге, одан әрі не болатынына және қоршаған ортаға қандай ықпал ететініне қатысты мәселелермен байланысты. Қытайда АЭС қоршаған ортаға еш әсері жоқ деп сенімді түрде айта аламын. Өйткені бірнеше онжылдықтар бойы шағын, орташа және жоғары ықпал ететін сынақтар жүргізілді. Қазіргі уақытта мұндай әсер байқалмайды", – деп атап өтті Чао мырза.

Спикер атом электр стансаларының қызметі мен қауіпсіздік шаралары туралы жұртшылықты хабардар етудің маңызын баса айтты. Оның пікірінше, халықтың заманауи технологиялар мен процедуралар туралы хабардар болуы қоғамда сенімді қалыптастырудың негізгі факторы екені анық.

"Халықаралық қоғамдастық бұл мәселеде халықпен ашық болуы қажет. Жоғарыда айтқанымдай, Қытайда 57 белсенді атом электр стансасы бар. Әрине, бізде ядролық қалдықтарды қайта өңдеуге арналған арнаулы қондырғылар бар. Кәсіби қоғамдастықпен ғана емес, халықпен де өзара іс-қимылдың маңызын атап өткім келеді: Мақсатым  – халықты осы мәселемен хабардар ету. Шын мәнінде, атом энергетикасы – жалғыз шешім емес, бірақ климаттың өзгеруінің негізгі шешімдерінің бірі. Алдағы жоспар 2060 жылға қарай көміртегінің бейтараптығына қол жеткізу. Мұны біздің халық та түсінеді", – деп сөзін аяқтады Чао Ган.