Партияның өңірлік филиалында өткен тақырыптық қабылдауға заңгерлер, адвокаттар, медиаторлар, облыстық білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, әділет департаментінің қызметкерлері қатысып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады.
Балалардың қауіпсіздігін қамту, олардың заңды мүдделерін қорғау – «AMANAT» партиясы айқындаған басымдықтың бірі. Бұл бағытта «Бақытты отбасы» жобасын іске асырып, отбасы институтын нығайтуға арналған іс-шараларды атқарып келеміз. Соның ішінде, балалардың құқықтарын қорғау, олардың лайықты біліммен, тәрбие жұмыстарымен қамтылуын үйлестіру міндеттерін атқарып отырмыз. Бүгінгі қоғамдық қабылдауда балалардың жаңа оқу жылына дайындығы бойынша кездесетін түйткілді мәселелерді қарастырып, тұрғындардың әлеуметтік сұраныстарына қатысты сауалдарының құқықтық реттеу тетіктері таразыланды.
Қабылдауға келген тұрғындар тарапынан атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылу, алимент өндіру, баспана алу кезегін жылжыту, денсаулық жағдайына байланысты мүгедектікті тағайындау, азаматтық неке бойынша әкелікті тану мәселелері көтеріліп, оларды оң шешудегі талап-тәртіптер түсіндірілді. Тұрмыстық қалдықтар шығаратын компанияның келісімшарт негізінде ғана қызметақы алуын міндеттеу, жастардың экологиялық санасын көтеру, учаскелік полиция инспекторының жұмысын ширату мәселелері бойынша шағымдар айтылып, олар партия өкілдерінің бақылауына алынды.
Партия алаңына әділдік сұрай келген Түркістандық үй комитетінің төрайымы Гүлнәр Абубакирова «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдап, өзінің жауапкершілігіне алған тұрғын үй ауласында тұрғындарды жұмылдырып, апта сайын тазалық жұмыстарын атқарып жатқандықтарын айтты. Дегенмен, ортақ іске кедергі келтіріп, айналаны күл-қоқысқа толтырған тұрғынға ескерту білдіргені үшін, учаскелік полиция инспекторы өзін қысымға алғаны жөнінде шағымын білдірді. Өзі кәсіпкерлікпен айналыса жүріп, сол аумақтағы кәсіпкерлердің басын біріктіріп, демеушілік ұйымдастырып, балаларға қажетті оқу құралдарын жинақтап, көмек көрсеткендерін де айтып өтті.Қоғамдық маңызы бар істерді жүргізуге ұйытқы болып, жанашырлық қасиеттерді дәріптеп жүрген азаматтарды қолдауымыз қажет. Бұл мәселені партияның облыстық филиалы өз бақылауында ұстап, мән-жайды анықтайтын болады.
Ал Үмида Абдуллаева атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмай жатқандықтан балаларына киім алу үшін қаржы таппай жатқанын айтып, шағымданды. Қабылдау барысында бұл мәселені жіті қарастырған мемлекеттік органдардың өкілдері, тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалатыны жөнінде хабарлап, мектеп формасы үшін әр балаға берілетін 43 407 теңге жақын күндері есепшотына аударылатынын мәлімдеді. Көпбалалы ана мәселесінің шешім табуына жәрдемші болған аманаттық өкілдерге алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Парламент Мәжілісінің спикері, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың бастамасымен қолға алынған «Халықтық көмек» жобасы, осылайша тұрғындарға нақты көмегін ұсынатын, құқықтық сұраныстарына жауап беретін маңызды жобаға айналды. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатын болады.
Алтынсары Үмбетәлиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты
Жазып алған Н.Назарбек