Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Снежанна Имашева "Барбастау – Ақжайық – Индер" автомобиль жолын қайта жаңарту жұмысының барысымен танысты,-деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, қазақстандықтар жолдың сапасыздығына орынды шағымданады. Батыс Қазақстан облысы бойынша атап өтетін болсақ, нормативтік жағдайда Республикалық маңызы бар автожолдардың үлесі 73%, ал жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 52% құрап отыр. Мәселені шешу үшін ағымдағы жылы барлық мәндегі 576 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған. Атап айтқанда, "Барбастау – Ақжайық – Индер" трассасын қайта жаңартуға 8,3 млрд теңге қарастырылған. Мердігерлер осы жылдың соңына дейін автожолды пайдалануға бере ала ма, жоқ па деген сұрақтарға Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Снежанна Имашева жауап іздеді.
«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы жалпы 4 бағыттан тұрады. Аталмыш бағдарламаның «Өмір сапасын арттыру», яғни екінші бағытында жолдардың сапасын жақсарту негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Сондықтан оның сапалы әрі өз уақытында аяқталуын партия өз бақылауында ұстап отыр.
Атаулы жолдың қайта жөндеу жұмыстары осы жылы басталып, ағымдағы жылдың күз мезгілінің соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
- «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында біз бүкіл ел аумағындағы инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеміз деген уәделердің бірі болды. Бұл электр, су және жол. Осыған байланысты республикалық жолдар, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар жөнделеді деген уәде бар. Осы сайлауалды бағдарламаның орындалуының арқасында әрбір өңірде «AMANAT» партиясы тарапынан партиялық бақылау жүзеге асырылатын нақты объектілер көрсетілген жол картасы бар. Бүгінгі нысан – бұл облыстық маңызы бар жолдардың бірі, оның құрылысы тұрғындарға уәде етілген. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары аяқталуда, биыл бұл жол пайдалануға берілуі керек. Жалпы Батыс Қазақстан облысы бойынша жол көрсеткіші ең нашар көрсеткіштердің бірі болып табылады, сондықтан партия 2027 жылға дейін жолдардың көрсеткішін 46%-дан 73% - ға дейін жеткізуге уәде берді. Міне, осындай партиялық уәде болды және бүгін біз оның қалай орындалатынын көріп отырмыз, - деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.
Айта кету керек, 2019-2023 жылдары өңірде 1 мың шақырымнан астам жол жөнделді. Нәтижесінде нормативтік жағдай 28 пайыздан 52 пайызға дейін жеткізілді. Сондай-ақ, 900 шақырымға жуық аудандық маңызы бар жолдар мен кентішілік жолдар жөнделді.
Құрылыс нысанының бас мердігері – «Uniserv» компаниясы, ал тапсырыс беруші жергілікті билік өкілдері.
«Біздер ең бірінші кезекте сапаға баса назар аударамыз, оған дәлел біздің компания салған республика бойынша басқа да республикалық, облыстық маңызы бар жолдарға ең кемі 10 жыл. Аталмыш автожолды, яғни 50 шақырым автожолды ғымдағы жылдың күз мерзімінің соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Су тасқыны салдарынан кішкене кешігіп келе жатырмыз, бірақ уақытылы, әрі сапалы етіп тапсыруымыз қажет, - деді «Uniserv» компаниясы бас директоры Дінмұхаммед Сәтбаев.
Сонымен қатар, «Самара – Шымкент» тас жолының құрылысы да тексерілді. Атап айтсақ, 330 – 369 шақырымда орналасқан жол учаскесінің орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігер компания – «ДСК - приоритет». Аталмыш нысандағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.
Мәжіліс депутаты құрылыс жұмыстарын жіті қадағалап, оның уақытылы, әрі сапалы орындалуын бақылауда ұстайтындарын айтты.