Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын Қазақстан халқына арнады. Жолдаудағы маңызды жайттарға қатысты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Тасжүреков Ербол Қуанышұлы өз пікірін білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бүгін Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығында артық сандарды қосудан, деректерді бұрмалаудан бас тартуды тапсырды. Бұған байланысты арнаулы комиссия құрылған еді. Вице-министр әуелі осы жөнінде сөз қозғады.
– Шынында да, Мемлекет басшысы өз сөзінде дұрыс емес деректер ауыл шаруашылығындағы нақты жағдайды бағалауды қиындататынын атап өтті. Статистика деректерін нақты жағдайға келтіру жұмыстары биыл басталды. Бастапқыда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров тіркеу мәселесі туралы өткен жылдың соңында Мемлекет басшысына баяндады, содан кейін Президент статистикалық деректерді өзектендіру бойынша арнаулы комиссия құруды тапсырды.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2 миллион бас ірі қара, 3 миллион тонна сүт есептен шығарылды. Бұл сандар индикаторларды тіркеудің бірнеше жылында жинақталған. Көп жағдайда тіркеулер статистикалық есептілікті өз бетінше тапсыра алмайтын жеке қосалқы шаруашылықтар туралы деректерді бұрмалау есебінен жүзеге асырылады.
Мұнда қосалқы шаруашылықтар (ЖҚШ) субсидия алмайтынын, мемлекеттік қолдау шаралары ұйымдасқан шаруашылықтарға бағытталғанын атап өткім келеді. Алайда жеке кәсіпкерлікті кооперативтерге біріктірген жағдайда, тіркелген малға субсидия алу тәжірибесі бар. Мысалы, Алматы облысында ауыл шаруашылығы кооперативі 45 млн субсидия алып, басқа ауданның жануарларын жатқызған.
Мұндай фактілерді болдырмау мақсатында Министрлік мемлекеттік қолдауды алу, өнімнің есебін жүргізу және қадағалау процестерін цифрландыруды жүргізіп жатыр.
Өсімдік шаруашылығында бұл бағыттағы жұмыс егін жинау науқанынан кейін аяқталады. Тиісті деректер ішкі нарықты реттеу бойынша жоспарлау сапасын және шешім қабылдауды жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді вице-министр Е. Тасжүреков.
Сонымен қатар сарапшы АӨК қаржыландыру процесіне екінші деңгейдегі банктерді белсенді тарту туралы пікірін айтты. Аталған бағытта қандай шаралар қабылданатынын да тілге тиек етті.
– Фермерлердің қаржыландыруға қол жеткізуін тежейтін негізгі фактор нарықтық қаражатты тартудың қымбаттығы болып табылады, ол жоғары коммерциялық сыйақы мөлшерлемелерінде көрінеді – жылдық шамамен 21-22%. Көптеген АӨК субъектілері үшін мұндай мөлшерлеме қиындық тудырады.
Тағы бір мәселе – фермерлерде кепілзаттың болмауы.
Қолданыстағы қолдау тетіктері шеңберінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау фермер жылдық 21-22%-бен қарыз алғаннан кейін жүзеге асырылады. Мұндай жүйеде бюджеттік субсидиялардың жетіспеуіне немесе уақытылы түспеуіне байланысты АӨК субъектісі көбінесе толық мөлшерлемені (21-22%) төлеуге мәжбүр болады. Фермерде қажетті қаражаттың болмауы себебінен мерзімі өткен міндеттемелер туындайды, олар 90 күннен артып, ол субсидиялау бағдарламасынан шығарылуы мүмкін. Нәтижесінде АӨК – проблемалық қарыздар портфелі артып келеді.
Осыған байланысты, екінші деңгейдегі банктерді АӨК-ні кредиттеуге тарту мәселесін сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау құралын қайта қарау есебінен жүзеге асыру жоспарланып жатыр. Осылайша, сыйақы мөлшерлемесін арзандатуды фермерге қарыз бергеннен кейін емес, банктердің фермерлерге несие беру үшін коммерциялық қаражат тарту сатысында жүзеге асыру жоспарлануда.
Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеу кезінде фермерлер бірден арзандатылған қарыз алған кезде сыйақы мөлшерлемесін арзандатудың осындай тетігін қолданды. Кейіннен оны қолдану лизингті қаржыландыру бағытына кеңейтілді, бұл фермерлерді субсидиялау қажеттілігінсіз ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5%-бен беруге мүмкіндік берді.
Келесі жылы осыған ұқсас айналым қаражатын сатып алуға қайта өңдеу кәсіпорындарын жеңілдікпен қаржыландыру іске қосылады, – деді ол.
Мемлекет басшысы сөз арасында тек пайда табатын, бірақ ауыл тұрғындарына, олардың өміріне мән бермейтін кейбір жер пайдаланушыларды сынға алды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бұл мәселеге де тоқталды.
– Өкінішке қарай, мұндай тәжірибе бар. Өсімдік шаруашылығындағы бизнес маусымдық сипатқа ие, сондықтан жыл бойы халықты жұмыспен қамту үшін мал шаруашылығымен айналысу дұрыс. Бұл бизнесті әртараптандыруға ғана емес, адамдарға тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығында әлеуметтік жауапты бизнес бар. Жақында ғана ауылдарды дамытудың табысты тәжірибесі Қызылорда облысындағы республикалық семинар-кеңесте талқыланып, өз үлестерін қосқан бірқатар фермер марапатталды. Міндет – мұндай тәжірибені насихаттау және кеңейту.
Мал шаруашылығын дамыту үшін бірқатар бағыттар СҚО тәжірибесі бойынша жеңілдетілген кредит беру бағдарламасына енгізілген, мал өсірушілер асыл тұқымды іс үшін, қайта өңдеуге тапсырылған өнім үшін субсидиялар алуға мүмкіндігі бар, – деді вице-министр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.