Шығыс Қазақстан облысында шахтада қаза тапқан жұмысшылардың отбасына қажетті көмек көрсетіледі. Қазір арнайы құрылған комиссия қайғылы жағдайдың жай-жапсарын анықтап жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқыс жағдай 31 тамыз күні Ертіс шахтасында болған еді. Газдан улаған төрт жұмысшы оқиға орнында қаза тапты. Оның екеуі аталған шахтаның жұмысшысы болса, енді екеуі мердігер ұйым қызметкерлері. Ал зардап шеккен бесінші адам ауруханада жатыр. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Марқұмдардың отбасына барлық көмек көрсетілетін болады.
Облыс әкімі, қызмет барысында көз жұмған жұмысшылардың жақындарына қандай көмек қажет екенін анықтау үшін жедел-штаб құрылғанын жеткізді.
– Тергеу жүріп жатыр. Осындай қайғырып отырған кезде қолдау — бірінші мәселе. Кішкентай нәресте, балалары бар. Оларға қандай көмек бере аламыз? Қалай көмектесеміз, не істейміз? Сол жағын ойластыру керек. Оны бостан-босқа қалдырмаймыз. Баршамыз жабылып, қолдан келгенді орындаймыз, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.