Қазақ жазушысы үздік романы үшін өмір бойы ай сайын 500 доллар сыйақы алатын болды

Биыл аталмыш конкурсқа 40 роман ұсынылған.

Елімізде үшінші рет ұйымдастырылған Қазақстан туралы үздік роман байқауының жеңімпазы анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Mecenat.kz байқауының жеңімпазы – «Өмір бәйтерегі» романын жазған белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Сәуле Досжан. 

Туынды конкурста көпшіліктің даусымен үздік деп танылды. 

Автордың өзі романның жеті жыл жазылғанын айтты.

«Ерекше әдеби байқауының жеңімпазы атанғаныма қуаныштымын. «Өмір бәйтерегі» романын жеті жыл бойы жаздым. Ұлттық кодымызды, қан тазалығын, әлемде қазақта ғана бар «жеті ата» шежіресінің дала төлқұжаты екенін дәлелдеп, жастарға түсіндіру үшін әр тарауды жеті қайтара оқып шықтым. Айта кетейін, бұл менің жетінші романым», - деді Сәуле Досжан. 

Әдеби сыйлықтың иегері енді өмір бойы ай сайын 500 доллар сыйақы алып отырады. 

Жоба мүшесі Әлішер Рахаттың айтуынша, биыл аталмыш конкурсқа 40 роман ұсынылған.

– Байқауға барлығы 40 роман тіркелген. Оның 17-сі қазақ тілінде, 23-і орыс тілінде, бір туынды алыс шетелден түсті. Авторлардың арасында 10 кәсіби жазушы болды, – деді Әлішер Рахат.

Еске сала кетейік, бұл байқау алғаш рет 2022 жылы ұйымдастырылған болатын. Ол кезде Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы үздік деп танылған еді.