Ботай қонысынан таңғы сағат 07:00-де аттанған "Ұлы дала жорығына" қатысушы командалар алғашқы 100 шақырымды сәтті еңсеңді. Енді алда 400 шақырым жол бар.
Шабандоздар бүгінгі мәрені Ақмола облысы Сандықтау ауданына қарасты Лесное ауылында аяқтап отыр. Әзірге шалдыққан ат байқалмайды.
Алғашқы үштікте 1-болып жеткен қырғыз командасы болса, 2-болып Алматы командасы жетті. Ал 3-болып көмбеге Қарашай командасы жетті. Қарашайлықтар мәреден бесінші болып өткенін ескерсек, әзірге бұл үлкен жетістік болып тұр.
Бір айта кетерлігі, төрешілер алдағы жолдың ауыр боларын және аттар мен шабандоздар үшін ауа райының жаңбырлы болып тұрғаны жолды біршама қиындатып отырғанын айтады.
Мұнда мәре сызығынан өткен сәйгүліктердің денсаулығы мен жағдайын жіті бақылау да маңызды. Әзірге аттар аман,- дейді ветеринар Ержан Есенеев.
"Біз барлық аттарды көмбеге аман-сау жеткізсек деп ойлаймыз. Мақсат - сол. Енді қазіргі 100 шақырымдық жағдайда бәрі жақсы деп айтсам болады. Біз мәреден өткен аттардың дереу тыныс алуын тексереміз. Сосын жүрегі мен қан айналымын саралаймыз. Аттың аяқ алысын да назардан шығармау керек. Осы алғашқы бақылаудан өткен ат келесі жолға дайындалады. Ал аттың денсаулығы сыр берген жағдайда осындағы барша ветеринар тобы ақыл қосып шешім қабылдауға тура келеді",- дейді ветеринар Ержан Есенеев.
Қазір атбелгілер, шабандоздар және ұйымдастырушылар мен БАҚ өкілдері түгелдей кешкі астарын ішіп, арнайы әзірленген автобустарда түнеп, таңғы жетіде жолға шығады. Ал бәйге аттарының түнеу орындары да арнайы әзірліктен өткен. Түн салқын болатындықтан, атбегілер сәйгүліктерге жабу жауып, тер қатып қалмаудың жай-жапсарын қарастыру үстінде.
Бердібек Хабай