«Мектепке жол»: жақсылық жанды жылытады

Жаңа оқу жылының алғашқы күнінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына қолдау көрсету үшін жылдағы дәстүрлі шараға айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл да жалғасын тапты.

Мұндай бағдарламаның ұйымдастырылып келе жатқанына 15 жылдан астам уақыт болды. Қайырымды істерге толы акция еліміздің барлық өңірінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткізіледі.

Әр ата-ана оқу жылына барлық баласын сақадай сай етіп даяр­лай алмасы анық. Бұдан өзге аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар, жетім балалар, сондай-ақ ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балалар, оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдауға мұқтаж отбасыларға көмек көрсету – игілікті іс. Осыған орай өтетін «Мектепке жол» акциясы көптеген жеткіншекке қуаныш сыйлауда. Оның аясында белгілі бір санаттағы оқушыларға мектеп киімін, аяқкиімін және оқу керек-жарақтарын сатып алуға материалдық көмек көрсетіледі

Алматы қаласындағы №175 «Жаңа Ғасыр» мектеп-гимназиясында «Мектепке жол» бағдарламасы аясында 4 оқушы әлеуметтік көмек алды. Демеуші көпбалалы отбасынан шыққан 4-сынып оқушысы Раяна, Жансая Ибудаларды мектеп формасымен, 4-сынып оқушысы Кәусар Бақытты кеңсе тауарларымен және 3-сынып оқушысы Олжас Мырзаханды спорттық киім, аяқкиіммен қамтамасыз етті. Кез келген адам халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындауда атаулы көмек көрсетуде азаматтық белсенділік таныта алады, әрбір балаға шынайы қамқорлық пен назар аударуға мүмкіндігі бар.

Айта кету керек, оқушыларға көрсетілген игі істердің демеушісі – аталған мектеп-гимназия оқушысының әкесі Ханай Наринбетов.

Қалай десек те, баланы жаңа оқу жылына толық дайындау ата-ананың міндеті болғанымен, әр оқушының алаңсыз әлеуметтік қажеттілікпен қамтылып, алаңсыз білім нәрімен сусындап өскені отбасы үшін де, қоғам үшін де пайдалы. Сондықтан ата-ана баласы алдындағы өз борышын өтеу­де қандай да бір кедергіге тап болса, оған қол ұшын беру – қоғамның міндеті. «Қайырымдылық – адамгершіліктің белгісі» демекші, акция барысында көмегін аямай, оқушыларға, болашақ мамандарға қамқорлық танытқан жандардың көптігі қуантады. 

Айнұр ТҰРСЫНОВА, 

«Жаңа Ғасыр» мектеп-гимназиясы директорының 

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,

Ажар БАЗКЕНОВА, 

әлеуметтік педагог